Жамбыл облысындағы «Медиация күні»

5

5 тамыз күні республика бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің ұйымдастыруымен «Медиация күні» кеңінен аталып өтті. Бұл күн, ендігі кезеңде, жыл сайын, кәсіби мереке ретінде аталып өтеді деп күтілуде, оған жамбылдықтар да атсалысуда.

2011 жылдың тамызында заңды және жеке тұлғалар арасындағы даулар мен жанжалдарды арнайы дайындықтан өткен кәсіби мамандардың көмегімен тиімді шешіп, сотқа жеткізбей өзара келісіп шешуге бағытталған  «Медиация туралы» ҚР Заңы күшіне енді.

Жамбыл облысында осындай игі істі атқару үшін Лариса Сафонова бастаған «Бітімгер» медиация және құқық орталығы ашылған болатын. Бес жыл ішінде жасалған әртүрлі игі шаралар туралы, бүгінде облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің конференция залына көптеп жиналған құқық қорғау органдарының, өңірлік этномәдени бірлестіктерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өткен іс-шарада кеңінен талқыланды.

– «Медиация күнінің» басты міндеті – жұртшылық арасында медиация институтының танымалдылығын арттыру, бітімгершілік рәсімдерді қолдану аясында құқықтық мәдениетке үйрету, ассамблеядағы медиация және қоғамдық медиаторлар кабинетінің жұмысымын таныстыру.

– Медиация кабинетінің салтанатты ашылуындағы бағдарламамызда халық үшін ақысыз кеңестер мен азаматтарды қабылдау ұйымдастырылып, «2016 жылдың ең үздік медиаторы» байқауына старт берілді», – деп атап өтті өз сөзінде «Қоғамдық келісім» КММ-нің медиаторлармен  жұмыс істеу бойынша бөлімнің менеджері Валентина Досыбиева.

Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер бойынша алқа төрағасы Нурмухамет Абидов өз сөзінде азаматтардың мемлекеттік органдарға бармай ақ  туындайтын дауларды татуласу жолымен реттеу тәсілін таңдауға  құқығын алғаны туралы айтып өтті. Ағымдағы жылдың алты айдағы статистикасына жүгінсек, облыс соттарында медиациялық рәсімдер тұрғысында 95 қылмыстық іс қаралып, тоқтатылды, ал азаматтық сотта – 552 іс кәсіби медиаторлардың көмегімен сотқа жетпей өзара келісім барысында шешілді. Ендігі кезекте осындай медиация бөлмелері Тараз қалалық ІІД мен аудандық полиция бөлімшелерінде ашылады деп жоспарлануда.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен құқық органдарының медиацияны қолдануы бірінші кезекте азаматтардың бейбітшілік, қоғамдық келісім және әл-ауқатын арттырады. Бұл туралы М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы, медиатор  Мұхабат Турдиева да айтып өтті. «Өз қызметіне байланысты әрбір этномәдени бірлестіктің төрағасы өзінше бір медиатор қызметін атқарады десек те болады, себебі бірінші кезекте этномәдени бірлестік өкілі бізге келеді. Соттарға қарағанда бізде жеңгендер не жеңілгендер, ренжігендер мен өз жеңісін тойлайтындар жоқ. Біз екі жақты татуластырып, бітімгершілікке келтіреміз. Сол себепті ата-ана мен балалар, туыстар арасында реніш болмайды».

Жиын соңында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Рано Убайдуллаева бірқатар медиаторларға Алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтар табыс етті. «Ашық есік» күні медиация кабинетінің ашылуымен, азаматтардың қоғамдық қабылдауымен және Байзақ ауданында «Медиаторларды оқыту мен сертификат тапсырудағы халықаралық тәжірибе» атты оқулармен жалғасты.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-қызметі.