ТАРАЗДЫҚ ӨНЕРПАЗДАР ТҮРКІСТАНДЫҚТАРДЫ ТАҢ ҚАЛДЫРДЫ
Биылғы жылдың 19-желтоқсанында Түркістан қаласындағы Достық үйінде — ҚХА «Достық керуені» жобасы аясында тәжірибе алмасуға негізделген «Таразым – Тұмарым, Түркістаным – Тұраным» атты салиқалы іс-шара өтті.
Жиынның шығармашылық сәнін келтіру мақсатында шараға Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының өнерпаздары — ҚР мәдениет саласының үздігі, жезтаңдай әнші Торғын Орынбаева мен аталған филармония әнші-күйші, баянисті Бақыт Шағырбаев, Мерей Абуова, Нұрлатбек Әзімбаевтар да қатысып, өнерлерін ортаға салды.
Сонымен бірге, мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, қазақша құйқылжыта ән салатын облыстық Орыстар қоғамдастығының өкілі Сергей Семыкин де өнер көрсетті.
Бұған қоса, түркістандық өнершілер — Түркістан «Конгресс хол» кешенінің әншілері Айдос Иманжаппаров пен Бағдат Нысанбай танымал «Атамекен», «Сүйем мен» әндерін жұртшылықтың назарына ұсынды.
Көршілес екі аймақтың да ән айту мен күй шертудегі әрқайсысының өзіндік
стилі мен ерекшеліктері бар өнер майталмандары шара қатысушылары мен қонақтарына шуақты да көңілді сәттер сыйлап, ұмытылмас әсер қалдырды.
Концерттік бағдарлама соңында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейітжанов пен Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева жамбылдық өнер иелерін Алғысхаттармен марапаттады.