ЖОБА ЕЛ ИГІЛІГІ ҮШІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» атты арнайы жобасы киелі Әулиеата өңірінде сәтті жүзеге асуда.

Апта басынан аймақтағы бірқатар аудандарда ҚХАТөрағасының орынбасары Лугмар Буларов аталмыш жоба төңірегінде кездесу ұйымдастырып, семинар-тренинг өткізуде.

Жемісті жобаның жалғасы Тұрар Рысқұлов ауданында да көрініс тапты.

Этномәдени орталықтарды қоғамдағы сенім мәдениетін дамытуға тартуды мақсат еткен жоба жиынына ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА сектор меңгерушісі Қайрат Баймульдинов,  Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ заң факультетінің  аға оқытушысы Р.Тоқатов,  Т.Рысқұлов ауданының прокуроры  Б.Қалыбаев, «Днепро» Украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Федор Клименко, Республикалық Дүнгендер этномәдени бірлестігінің төрағасы Зайнуддин Махусеев, «Қоғамдық келiсiм» КММ басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова қатысты.

Басқосу барысында қатысушыларға  Жамбыл өңірінде жүзеге асырылып жатқан аталмыш жоба таныстырылды. Жоба жайлы сөз алған ҚХА Төрағасының орынбасары Лугмар Харкиевич  мемлекет пен қоғам арасындағы сенім мәдениетін, ұлттық құндылықтарды, ұлтаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтудың маңыздылығы туралы мәлімдеді.

Денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелердің, жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлеріне арналған семинар-тренингтер мен кездесулерде Әділдік пен Жауапкершілік жалпыұлттық құндылығына негізделген жобаның идеологиясына тоқталып, сындарлы диалогтар,  ұысыныстар мен пікірлер айтылды.

Айта кетейік, ауқымды жоба Жамбыл облысында пилоттық режимде іске асырылуда.

Жиын соңында аудан прокуроры Б.Қалыбаев жобаның Жамбыл жері үшін берері мол екендігін айтып, жоба жетекшілеріне алғыстарын білдірді.