ОБЛЫСТЫҚ ҚХА АНАЛАРЫ ЖЕТІГЕНШІМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Бүгін облыстық «Анаға тағзым» отбасыларды қолдау орталығында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солисі Венера Табыс «Жетіген медитация» тақырыбында кездесу өткізді. Белгілі жетігеншімен өткен басқосуға облыстық ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері қатысып, белсенділік танытты.

Кездесуде өнер иесі өзінің авторлық медитациясын таныстырып, жетіген аспабының ерекше қасиеттеріне тоқталды. Қазақ халқының көп ішекті шертпелі аспабын заманауи музыкамен ұштастырып, музыкалық терапиямен айналысып жүрген Венера Табыс кеште «Ана махаббаты» атты авторлық әнін тамылжыта орындады.

Шара соңында барлық қатысушылар кеш иесінің сүйемелдеуімен ана тақырыбында ән шырқап, керемет күйге бөленді. Ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген Аналар кеңесінің мүшелері үшін кештің маңыздылығы жоғары болды. Кеш аясында ана тілде ән салған этнос аналары мемлекеттік тілді ән арқылы меңгеру жобасының жемісті жүзеге асып жатқандығын жеткізді.

Өз кезегінде этнос аналары да ұлттық құндылықты дәріптеп жүрген Венера Табыстың өнеріне өрлеу тілеп, алғыстарын білдірді.