Түрлі этнос өкілдері арасында «Поэзия минуттары» ұйымдастырылды
Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы өңірдегі интеркультурализм қағидаттарын ілгерілету, оның ұстанымдарын насихаттау мақсатында және Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, түрлі этнос өкілдерінің жастары арасында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған «Абай – дана, Абай – дара қазақта» Поэзия минуттарын өткізді.
Поэзия минуттарын өткізудегі мақсат – танымал ақындардың өмірінен мағлұмат беру, өлеңдерін мәнерлеп оқу, ақындар поэзиясының халыққа кең таралауына және оның шығармаларының сыры неде екенін таныту, ақындар өлеңдерін оқи отырып, адамгершілікке, шындықты айта білуге, адалдыққа, өлеңнен жақсы әсер ала білуге, ізденімпаздыққа тәрбиелеу, оқырмандардың шығармашылық қабілеттерін дамыта түсу.
Ерекше форматта өткен поэзия кешіне орыс, өзбек, түрік, түрікмен, әзірбайжан, ұйғыр этномәдени бірлестік өкілдерінің жастары қатысып, ұлы ақынның шығармаларын өз ана тілдерінде жатқа оқыды.
Іс-шараға қатысушы облыстық «Jambyl tv» телеарнасының қызметкері, Өскеменде өткен Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған этнос жастары арасындағы «Абай оқулары» республикалық байқауының 1-орын иегері, облыстық Ұйғыр этномәдени бірлестігінің өкілі Мухаббат Алеханова поэзия кешіне: «Жастардың ұлттық поэзияны құрметтеуі, оның ішінде Абай шығармашылығына деген қызығушылықтары мен өлеңдерін өз ана тілдерінде мәнерлеп оқуы мені қатты таңырқатып отыр. Өзге тілдерде ақын шығармаларын тыңдау сондайлық қызық болды. Мемлекеттік тілді тез меңгерген маған, өзімнен кіші жастардың қазақ тілін білуге деген құштарлығымен қоса, өз ана тілдеріне деген құрметі мені өздеріне тәнті етпей қоймады. Таразда осындай жастардың өсіп-өркендеп келе жатқанына іштей риза болып, кеудемді қуаныш кернеді»,- деп өзінің ыстық ықыласын білдірді.
Айта кету керек, поэзия минутына көптеген байқауда бақ сынап, мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетіп жүрген жастар қатысты.
Әсерлі поэзиялық кеш соңы фотосессиямен аяқталды.
Жамбыл облысы әкімдігінің
ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы