Тараз қаласында «Бір шаңырақ астында» байқауы өз межесіне жетті
Жамбыл облысы БАҚ қызметкерлері арасында 28-маусым байланыс және ақпарат қызметкерлерінің төл мерекесіне орай, ағымдағы жылдың маусым айында «Бір шаңырақ астында» облыстық байқауы жарияланып, жеңімпаздары анықталды.
Қаламын қасына серік еткен журналистерге арналған байқаудың негізгі мақсаты – этносаралық татулықты насихаттауда мемлекеттік саясаттың мәні мен мазмұнына тоқталу, ауызбіршілікті дәріптеу, сонымен қатар ұлттың болмысын аңғартатын дәстүрлердің озық үлгісін көрсету болатын.
Сайысқа республикалық, облыстық, қалалық, аудандық бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінен жиылған жалпы саны 30-ға жуық үміткердің жұмыстары қабылданды. Байқауға қатысқан журналистер түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы мызғымас бейбітшілікті, еліміздің сындарлы саясатын насихаттаудағы еңбектерімен сынға түсті.
Байқау комиссиясы қарауына ұсынылған материалдар ереже талаптарына сәйкес іріктеліп, үміткерлердің жұмыс істеу тәжірибесі, материалдың маңыздылығы, мазмұндылығы, оны ұсыну тәсілі назарға алынды.
Мәресіне жеткен журналистер клубының марапаттау рәсімі Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедованың алғы сөзімен басталды. Мекеме басшысы журналистерді төл мерекесімен құттықтап, облыстық ассамблеяның жарықтандыру жұмысына сүбелі үлес қосқан БАҚ өкілдеріне алғысын білдірді.
Байқау ережесіне сай бәсекеге түскен журналистер жұмысы арнайы бекітілген әділқазылар алқасының шешімімен дәрежелі орындары және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Қорытындыға сай 1-орын, 150 000 теңге ақшалай сыйлыққа республикалық «Казахстанская правда» газетінің меншікті тілшісі Михаил Тё, 2-орын, 100 000 теңге ақшалай сыйлыққа облыстық «Jambyl.tv» телеарнасының редакторы Аружан Махсатқызы, 3-орын, 50 000 теңге сыйлыққа облыстық «Ақжол» газетінің Шу ауданындағы меншікті тілшісі Ерғали Қартайған ие болды. 30-ға жуық журналист бақ сынасқан бәсекенің қалған қатысушылары түгелдей қаржылай және ынталандыру сыйлықтарын иеленді.
Дәстүрге айналған бәсеке келер жылы да өз жалғасын табатын болады.
Іс-шара соңы фотосессиямен аяқталды.
Жамбыл облысы әкімдігі
ішкі саясат басқармасының
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы