Таразда украин мәдениеті күні аталып өтті
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлау қарсаңында «Этностардың мәдени күндері» жобасы аясында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы мен Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының қолдауымен Украин мәдениеті күні аталып өтті. Бұл күні Тәуелсіз еліміздің жеткен жетістіктері, көп ұлтты мемлекетте бірлікте өмірде сүріп жатқан халқымыздың ауызбіршілігі жайында айтылды.
Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Маржан Қожаева жиналғандарды Республикамыздың Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтай отырып: «Ассамблея – үлкен отбасы, мемлекетіміздің бірлігі мен келісімінің бесігі. Біздерге халықтар арасындағы достықты, мемлекетіміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтау жауапкершілігі артылған. Федор Леонтьевич Клименко басқарып отырған «Днепро» украин этномәдени орталығы облысымызда өткізілетін этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға, халықтар достығын дамытуға бағытталған барлық іс-шараларға белсенді қатысып отырады. Осы орайда алғысымызды білдіре отырып, ұжым мүшелеріне зор денсаулық, творчестволық табыс тілейміз», -деді.
Биылғы жылы «Днепро» украин этномәдени бірлестігіне 20 жыл. Орталық құрылған күнінен бастап Федор Клименко басқарып келеді. Бүгінгі күнге дейін «Днепро» украин мәдениет орталығының атқарылған істері де аз емес. Мәселен, еңбекқор ұжыммен, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Кеңесінің мүшелерімен, ақсақалдар мен аналар кеңесімен кездесіп, облыс, қала шеңберінде өтіп жатқан барлық іс-шараға белсенді қатысады. Сонымен қатар, Қазақстан халқы ассамблеясымен бірге қайырымдылық акциясы мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырып отырады.
«Маричка» фольклорлық ансамблі өзіндік ерекше шығармашылығымен бірнеше жылдан бері өз көрермендерін қуантып келеді. Бүгінгі мерекелік кеште Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтының концерт залында көрермендер педагогикалық институттың шығармашылық ұжымының, қаладағы №9 бала-бақша тәрбиеленушілерінің, «Асыл әжелер» ансамблі мен «Днепро» украин мәдениет орталығы көркемөнерпаздарының өнерін тамашалап, қошемет көрсетті.
«Днепро» украин мәдениет орталығы мүшелерінің белсенділігі, азаматтық ұстанымы, жауапкершілігі мен Отанға деген сүйіспеншілігі үлкен құрмет тудырады.