ТАРАЗДА ТӘЖІК ЭТНОСЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Биылғы жылдың 8-ақпанында Тараз қаласының Достық үйінде «Жамбыл облыстық Тәжіктер этномәдени бірлестігі» ҚБ ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан және Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ақбаржон Исмаиловпен кездесуі өтті.

Тәжік этносының жергілікті өкілдері қонақтарды этномузыкамен және арнайы мәдени бағдарламамен қарсы алды. Оларға тұрмыстық заттар, тәжік этносының музыкалық аспаптары және жәдігерлері кіретін арнайы көрме-экспозиция ұсынылды.

Жиын этносаралық қатынастардың тұрақтылығы және өңірдегі тәжік этносының ахуалын бағдарлау тұрғысында өткізілді. Ғалымжан Махан тәжік этномәдени бірлестіктері құрылу тарихының түпқазығынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі тыныс-тіршілігіне тоқталды.

Спикер ҚХА жұмысы, құрылымдардың жүйелі жұмысының маңыздылығы, жастар арасынан жаңа көшбасшылар құрудың, әйелдерді белсенді қоғамдық өмірге тартудың өзектілігін, бірлестік өкілдеріне мемлекеттік тілді үйренуге де зор мән беру керектігі және мемлекет тарапынан бұл іс-қимылдарды жүзеге асыруға қажетті барлық мүмкіндіктер жасалғандығын тілге тиек етті. Өз сөзінде этносаралық бағыттағы көптеген маңызды мәселелерге шолу жасай келе, тәжік мәдениетінде алдыңғы орынға ие қолөнер көрмелері мен музыкалық шығармашылықтарын республикалық деңгейге дейін көтеру мәселесіне аса мән беруді айтып өтті.

Сондай-ақ, Ақбаржон Исмаилов өзге этностардың қасиетті Қазақстан жерінде туылып өскендіктен және Қазақ елінің оларға салт-дәстүрі мен мәдениетін өсіп-өндіруге, сақтауға зор мүмкіндіктер жасап отырғандықтан, мемлекеттік тіл – қазақ тілін үйренуге және мәдениеті мен тарихын білуге ерекше ықылас қою керектігін баса айтты: «Мұндай мүмкіндіктер этностарға тек Қазақстанда ғана жасалған, осының қадірін білу керек. Қазіргі кезде тәжіктер бірлестіктерінің өкілдері қазақ тілін өте жетік меңгерген, 100 пайызға біледі десем де артық болмайды. Жалпы республика бойынша 11 этномәдени бірлестік филиалдары бар, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады».

Бұған қоса, Тараз қалалық Өзбек мәдени орталығының төрағасы Абдырахман Зайнутдинов тәжік этносының тарихына көз жүгіртіп, тәжік және өзбек этностарының өзара тығыз байланысы мен жақындығы туралы баяндап берді. Сонымен бірге, бірлестік төрағасы Махкам Орифов орталықпен атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде баяндады.

Шара соңы қоғамдық-мәдени жұмыстарға атсалысқан тәжік этносы өкілдері мен жастарының ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығы меңгерушісі, ҚХА төрағасының орынбасары Алмас Әзілхановтың Алғысхаттарымен марапатталуымен аяқталды.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі