Таразда қырғыз этносының мәдениеті мен өнері күні өткізілді
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Тараз қаласында «Жамбыл облыстық «Манас Ата» қырғыз этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қырғыз этносының мәдениеті мен өнері күні өткізілді.
Іс-шара барысында қоғамдық бірлестік төрағасы Сағымбек Чолпоналиұлы Мырзабеков қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті, мемлекеттік ұлттық бірегейлікті нығайту бағытында жұмыс жүргізу – бірлестіктің негізгі мақсаты екенін, қырғыз бен қазақтың дәстүрлеріндегі ұқсастықтар және тамырластықты сақтау жөнінде айтып өтті.
Қырғыз этносы күніне Ақсақалдар, Аналар кеңестері қатысып, бірлестіктің жастар қанаты өз өнерлерін көрсетті. Атап айтқанда, қобыз және домбыра музыкалық аспаптарының сүйемелдеуімен айтылған «Арман-ай», «Жылқычының ыры» әндері айтылып, «Манас» эпосынан үзінділер оқылды. Сондай-ақ, Қырғыз елінің жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері Шыңғыс Айтматовтың өмірбаяны мен өнері туралы сөз қозғалып, жазушының «Қош бол, Гүлсары», «Ерте қайтқан тырналар» атты шығармаларынан үзінділер көрсетілді.
Іс-шара соңында қатысушыларға белсенділік үшін алғыс хаттар мен сыйлықтар берілді.
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы