НЕМІСТЕР ҚОҒАМДАСТЫҒЫНДА «ШПРУХИ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

2025 жылдың 16 наурызында Жамбыл облысының Немістер қоғамында «Шпрухи» кітабының тұсаукесері өтті.

Тұсаукесер барысында олар кітап туралы, Қазақстан немістерінің материалдық мәдениетінің бір бөлігі болып табылатын шпрухилар туралы әңгімелеп, олардың жасалу тарихымен танысты. Бұл кітап этникалық немістердің мәдени мұрасының бірегей бөлігі десек те болады.

Шпрухи – ортағасырлық поэзия жанрларының бірі және сәндік-қолданбалы өнердің ерекше түрі ғана емес, сонымен қатар әртүрлі ұрпақ өкілдерінің арасын байланыстырушы. Кітапта шпрухтардың жасалу дәстүрлері, технологиялары, тақырыптары мен көркемдік ерекшеліктеріне тарихи шолу жасалған.

Сондай-ақ, көрермендерге тақырып төңірегінде фильм ұсынылды.

Сонымен қатар, қатысушыларға өздерінің мозаикаларын құрастыру ұсынылды.

Бұл жазудың мұндай түрін бұрын-соңды кездестірмеген көптеген адамдар үшін нағыз тәжірибе болды.

Шара соңында қонақтарға сыйлық ретінде қабырға күнтізбесі таратылды.

ЖАМБЫЛДЫҚ ЖАСТАР ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚҚА ҮН ҚОСТЫ

Айлардың сұлтаны рамазан айында өңірлік «Ассамблея жастары» ҚБ белсенді өкілдері «Ораза қабыл болсын!» акциясын өткізді.

Жастардың сөзінше қайырымдылық жасауға су мен құрма және тәттілер таратылған. Аталмыш игі іс жыл сайын жалғасын тауып, дәстүрге айналуда.

Жалынды жастар қайырымдылық жасау жолынан жаңылған емес. Олардың жұмысының негізгі бөлігі жақсылық жасауға арналған.

Ораза ұстаған жандарға бірлестік өкілдері шын жүректен ниеттерінің қабыл болуын тілеп, келер жылыда игі істі жалғауға ниетті екендерін жеткізді.

ХАЛЫҚ ДОСТЫҒЫНЫҢ АЛТЫН КӨПІРІ – НАУРЫЗ

Бүгіннен бастап елімізде Наурыз мейрамын тойлау бағытында Наурызнама онкүндігі бастау алды. Көрісу күнімен қарқын алған алғашқы мерекелеуге жамбылдық Ассамблея мүшелері де жоғары деңгейде атсалысып, атаулы күннің маңызына қанықты. «Халық достығының алтын көпірі – Наурыз» атауымен Достық үйінде өткен іс-шараны «Қоғамдық келісім» мекемесі мен облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы бірлесе ұйымдастырды.

Өңірлік ҚХА мүшелері кітапхана ұжымын бар сән-салтанатымен қарсы алып, Амал мерекесімен құттықтады.

Табиғаттың жаңарып, тіршіліктің жандана бастағанын сезіндірген халықтық мерекеде облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева, «Днепро» украин ЭМБ жетекшісі Федор Клименко, «Радонеж» орыс қауымдастығының төрағасы Владимир Сорокин, қалалық Өзбек орталығының төрағасы Абдурахман Зайнутдинов, сондай-ақ, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының директоры Жанна Тұрарқызы және орынбасары Толқын Тәжітөреқызы көпшілікке жылы лебіздерін жеткізсе, аталмыш кітапхана қызметкері Ербол Бегимов ақ батасын берді.

Мерекелік шарада жергілікті этностардың дәстүрін дәріптейтін қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдары қонақтар назарына ұсынылды.

Өз кезегінде кітапхана ұжымы да «Қарын бүрме» және «Шыж-мыж» немесе «Әсіп» атауымен ел арасында кеңінен танылған қазақтың ұлттық тағамдарын кәде-сый ретінде ұсынып, кітапхана қызметкері Меруерт Сайлаухан тағамдар тарихымен таныстырып өтті.

Сонымен қатар, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкері Альфия Сағындық орындаған «Есіңе мені алғайсың», «Днепро» украин ЭМБ жанынан құрылған «Маричка» және «Радонеж» орыс қауымдастығының «Калинка» вокалдық ансамбльдерінің және кітапхана ұжымының қызметкерлері Сапар Алтыбай, Гүлнұр Құрақбай орындаған әуезді әндер кеш шырайын аша түсті.

БІРЛІГІ БЕКЕМ БІРЛЕСТІК ӨКІЛДЕРІ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАДЫ

Ізгілікті іске ұйытқы болып, қайырымдылық жасауда Жамбыл облыстық этномәдени бірлестік өкілдері әрдайым белсенділік танытып келеді. Қасиетті Рамазан айы қарсаңында облыстық «Хазар» Әзірбайжан этномәдени бірлестігі жақсылыққа жаршы атанып, тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын созды. Бірлестік төрағасы Асабали Поилиевтің бастамасымен қаладағы 16 отбасыға азық-түлік таратылып, көпбалалы отбасылардың алғысына бөленді. «Қайырымдылық жасауға асығу бірлестіктің басты мақсаты. Берекелі айда сауапты іске атсалысып, ары қарай жалғастырамыз» – дейді Асабали Поилиев.

ЕРТЕГІ – ТАНЫМНЫҢ КӨЗІ

Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесі жүзеге асырып отырған «Әжемнің ертегісі» жобасы аға буын өкілдері мен балалардың басын біріктіріп, білім ошақтарын кеңінен қамтып отыр.

Соның бірі ағымдағы жылдың 12 наурызы күні Тараз қаласындағы №13 мектепте түрлі этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтауға арналған «Әжемнің ертегісі» атты фольклорлық сабақтар топтамасы өтті.

«Радонеж» Орыс қоғамдастығының өкілі, аталмыш мектептің музыка пәнінің мұғалімі Оксана Дьяченко ұйымдастырған іс-шараға облыстық ҚХА Аналар кеңесі мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысып, бастауыш сынып оқушыларына «Үш аю», «Алтын тиынның құпиялары», «Жақсылық пен зұлымдық», «Қарашай-балқар наны», «Қанатынан айырылған Малах» сынды түрлі этностардың ертегілерін оқып берді.

Ертегі оқып балалардың естерінде қалған аналар қатарында «Шиват Цион» еврей мәдени орталығының төрайымы Ирина Акулова мен осы бірлестіктің Аналар кеңесінің мүшесі Нина Михайлова, Жамбыл облыстық орыс драма театрының әртісі Надежда Турманидзе, Жамбыл облыстық ҚХА Аналар кеңесінің өкілдері – Айгүл Озғанбай («Әулиеата» қазақ мәдени орталығы), Фатима Галиулина («Татар мен башқұрт Қазақстандық конгресі» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы), Татьяна Осипова («Жамбыл облысы немістер қоғамы»), Раиса Хурттуева («Қарашайлар мен балқарлардың Жамбыл облыстық этномәдени бірлестігі») болды.

Сондай-ақ, жиын аясында тыңдаушылар назарына «Ахысқа» Түрік этномәдени бірлестігінің өкілі Ләйлә Мұзафарованың «Айлакер лақ» және «Иттің оқиғалары» ертегілері де ұсынылды.

Шараға белсене қатысқан мектеп оқушылары қонақтарға ән шырқап, шығармашылық қойылымдарын қойды.

Жиын соңында балалар тыңдаған ертегілері туралы пікірлерін айтып, алған әсерлерімен бөлісті.

ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ «ШАБЫТ» ОБЛЫСТЫҚ КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

Ағымдағы жылдың 11 наурызында Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай, «Арт-Тараз» шығармашылық тобының «Шабыт» атты облыстық көркем сурет көрмесі ашылды.

Аталмыш көрмені тамашалауға бүгін өңір суретшілері, облыстық этномәдени бірлестіктер, «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұжымы, студенттер және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева ашып, көрме жұмысына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Сергей Шевченко мен «Альянс Қолөнер» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, суретші Елена Голубинской көрменің ашылуымен құттықтап, мұндағы туындылардың маңызына тоқталды.

Көрме барысында мекеме басшысы Мубарак Жинақбаева қатысушыларға алғыс хаттар табыс етті.

Салтанатты жиын соңында Көрме залының меңгерушісі Жазира Шілдебаева қонақтарды көрме жұмысымен таныстырды.

Айта кетейік, мерейтойлық көрмеге жергілікті 20 суретшінің түрлі жанрда әр түрлі техникамен салынған 60-тан аса картиналары қойылған.

МЕРЕКЕЛІК КӨҢІЛ-КҮЙ СЫЙЛАДЫ

Халықаралық әйелдер күнін мерекелеу аясында Жамбыл облыстық Немістер қоғамы 9 наурыз күні Достық үйінде мерекелік іс-шара ұйымдастырды.

Концерттік бағдарламамен өрілген кеш аймақтық Қазақстан халқы Ассамблеясының әйелдер қауымына, көпбалалы аналарға, әжелерге және отбасы құндылықтарын нығайту мен қоғамдағы үйлесімділікке елеулі үлес қосып жүрген барлық әйелдерге арналды.

Концерт барысында әйелдердің мейірімділігі мен парасаты, сұлулығы мен даналығы, олардың өмірдегі орны мен маңызы ерекше атап өтілді. Аталмыш қауымдастық өнерпаздарының ерекше қойылымдары мен жүрекке жылы құттықтаулары ұсынылып, әуезді әндер мен билер орындалды. Қонақтар тарапынан да құттықтау сөздері айтылып, әйелдерге деген құрмет көрсетілді.

«Singende Herzen», «Juwelband», «Эремурус», «Ювель» вокалды-хореграфиялық талантты топтардың орындауындағы «Бабушка и внучка», «Көктем вальсі», «В лунном сеянии», «Bedingungslos» секілді нөмірлер орындалып, көпшіліктен қошемет тапты.

ӨЗБЕК БІРЛЕСТІГІ АРДАГЕР АНАЛАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

8 наурыз – халықаралық әйелдер күні қарсаңында Өзбек этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесі мерекелік құттықтаудың алғашқы легін бастады.

Өзбек этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің төрағасы Диларам Каримова бастаған аналар аталмыш бірлестіктің ардақты ардагерлеріне мерекелік құрмет көрсетіп, құттықтап қайтты.

Бүгінде облыстық, қалалық Өзбек этномәдени бірлестіктерінің негізін қалауға күш-жігерлерін арнап, ел өркендеуі жолында еңбек еткен, жеке кәсіптен нәсібін тапқан бірлестік ардагерлерінің алды 100-ге таяған. Аяулы аналарымыздың бірі – Розия Адилова 8 наурыз күні 100 жасқа толады. Сондай-ақ, кеңес өкілдері 88 жастағы Олия Кинжеханова ананың, ардагер дәрігер Дилбар Мурзалиевнаның, ұстаз Мавлюда Кыдлаевнаыратулның, сауда саласында 40 жылдан астам еңбек еткен 85 жастағы Рахима Бабатаеваның шаңырағына барып, мерекелік құттықтауын жеткізді.

Емен-жарқын болған жылы жүздесуде ардагер аналарға кеңес мүшелері сыйлықтарын табыстады. Мерекелік көңіл-күй сыйлағаны үшін өз кезегінде ақ жаулықты аналарда дән риза болып, ақ батасын берді. Даналықтың даңғыл жолына түскен аналар «Қазақстанымыз көркейіп, бірлігі мен тірлігі жарасым таба берсін» деген ізгі тілегін жолдады.

Бұдан өзге бірлестіктің белсенділері бірқатар ардагерлерді де құттықтап, сый-сияпаттарын табыстап қайтты.

АДАМНЫҢ РУХАНИ БАЙЛЫҒЫ – АДАМГЕРШІЛІК

Ағымдағы жылдың 6 наурызында С.Нұрмағанбетов атындағы №10 орта мектебінде облыстық ҚХА медиация орталығының ұйымдастыруымен «Адамның рухани байлығы – адамгершілік» тақырыбында оқушылармен сынып сағаты ұйымдастырылды.

Кездесуге қалалық Өзбек орталығының және аймақтық ҚХА этномедиация кеңесінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов және облыстық «Қоғамдық келісім» КММ этномедиация орталығының меңгерушісі Валентина Досыбиева қатысты.

Жастарға жалпы адамзаттық құндылықтарды ұғындыру арқылы адамның рухани байлығын тереңдетуді көздеген жиында Абдурахман Юлдашевич оқушыларға халқымыздың тарихы, ұрпақтар сабақтастығы туралы айтып берді.

Ал Валентина Досыбиева адамның рухани дүниесін дамытудағы білімнің маңыздылығына айрықша тоқталды.

Шара соңы қатысушылардың сұрақ-жауап алмасып, пікір білдіруімен түйінделді.

ӘЙЕЛ – ӘЛЕМНІҢ ТІРЕГІ

Ағымдағы жылдың 5 наурызында Достық үйінде халықаралық әйелдер күніне орай, «Әйел – әлемнің тірегі» атты облыстық ҚХА Аналар кеңесінің отырысы өтті.

Аймақтық Аналар кеңесінің төрағасы Эльмира Мырза-Ғали жүргізген жиынға өңірлік кеңес мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері, серіктес мекемелер, қоғам белсенділері қатысты.

Әйелдердің қоғамдағы орны мен рөлін нығайтып, кеңес аналарының түрлі ұйымдармен өзара байланысын бекемдеуді көздеген шарада «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева мерекелік құттықтауын жеткізіп, бірқатар ұйымдармен бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижелерін атап өтті.

«Бала тәрбиесі – баршаға ортақ мәселе» деп бір мақсатта жұмылған кеңес аналарының келелі жиынында облыстық білім басқармасының тәрбие бөлімінің басшысы Айжан Мейірханова «Қоғамдық келісім» мекемесі мен аталмыш басқарманың бірлескен жобалары мен жоспарларын атап өтсе, өңірлік Түрік ЭМБ Аналар кеңесінің жетекшісі Роза Изъятова жастармен өзара іс-қимылдың өзекті тәсілдері тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.

Сондай-ақ, аталған тақырып төңірегінде облыстық «Әулиеата» Қазақ мәдени орталығының төраға орынбасары Айгүл Қабиева, М.Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің жетекшісі Мухабат Турдыева ой бөлісіп, мерекелік лебіздерін білдірді.

Аналар бас қосқан кеште облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, Ақсақалдар кеңесінің жетекшісі Асқарбек Ақылшаұлы, «Жомарт Жан» волонтерлік орталығының өкілдері Жалил Аббосов және Зайнуддин Махусеев әлемнің мәні болған әйелдер қауымына шынайы ықыластарын жеткізді.

Кеш барысында облыстық Немістер қоғамдастығы Аналар кеңесінің төрағасы Татьяна Осипова “Облысқа сіңірген еңбегі үшін” мерекелік төсбелгісімен марапатталды.

Сонымен қатар, ару аналарға мерекелік сыйлықтар табысталып, «Радонеж» орыс қауымдастығының төрағасы Владимир Сорокин және ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Асылхан Шүңірековтің ән шашуы тарту етілді.