«Менің Елім – Мәңгілік Ел» республикалық жастар акциясы Жамбыл облысында
Қараша айының басында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Менің елім – Мәңгілік Ел» республикалық жастар акциясы Талдықорған қаласында бастау алған болатын.
Акцияның мақсаты – «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы мен оның құндылықтарын қазақстандық қоғамда, әсіресе, жастар арасында ілгерілету, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына еліміздің барлық аймақтарындағы жастардың қосқан үлесін және жетістіктерін көрсету.
Бүгін Тараз қаласындағы Ж. Баласағұн атындағы орталық концерт залында «Менің елім – Мәңгілік Ел» жалпыреспубликалық жастар акциясы өтті.
Іс-шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Е.Манжуов, Тараз қаласының әкімі Н.Календеров, Ассамблея мүшелері, қоғам өкілдері, студент жастар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты .
Акция барысында Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов Риода өткен жазғы олимпиада ойындарындағы жеңісін өзінің Тәуелсіз еліне арнағанын айта келе, «Мәңгілік ел жастарының жетістіктері – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» – «Достижения молодежи «Мәңгілік Ел» к 25-летию Независимости Республики Казахстан» кітабын салтанатты түрде Қызылорда облысының белсенді жастарына тапсырды. Республикалық жастар акциясы енді Сыр елінде жалғасын табады.
Сондай-ақ дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы, физика пәнінен өткен халықаралық олимпиадалардың 6 дүркін, республикалық олимпиадалардың 5 дүркін жеңімпазы, Швейцария мемлекетінің Цюрих қаласында өткен 47-ші Дүниежүзілік физика олимпиадасының қола медалін иеленген Айбар Абрашұлы, Тараз мемлекеттік университетінің ағылшын пәнінің оқытушысы Думан Момбекова сөз сөйлеп, жалындай жарқыраған Тәуелсіз елдің жастарын отанын сүюге, тілін құрметтеуге, «Мәңгілік Елдің» саналы ұрпағы болуға шақырды.
Акция барысында тапсырылатын «Мәңгілік ел жастарының жетістіктері – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» кітабы бір ай көлемінде еліміздің түкпір-түкпірінде болып, 1 желтоқсан күні Астана қаласында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа салтанатты түрде табыс етіледі.