«МАРІЧКА» ХАЛЫҚТЫҚ АНСАМБЛІНЕ – 20 ЖЫЛ
Мәдениет саласына өзіндік үлесін қосып жүрген облыстық «Днепро» Украин этномәдени орталығының «Марічка» халықтық ансамбліне биыл – 20 жыл толды.
Осыған орай, Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде мерекелік кеш ұйымдастырылды.
Өңірімізге белгілі вокалдық ансамбльдің мерейтойына арналған шарада «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова сөз алып, аймақ мәдениетіне айтарлықтай үлес қосқан ансамбль мүшелерін марапаттады.
Одан кейін сахнаға «Днепро» Украин этномәдени орталығының төрағасы Федор Клименко шығып, өнер ұжымының құрылу тарихы мен алғашқы құрамы жайлы айтып өтті. Айта кетейік, ансамбль ұжымы құрылғалы бері тыңдармандарды ерекше дауысымен, ырғағымен тәнті етіп, облыста өтетін мәдени шараларға белсенді қатысады.
Қалалық Мәдениет үйінде өткен мерекелік кеште өнер ұжымы көрермендерге концерттік бағдарлама әзірлеп, кештің шырайын келтірді.
Атап өтсек, ансамбль репертуарындағы «Ти ж мене підманула», «У сусида хата біла», «Несе Галя вода», «Арыс жағасында», «Марічка», «Червона Рута», «Гуцулка Ксеня», «Черемшина», «Маруся» секілді жанды дауыста таңдаулы әндер шырқалып, көрермендердің қошеметіне ие болды.
Дәл осы шараға мерейтой иелерін құттықтауға өзіне 50 жыл толып отырған — «Красная гвоздика» шығармашылық тобы келді. Аталған ансамбль ардагерлерінен құралған халық хоры және В.Сорокин басқаратын «Асыл Ана» халық вокалдық ансамблі де, басқа да әртістер өз репертуарындағы әсем әндермен мерейлі кештің сәніне зор үлесін қосты.
Олардың орындауында «Слава тебе, Мой Казахстан», «Хлеб всему голова», «Осенний сон», «Ехал я из Берлина», «Угәй-ай», «Ах, Самара городок» және т. б. бірқатар әндер шырқалды.
Әндердің ерекше мелодиясы, музыканың тереңдігі мен әсемдігі, мюзиклмен жеткізілген күлкілі де қызықты қойылған сахналық көріністері, әртістік қабілеттері, орындаушылық шеберлігі мен сахна мәдениетінің жоғары деңгейі көрермендерді қуантты.
Мерекелік концерт жоғары деңгейде өтіп, көрермендер үшін де, орындаушылардың өздері үшін де нағыз мейрамға айналып, келушілердің жүрегінде ұмытылмас әсер қалдырды.