МЕРКІДЕ ЭТНОС ӨКІЛДЕРІНІҢ ҚАТЫСУЫМЕН СПОРТТЫҚ САЙЫС ӨТТІ

Облысқа қарасты аудандардағы тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және өзге ұлт өкілдері арасында достық қатынасты нығайту мақсатында спорттық жарыстар жиі ұйымдастырылып тұрады.

Сондай іс-шаралардың бірі Меркі ауданында Жамбыл облысының 85 жылдығына орай этномәдени орталықтар арасында өткен спорттық фестиваль.

Фестивальдің ашылу салтанатына Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Азатұлы қатысып, барша қатысушыларға сәттiлiк тiлеп, достық пен берекелi бiрлiгiмізді нығайтуда мұндай шаралардың маңызы зор екендiгiне тоқталды.

Этномәдени бiрлестiктерден құрылған командалар кiшi футбол, стритфоркаут, гір көтеру, қашықтыққа жүгiру, арқан тарту секiлдi спорт түрлерiнен өзара сынға түстi.

Сайыс нәтижесіне сай I орынды аудандық түрік этномәдени бiрлестiгi жеңiп алса, ІІ орынға аудандық өзбек этномәдени бiрлестiгi ие болды. Ал, III орын славян және әзірбайжан этномәдени бiрлестiктері атынан қатысқан командаларға бұйырды.

Жарыс жеңiмпаздары мен жүлдегерлерiне кубок пен бағалы сыйлықтар табысталды.