ТАРАЗДА «ТАТУЛЫҚ ЖӘНЕ КЕЛІСІМ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Жуырда Жамбыл облысы әкімінің грантына өңіріміздің этномәдени бірлестіктері арасындағы «Татулық және келісім» байқауының қорытындысы шығарылған болатын. Конкурстық комиссияның жұмысы барысында, оның мүшелерімен өңірлік қоғамдық этномәдени бірлестіктер мен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының бір жыл ішінде атқарған жұмыстарының есебі туралы қаралды. Нәтижесінде, конкурстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталып, оларды марапаттау рәсімі осы жылдың 29-желтоқсанында Тараз қаласының «Қоғамдық келісім» мекемесінде өтті.
Ұйымдастырушылар – Қазақстан халқы Ассамблеясы, “Қоғамдық келісім” КММ.
Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың, этномәдени бірлестіктердің, өңіріміздің ҚХА құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері қатысты.
Салтанатты жиынның шымылдығы өңірлік Ассамблеяның 2022-жыл бойына атқарған жұмыстарын бейнелейтін бейнероликпен ашылды.
Алғы сөз Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевқа берілді: -«Біздің бірлігіміздің мызғымас негізі – тарихтың ортақтығы, мемлекеттік тіл, Қазақстан азаматтығы, тәуелсіздік пен егемендік, тарихи өзек – Қазақ халқының төңірегіне шоғырлану. Бұлар ешқашан мағынасын жоғалтпайтын құндылықтар. Алайда, бұған дамудың және мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінде демократиясы жетілген мықты азаматтық қоғамның біріктіруші факторы айтарлықтай қосылады»,- дей келе, -«Этномәдени бірлестік өкілдері мен төрағаларын бүгінгі жүлделерімен, және баршаларыңызды келе жатқан 2023 Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын! Азат аспанымыз әрқашан ашық, халқымыздың әл-ауқаты мықты, әр отбасы үшін келіп кірер жыл ырыс пен толайым табысқа толы жыл болсын!» – деп, қатысушыларға құттықтау сөзін арнады
Сондай-ақ, салтанатты шарада Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев пен Қазақстан халқы өңірлік Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Жалил Аббосов та аймақтық ассамблея мүшелеріне жылы лебіздерін білдірді.
Міне, шараның ең шарықтау шегі – марапаттау рәсіміне де кезек келді! Сахнаға байқау көшбасшылары бірінші болып шақырылды. Бірінші орындар мен тиесілі сертификаттарға «Әулие Ата» Қазақ мәдени орталығы, «Ахыска» Түріктер этномәдени орталығы, Немістер қоғамы, М.Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігі, «Радонеж» Орыс қауымдастығы, «Вынхуа» Дүнгендер этномәдени орталықтары ие болды.
Екінші орынға «Барбанг» күрділер қауымдастығы, «Архыз» қарашай-балқар қоғамдық бірлестігі, облыстық және қалалық Өзбек этномәдени мәдени орталықтары, Тәжік этномәдени бірлестіктері иеленді.
Үшінші орын иегерлері ретінде «Манас Ата» Қырғыздар, «Шиват Цион» Еврейлер, «Хазар» Әзірбайжандар, «Днепро» украин этномәдени орталықтарына да құрмет көрсетілді.
Сонымен қатар, бірқатар этномәдени бірлестіктер ынталандыру сертификаттарымен марапатталды. Олардың қатарында «Вайнах» шешен-ингуш, «Полонез» поляк тілі мен мәдениеті орталығы» ҚБ, Қытай этномәдени, «Айнұры» Татар-башқұрт мәдени орталықтары, Гректер қоғамы бар.
Осыған қоса, ҚХА құрылымдарының жұмысы да назардан тыс қалған жоқ. Белсенді атқарылған жұмыстары үшін облыстық ҚХА Аналар кеңесі және «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігіне арнайы сертификаттар табысталды.
Ендігі кезекте облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы және «Қоғамдық келісім» мекемесімен этномәдени бірлестіктермен қоса, өңірлік ассамблеяның медиация, журналистер клубы сияқты құрылымдарының да белсенділері атап өтіліп, марапатталды. Бұл марапаталушылар қатарына «Ахыска» түрік этномәдени орталығының төрағасының орынбасары – Ибрагим Зуфаров, «Вынхуа» дүнгендер бірлестігінің Ақсақалдар кеңесінің төрағасы – Идрис Юнусов, Жамбыл аудандық «Барбанг» күрділер қауымдастығының мүшесі, біріккен қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары – Сабри Асанов, Байзақ аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы – Қыдырәлі Оралов, жеке кәсіпкер – Латиф Айдаров, «ҚХА халық шығармашылығы шеберлері» клубының өкілдері – Сталина Хе мен Наталья Мешкова, Тәжік этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесінің төрайымы – Гүлхумор Давлатова, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығы төрағасының орынбасары – Нұрислам Кенжебеков, Жамбыл облыстық ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы – Бигелді Тәжібаев, ҚХА Медиаторлар кеңесінің төрағасы – Ирина Федорова, облыстық «Ақ жол» газетінің тілшісі, журналист – Марат Құлыбаев және облыстық «Знамя Труда» газетінің фототілшісі – Юрий Ким кірді.
Ішкі саясат басқармасына қарасты аймақтық Ассамблеяның бағалау, мадақтау құрметінен өзге де этномәдени бірлестіктердің басшылары, «Бейбітшілік пен келісім» спорттық эстафетасының қатысушылары, «Бүгінгі заман ертегісі» республикалық байқауының жүлдегерлері, шығармашылық ұжымдардың жетекшілері қалыс қалмады. Олардың барлығына бағалы сыйлықтар табысталды.
Ерекше атап өтейік, қатысушылар арасында Мемлекеттік марапатқа ие болғандар да болды. Мәселен, «Жомарт жан» ҚХА төсбелгісімен облысымыздың меценаты, Жуалы аудандық «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы – Лечи Оздамиров, облыстық «Вынхуа» дүнгендер қауымдастығының өкілі, жоғары санатты дәрігер – Тимур Аширов, облыстық Немістер қоғамының өкілі – Дарья Барсукова марапатталды. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың «Алғыс хатымен» Тараз қалалық Өзбек мәдени орталығы және облыстық «Радонеж» орыстар қауымдастығының басшылары – Абдырахман Зайнутдинов пен Владимир Сорокин марапатталды.
Кеш соңында жиналған қауымға Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әртістері өнер көрсетті. Салтанатты жиын естелік фотосессиямен аяқталды.
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы