ЭТНОМЕДИАЦИЯ БОЙЫНША ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ

Ағымдағы жылдың 20 наурызында Достық үйінде «Этносаралық жанжалдардың алдын алу» атты өңірлік этномедиация кеңесі мүшелері, дін қызметкерлері, ЭМБ өкілдері, ҚХА құрылымдары, ҒСТ мамандары және медиаторлардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Келелі кеңесті облыстық этномедиация кеңесінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов ашып, барлық қатысушыларды Наурыз мерекесімен құттықтады.

Сондай-ақ, «Қоғамдық келісім» КММ ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімінің жетекші сарапшысы Замана Исмаилова қатысушыларды өңірдегі этносаралық қатынастар проблемаларының мониторингімен таныстырды. Бұдан соң, мекеме заңгері Дина Амиреева этносаралық алауыздық пен арандатушылық, оның ішінде әлеуметтік желілердегі қылмыстық жауапкершілік туралы баяндады.

Жиын барысында этносаралық негіздегі құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша ұсыныстар, қоғамдық келісімді қамтамасыз етудегі этномедиация кеңесінің жұмысын одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды.

Құрметті барша қазақ елі!

Наурыз бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде тойланған. Сондықтан болар, еліміз Наурыз мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды салт-дәстүрге айналдырған. Бұл мерекеде игі істер жасау, жарқын болашаққа жоспар құру әдетке айналған. Наурыз өмірімізге жасампаздық пен дамудың жаңа серпінін әкеледі. Сондықтан біз Наурызды асыға күтеміз және көктемнің алғашқы күндерінен бастап оған дайындаламыз.

Ұлыстың ұлы күні баршамызға жаңа жетістіктер мен қуаныш, әр отбасына жылулық пен молшылық, ортақ Отанымыз – Қазақстанға жақсылық пен бейбітшілік әкелсін. Еліміз тыныш, берекелі болсын. Біз біртұтас халықпыз және елімізді өркендету жолында жұмыла жұмыс істеуге дайынбыз.

Баршаңызға денсаулық, амандық, еңбек пен оқуда үлкен табыстар тілеймін!

Ұлыстың ұлы күні елімізге, жерімізге құт – береке ала келсін. Ұлыс оң болып, әрбір күніміз Наурыз күніндей шуақты болсын!

 

Жамбыл облыстық «Манас Ата» Қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Абзалбек Меңдібаев

Құрметті қауым!

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтауымды қабыл алыңыздар!

Біз үшін бұл асыға күтетін және ең ғажайып, ең ұлық мерекелердің бірі.

Наурыздың шуақты күндері бізге көктемгі жылумен қоса қуаныш пен бақыт әкеледі, табиғатта болып жатқан үйлесімділік жүрегімізге үн қосып, жақындарымызға мейірімділік пен махаббат сыйлайды.

Көктем лебі сіздерді шуағына бөлеп, әз-Наурыз әр шаңыраққа құт-береке мен молшылық әкелсін!

Әрбір үйге, әр отбасына бейбітшілік пен татулық, денсаулық, бақ-береке тілеймін!

 

Раиса Хуртуева, Жамбыл облыстық қарашай-балқар этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің төрайымы

Қадірлі қазақстандықтар, жерлестер!

Қазақстанда жаңа жыл екі рет атап өтілетіні баршаға мәлім. Ел тұрғындары қыста Жаңа жылды қарсы алса, көктемде жаңа жылмен қайта қауышып, оны ұлттық салт-дәстүрге сай атап өтеді. Наурыз мерекесі – жалпы түркі халықтарының мерекесі, ұрпақтар жалғасы мен рухани қазына болып табылады. Бұл мереке ел бірлігіне, тыныштығына ықпал етеді. Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілтіп, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі де келіп жетті.

Осы ретте ұлттық мерекеде түрлі концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, жұртшылыққа қазақтың күйлері мен әуендері шырқалады, тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосылған Наурыз көже таратылады. Жиналған жұртшылыққа қазанға пісірілген ыстық палау мен бауырсақтар, тәттілер үлестіріліп, ыстық шай да беріледі. Жасыл ағаштар да отырғызылуда.

Әз-Наурызда барша қазақстандықтар мен әулиеталық жерлестеріме тілектері орындалып, жақындарының аман болуын тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Барлықтарыңыздың отбасыларыңызға береке-бірлік, бақ-дәулет тілеймін! Көктем барлықтарыңыздың көңілдеріңізді жадыратсын! Жасыл желек үйіңізге молшылық, тоқшылық әкелсін! Бір шаңырақ астында қаншама этнос өкілдері де бір адамдай бірлікте тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Ендеше, шаңырақтарыңызға бақ-береке қонып, ақ мол болсын, уайым-қайғы жоқ болсын!

 

Жамбыл облыстық Махмұт Қашқари атындағы ұйғырлар этномәдени бірлестігінің төрағасы Турдыева Мухабат Абдырахманқызы

«Айналайын» жобасы аясында

Жамбыл облыстық ҚХА Аналар кеңесінің «Айналайын» жобасы – аналардың жүрек жылуын, қамқорлығын көрсетуге бағытталған бастама.

Аталмыш жоба аясында облыстық «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен ҚХА Аналар кеңесі мен «Анаға тағзым» орталығы «Аналар үйіне» арнайы барып, кішкентай бүлдіршіндерге қуаныш сыйлады. Наурыз мерекесі қарсаңында өткен тағылымды шарада қазақтың салт-дәстүрлері дәріптелді. Бұл күні Аналар кеңесінің мүшелері Айгүл Қабиева сәбиді бесікке салып, Аракси Плетнева бүлдіршінге аналық ақ лебізін білдірді.

Сондай-ақ, бокс чемпиондары, ерлі-зайыпты Олжас Сәттібаев пен Әйгерім Сәттібаева бүлдіршіннің тұсауын кесіп, ақ тілегін арнады.

Биылғы жыл өңірімізде – кітап оқу жылы. Осыған орай, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы, «Анаға тағзым» орталығының басшысы Эльмира Мырза-Ғали кішкентай қызға кітап тарту етіп, білімге деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында қаламсабын сыйлады.

Бұдан өзге «Ақ орамал» акциясы аясында жас аналарға береке мен отбасы құндылығын ұлықтаудың белгісі ретінде ақ жаулық тарту етілді.

Кездесу соңында «Аналар үйі» мен аймақтық ҚХА Аналар кеңесі өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойып, болашақта да бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.

ТАЗАLIKE FEST

19 наурыз – Наурызнама онкүндігінің «Жаңару күні». Атаулы күнге орай, Тараз металлургия зауыты «ТАЗАLIKE FEST» тал егу акциясын өткізді.

Тараз табиғатын түрлендіріп, көгалдандыруға өңірлік «Ассамблея жастары» бірлестік өкілдері де белсене атсалысты.

Акция Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің алғы сөзімен бастау алып, жастардың 1000 түп тал дарақтарын отырғызуға ұласты.

«БАРЫҢДЫ БАҒАЛА» ВАНДАЛИЗМГЕ ҚАРСЫ ЖОБАСЫ БАСТАУ АЛДЫ

Таразда облыстық ҚХА Аналар кеңесінің бастамасымен «Салауатты сана» жобасы аясында «Барыңды бағала» вандализмге қарсы қоғамдық жобасы бастау алды.

Көне Тараз археологиялық кешенінде өткен бастамаға облыстық ҚХА Ақсақалдар, Аналар кеңесі, «Ассамблея жастары», «Жастар ресурстық орталығы» мен №66 орта мектеп оқушылары қатысты.

Өкінішке қарай, елімізде қоғамдық мүліктен бастап, мыңжылдық мәдени мұраларға дейін бәрін жаппай бүлдіру ісі тыйылмай тұр. «Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүл¬кіндей қорғауы керек» деген ұранмен жамбылдық Ассамблея құрылымдары қоғамдық бастамаға үн қосты.

Тағылымды шарада облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан, өңірлік ҚХА Аналар Кеңесінің төрағасы Эльмира Мырза-Ғали және төраға орынбасары Сара Даузова, Тараз қалалық Өзбек этномәдени бірлестігі төрағасы, ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төраға орынбасары, этномедиация кеңесінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов сөз алып, мәдени-тарихи ескерткіштерді, басқа да рухани құндылықтарды, қоғамдық орындардағы мүліктерді аяусыз, қасақана жоюға қарсы шараларды қолдайтындығын жеткізіп, ел мен жерге деген жанашырлық – «Адал азамат» тұлғасының ең асыл қасиеттерінің бірі екендігін атап өтті.

Сондай-ақ, облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ директоры Сауран Қалиев киелі өлкеде бүгінде 500-ге жуық тарихи-мәдени құнды жәдігерлердің басым бөлігінің тарих сахнасынан жойылып кетуге шақ қалғанын айтып, қоғамдық бастаманың сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді.

Аталмыш шарада «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі патриоттық әндер шырқаса, «Анаға тағзым» орталығының қызметкері Балауса Оралбаева «Бағала» әнін нақышына келтіре орындады.

Қоршаған ортаға, әр затқа жұмсалатын табиғаттың байлығы, Жер ананың сыйы. Тараз қалалық білім бөлімі №66 орта мектебінің оқушылары туған жерге деген сүйіспеншілігін білдіру мақсатында ақын-жазушылардың шығармаларынан үзінділер оқыды.

Жиын барысында шаһардан табылған жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды.

Айта кетейік, аталған жоба жыл бойында өңіріміздегі барлық аудандарда жүзеге асырылады. Жоба аясында оқушыларға бай тарихи-мәдени мұраларымыз туралы ақпарат беріліп, дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресін тануы үшін қысқы, жазғы демалыс кезінде өз өлкелеріндегі тарихи орындарға саяхат ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, Жұмысшы мамандықтар жылына орай, тарихи ескерткіштер жасаушы скульпторлар шеберханасына, гипс зауытына, металл, әйнек зауыттарына жастармен экскурсиялар жасап, вандализмге көбірек ұшырайтын заттардың жасалу жолын көрнекі түрде көрсетіледі.

Одан өзге, жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері арасында «Атыңды жер өртеп шығарма!», «Қолда бардың қадірін біл!» тақырыптарында эссе жаздырып, барлық мектептерде жергілікті құқық қорғау органдарымен бірлесіп, тарихи мұраларды, еліміздің көрікті жерлерін бүлдіргені үшін қандай жаза қолданылатыны туралы ақпараттық сабақ өткізу жоспарлануда.

ШЕБЕРЛІК ШЕЖІРЕСІ

Мәдениет және ұлттық салт дәстүр күніне орай, Құлан ауылындағы Достық үйінде ұлттық өнерді дәріптеу мақсатында «Шеберлік шежіресі» атты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Педагогика академиясының профессоры, Балалар және жасөспірімдер орталығының ұстазы Айымбеков Әлімжан қажы, облыстық көрмелердің жүлдегері, Өнер мектебінің Қолөнер бөлімінің мұғалімі Жанай Татаев, зергер Карима Халықова, домбыра жасау шебері Ерлан Сметов қатысты.

Аталған қонақтар Әлихан Бөкейханов орта мектебінің оқушыларына өз шығармаларын таныстырды. Оқушылар көптеген қызықты мәліметтер алды. Іс-шараға қатысушыларға Сұлутөр халықтық-фольклорлық ансамблі өнерлерін көрсетіп, думанды кешке ұласты.

АНАЛАР КЕҢЕСІ БАЛАЛАР ҮЙІНДЕ

Жамбыл облысында Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің балалар мекемелеріне баруы дәстүрге айналған. Олар әрдайым өмірлік қиын жағдайға тап болған балалармен кездесіп, туған күн иелерін құттықтайды.

Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің белсенді өкілі Аракси Плетнева, «Полонез» Поляк этномәдени бірлестігінің жетекшісі Лариса Калькова, Жамбыл облысы бойынша Орталық медициналық-құтқару қызметінің құтқарушылары, басшылары Бахытжан Макулбековпен бірлесе өмірлік қиын жағдайға тап болған, қамқорлықсыз қалған балаларды қолдау орталығына барып, «Айналайын» жобасы аясында қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.

Бұл жолы олар балаларға сыйлықтармен және «Сиқырлы көбік шоуы» атты бағдарламасын ұсынды.

Мұндай іс-шаралар қиын жағдайға тап болған балаларды қолдаудың маңызды қадамы болып табылады.

«ӘУЛИЕАТА» ҚАЗАҚ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ ИГІ ІСКЕ АТСАЛЫСТЫ

Наурыз мейрамы өзара көмек пен қайырымдылықтың да мерекесіне айналды. Наурызнама онкүндігі бойынша «Қайырымдылық күні» аясында жамбылдық Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері мен құрылымдары ізгілікті іске сеп болып, жақсылықтың жаршысы атанып келеді.

Игі істер дәстүрін жалғастыру мақсатында облыс орталығындағы тұрмысы төмен отбасыларға барып, азық-түлік толы себеттерді таратты.

«Әрбір игі іс – жақсылықтың бастамасы. Бұл дәстүр қоғамда жанашырлық, мұқтажға көмек беру және жақсылық жасауға деген ұмтылысты арттырады» деп білген орталықтың белсенді өкілдері мұндай шараларды дәстүрлі түрде ұйымдастыруға ниетті.