ТАРАЗДА «МӘМІЛЕ» КЛУБЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

«Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен Достық үйінде «Мәміле» қазақ тілі пікірталас клубы жобасының қорытынды отырысы өтті.

Қоғамдық келісім КММ басшысы Мүбарак Жинақбаеваның модераторлығымен өткен аталмыш жиынға клуб мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері, «Ассамблея жастары» РҚБ мүшелері, мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдері, тіл үйренушілер, БАҚ өкілдері қатысты.

Мәміледе қазақ халқының тарихи және мәдени мұрасын, салт-дәстүрлерін, менталитетін және өмірлік құндылықтар жүйесін зерделеу арқылы мемлекеттік тілді үйрену көзделген.

Бүгін осы мәміле клубының 6 айлық жұмысы қорытындыланды.

Бұған дейін 7 отырысы өткен «Мәміле» пікірталас клубында отбасы, туыстық қатынастар, еліміздің әдебиеті мен тарихына, ұлттық- мемлекеттік мерекелеріміз бен атаулы күндерге, қоғамдағы жастардың мәселелері көтерілді. Әр отырысқа мәдениеттанушы, тарихшы, тілдің кәсіби оқытушылары, креативті, белсенді спикерлер тартылды.

Сондай ақ, бүгінгі «Мәміле» отырысының қонағы «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, қоғам белсендісі Исламбек Дастан дені жастардан құралған пікірталас алаңы жұмысына пікір білдірді.

Қатысушы жастар пікірлері ұнаған тақырыптар қатарына ғалым С.Құлбарақтың ұлы Абайдың өмірі туралы айтқаны және спикерлер Р.Нұрақбаевтың отбасы құндылықтары жайлы сабақтарын ерекше атап өтті.

Ерекше атап өтетіні «Мәміле» клубының қатысушылары жас ерекшелігі және мамандықтары әр алуан бірі – дәрігер, бірі ағылшын мұғалімі, теміржолшы, сондай ақ банк, мәдениет қызметкерлері. Барлығының басын қосқан бір қасиет — мемлекеттік тілді еркін игеруге деген құлшыныс.

Тіл жанашырларына арналған басқосуда Махмұт Қашғари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мухаббат Турдыеваға арнайы сыйлық берілді.

Айта кетейік, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге, мемлекеттік тілді ілгерілетуге байланысты шараларға жыл бойы атсалысып келе жатқан клуб мүшелеріне сертикаттар мен сыйлықтар табысталды.

Аталмыш клуб жұмысы алдағы жылы өз жұмысын қарқынды жалғастыратын болады және онда дәстүрлі жағдайларда қазақ тіліндегі диалогтарда ауызекі сөйлеу дағдылары меңгеріліп, риторика – шешендік өнер игерілмек.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі