ОҚУ ҚОРЫН ТОЛЫҚТЫРДЫ

«Қазақстан Республикасының «Барбанг» күрділер қауымдастығының Жамбыл облыстық филиалы» ҚБ төрағасы Сартиф Алиев Талас ауданы Қасқабұлақ ауылының мектебіне барып, күрд тілін үйретуге бағытталған әдістемелік оқу құралдар мен оқулықтарды табыстады.

Жергілікті мектепті оқу материалымен қамтамасыз етуді мақсат еткен шара Қазақстан халқы тілдері күніне орайластырылып, Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» республикалық қауымдастығының төрағасы Әзиз Әлиевтің тапсырмасы бойынша өткізілді.

Нәтижесінде, мектептің кітап қоры академик Князь Мирзоевтың авторлығымен күрд тілінің “ABC Alfabe” әліпбиі және «Zimanê Kurdî» оқулықтары, «Nübar» әдеби-көркем журналдары, сондай-ақ Бақытжан Жұмағұловтың академик Надир Кәрімұлы туралы жазған қосымша оқу әдебиеттерімен толықтырылды.

Айта кетейік, аталған оқу материалдары әртүрлі мектеп жасындағы балалардың деңгейіне арналған. Сондай-ақ, оқушылардың сабаққа дайындалу, жаңа білім алуы, әсіресе ана тіл мен мемлекеттік тілдерді үйренуіне пайдалы болмақ.

Аталған ауылға сапары барысында аймақтық бірлестік жетекшісі Сартиф Әлиев мектепті аралап, күрд тілінің мұғалімі Руслан Даурешовпен кездесті.