Таразда Ауған соғысы ардагерлеріне арналған кеш өтті
Ағымдағы жылдың ақпанында Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Біз сіздерді есте сақтаймыз!» еске алу кеші өтті.
Аталған шараға, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылары, Ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы, №2025 әскери бөлімі, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылық әскери бөлімі қызметкерлері мен офицерлері, ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестіктер өкілдері, көппрофильді №41 гимназияның әскери – техникалық сыныбы, Жамбыл облысы әкімідігі білім басқармасы «Балалар мен жасөспірімдер арнаулы мектебінің» оқушылары, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.
Мұндағы мақсат мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру бойынша ЖҰЖ-ның 97-тармағын орындау үшін оқушылар мен жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиені күшейту, облыстық, қалалық және аудандық Достық Үйлері жанынан “Aibyn”әскери-патриоттық тәрбие клубтарын құру болып табылады.
Осыдан 30 жыл бұрын Кеңес әскері Ауған соғысынның алаңынан шығарылды. Бұл 1989 жыл болатын. Отан алдындағы борышты өтеуге кеткен Қазақстандық сарбаздар Ауғанның қан майданына аттанған. Небәрі кәмелеттік жастан енді асқан жас сарбаздар соғыс алаңына тап болғандарынан бейхабар болған. Ұшақтардың апаты мен жойқын жарылыстардың арасында он жылға жуық жаулармен шайқасты. Бүгінде бұл уақыт толқынындағы тарих.
Осынау ерліктің ел ертеңі ұрпақ алдында насихаттап, азат аспанының астында ғұмыр кешу оңай олжа болмағандығын өнеге – өсиет ету бізге парыз.
Осыған орай еске алу кешінде облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен жасөспірімдер арасында «Айбын» әскери-патриоттық клубы құрылды. Клубқа облыстық этномәдени бірлестіктердің белсенді жастары қабылданды. Кештің барысында Ауған соғысының салдарынан қаза тапқан жауынгерлерін және жақында ғана қаза болған Ауған соғысының ардагері, КСРО Армиясының Бас штабы БББ (Бас Барлау Басқармасы) арнайы барлау жасағының 177 – ші жасағының командирі, халық арасында Қара майор ретінде білетін отставкадағы полковник мусбат Керімбаев Борис Төкенұлын бір минут үнсіздікпен еске алды. «Жалын» вокалдық триосы, Сергей Ефимов, Власов Андрей, №41 гимназияның әскери – техникалық сыныптары арнайы әскери үлгідегі формамен әскери-патриоттық тақырыпта әндерін орындады. Отанға оралмаған жауынгерлер туралы бейне-ролик көрсетілді, өлеңдер оқылды. Сондай-ақ, соғыс аймағынан аман келген ардагерлерді ардақтап естелік сыйлықтар табыстап, құрмет көрсетілді. Достық үйі жанынан құрылған «Айбын» әскери-патриоттық клубының жас жеткіншектеріне ардагерлер өз қолдарымен таңбашалар табыс етті және Айбындық жастар ант қабылдады. Кеш соңы «Атамекен» әнімен және естелік суреттерге түсумен тәмамдалды.
Жамбыл облысы әкімі аппаратының
«Қоғамдық келісім» КММ
баспасөз қызметі