Жамбыл облысы ҚХА «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зуфаров Ибрагим Хуршудұлы: Мен үшін Абай мен қазақ егіз ұғым секілді
Үстіміздегі жылы республика көлемінде ел болып қазақ ұлтының біртуар азаматы, данышпаны, ағартушысы, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан дара тұлға Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өткелі отырмыз. Бұл тек қазақ халқының ғана тойы емес әлем елдерінің тойы десек қателеспейміз. Оған себеп Абай шығармалары тек қазақ даласын ғана емес, әлемнің түпкір түпкіріне тараған белгілі туындылар. Өз оқырманы мен зерттеушілерін тапқан дүниелер. Менің пікірімше қазақты әлемге танытқан әуелгі тұлға Абай. Мұндай тұлғаға қандай құрмет көрсетсек те жарасымды, орынды.
Осы орайда, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы Абайдың 175 жылдығын атап өту жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Ал, Абай өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасы 2019 жылы интернет қолданушылары арасында жоғарғы деңгейде өтті. Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапқан осы бір дүние арқылы Абай туындыларындағы философиялық өзгешелік, ерекшелік өзге этнос өкілдерін де бей-жай қалдырмады, керісінше, олар осы эстафетаға қатысуда белсенділік танытты. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарыққа шықты.
Аталған мақалада қазақ қоғамының рухани өмірінде, ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше тұлғаның өмірі мен шығармашылығының мәні, Абай мұраларының қазіргі қоғамға қаншалықты қажет екендігі кеңінен тарқатыла айтылған. Ғұлама өмір сүрген заман мен қазіргі уақыттағы адамдардың сана-сезімі, ой-өрісі, өркениеттік даму деңгейі түрлі болғанымен, ұлы ақынның өз туындылары арқылы болашақ ұрпаққа жеткізбек болған ойлары, бүгінгі күні де өз өзектілігін жоғалтқан емес. Себебі, ол сол кездің өзінде-ақ, жүздеген жылдарды артқа тастап болашаққа бағыт-бағдар бере алды. Абайдың өмірі, мұрасы, уақыт өткен сайын қазақ қоғамында ғана емес, күллі ғаламда өз орнын тауып, мойындалып келе жатқандығы белгілі. Оның әрбір өлеңі мен поэмасында кез-келген санаттағы адамзаттың бір-бірімен қарама-қайшылығы болмаса, қарым- қатынасындағы болатын жайттардың түрлерін ашып айтқан. Ал, оның қара сөздері адам өміріне, ой-санасына, дүниеге, жаратылысқа терең бойлай отырып, жазылған адамгершілік құндылықтарды насихаттайтын, мән-мағынасы ерекше туындылар.
Президентіміз Абай туралы мақаласында оның ұлттық болмыстың үлгісі, мемлекет ісінің мүдделесі, жаңа қоғамның жанашыры, әлемдік мәдениеттің тұлғасы екендігі туралы жеке-жеке тоқталып, терең түсіндіріп айтты. Бұл Абай Құнанбайұлына берілген ең мықты мінездеме екеніне сенімім мол. Оның әр сөзінен дәлдік пен нақтылықты аңғаруға болады.