ОБЛЫСТЫҚ ҚХА АНАЛАР КЕҢЕСІ “ДОСТЫҚ КЕРУЕНІНДЕ”

«Достық керуені» жобасы аясында өңірлік ҚХА Аналар кеңесі Шу аудандық Аналар кеңесімен кездесу өткізді.

Кеңес отырысын облыстық  «Қоғамдық келісім»  КММ жобаларды жүзеге асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Аққу Қаратаева ашып, жүргізді.

Алқалы жиында өңірлік ҚХА Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Сара Даузова республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Салауатты сана» жобасын таныстырды. Жобада аталған нашақорлық, ысырапшылдық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм секілді әлеуметтік кеселдерге тосқауыл қою қажеттігін алға тартып, кеңес мүшелерін бірігіп жұмыс жасауға шақырды.

Жиында бұдан өзге ҚР Президентінің биылғы Жолдауында айтылған жастарға қатысты зиянды әдеттерден арылу, жасөспірімдермен тіл табысу, жастар арасындағы басқа да тәуелділіктердің алдын алу, олармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізу сияқты мәселелер талқыланды.

Сондай-ақ, аудандық Аналар кеңесі де өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Бүгінде нәпақа табамын деп, еңбекке ерте араласып жатқан жасөспірімдер жетерлік. Ал оның бала денсаулығына қаншалықты зиян келтіріп жатқандығына аналар алаңдаулы. Қоғамның өзекті тақырыбына айналған мәселені кеңес отырысында ҚХА Аналары кеңінен қаузады.

Бұдан соң, өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт»  жобасын ілгерілету мақсатында отбасы құндылықтарын сақтау бойынша орамды ойларын айтып, ұсыныстарын жеткізді.

Жиын соңында аймақтағы тұтастық пен бірлікті сақтап, ҚХА жобаларын жүйелі жүзеге асыруға атсалысқан аудандық кеңес мүшелері марапатқа ие болды.