НАУРЫЗ БЕРЕКЕ МЕН БІРЛІКТІҢ МЕРЕКЕСІ

Бүгін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультеті мәдениет және өнер кафедрасының І курс студенттері, Жамбыл облыстық «Әулие ата» қазақ мәдени орталығы жастарының қатысуымен Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шара өтті.

Кешке жиналғандарды мерейлі мерекемен аталған оқу орнының мәдениет және өнер кафедрасының меңгерушісі, «Әулие ата» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары Айгүл Қабиева «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева және І курс студенттерінің ата-аналары құттықтады. Ал, облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан бата берді.

Кеш барысында қатысушылар көрермендерге шығармашылық қойылымдар, әуезді әндер, этникалық түрлі билерімен қайталанбас мерекелік көңіл күй сыйлады. Мерекеде ерекше ескерілетін ұлттық ойындар туралы бейне ролик көрерменге көгілдір экран арқылы көрсетілді.

Көзі қарақты көрерменнің көңілінен шыққан кештің соңы естелік суреттерге түсумен тәмамдалды.