ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ, ӨТКЕНГЕ ТАҒЗЫМ

Тарих тағылымы! Жүректен өшпейтін із! 31 мамыр – ресми түрде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Солақай саясаттың сызын тартқан қаншама боздақ өмірімен қоштасты. Балалар жетім, әйелдер жесір қалды. Алаштың ардақтылары жазықсыз жапа шегіп, көршілес елге жер аударылды. Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай бүгін жамбылдықтар репрессиядан жапа шеккендерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ел егемендігі үшін күрескен ұлт зиялыларын еске алды.

Еске алу шарасына облыс және қала басшылығы,облыстық, қалалық мәслихат депутаттарынан өзге облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова, басқармалар, т.б мекеме қызметкерлері қатысып, тағзым етті.

Сондай-ақ, Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, этномәдени бірлестіктер төрағалары мен өкілдері, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, өңірлік «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі және облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Жинақбаева Мүбарак Қасымқызы да қатысты. Шара зардап шеккен қазақстандықтарды еске алуға арналған бір минут үнсіздікпен басталды.

Мұндай іс-шаралардың мақсаты – Қазақстанға 30-40 жылдары жер аударылған этнос және этникалық топтардың ұрпақтарын дәріптеу, тағдыр тәлкегімен Қазақстанға ауып келген халықтардың тарихын сыйлау, жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыру, жалпы тарих пен жалпыұлттық идея негізінде қазақстандық бірегейлікті нығайту, болашақ ұрпақ үшін тарихи зердені сақтауда азаматтық қоғамды біріктіру, қасіретті жылдардың қайғылы естеліктерін құрметтеу. Жазықсыз жазаға ұшырап, қаза тапқан, азапты сынақтар мен қуғын-сүргіндерден өткен ата-бабамыздың естелігі алдындағы қасиетті борышымыз қашан да маңызды болып қала бермек.