Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеуіне пікір

Қазақ халқы табиғи апатты айтып келмейтін өте қауіпті тілсіз жауға, адамдардың өміріне қайғы-қасірет әкелетін жамандыққа  теңеген. Тіпті  көреген халқымыздың ақсақалды аталары мен ақ жаулықты аналарымыз үнемі өздерінің бата-тілектерінде «Алла елімізді төтенше келген табиғат апаттарынан:  зіл заладан, су тасқыны, өрт апаттарынан сақтай көр»-деп тілеген.

Бүгінгі таңда елімізде болып жатқан су тасқынының салдары бүкіл халықты  дүр сілкіндірді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде болып жатқан табиғи апат туралы үндеуінде  Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланғанын, яғни Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында. Атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзеу үшін  шұғыл түрде нақты жұмыстар жасалып, апатты жоюға арналған  барлық қажетті шараларға  күш жұмылдырғаны айтылды. Президет құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына, волонтерлерге және апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғыс айтты. Расында да, бір күнде түс көргендей апатқа ұшырау, зардап шегіп, бүкіл жиған терген мал-мүлкінен айырылып қалу, жан сауғалап басын аман сақтап қалу үшін тұрғылықты үй-жайынан кету, төтенше күйзеліске ұшырау, қандай қиын қасірет. «Алла ондай жағдайды халықтың басына келтірмесін» – деп тілейміз.

Қазақтың күші бірлікте, бірлік болмай тірлік болмайтындығы рас. Елімізде осындай жағдайдың орын алғаны  өкінішті, дегенмен де  Алланың осындай күрделі сынағына төтеп беруде, халықты сабырлық пен төзімге шақырамыз.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Әлеуметтік психология»  кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы апат жағдайында зардап шекке, күйзеліске ұшыраған халыққа қолдау көрсету мақсатында онлайын форматта психологиялық кеңес беруге дайын.

Зардап шеккен халыққа «Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз» -дегіміз келеді.

 

Жамбыл облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясының

ғылыми-сараптамалық топ мүшесі профессор Р.К.Керимбаева