Қадірлі қазақстандықтар, жерлестер!
Қазақстанда жаңа жыл екі рет атап өтілетіні баршаға мәлім. Ел тұрғындары қыста Жаңа жылды қарсы алса, көктемде жаңа жылмен қайта қауышып, оны ұлттық салт-дәстүрге сай атап өтеді. Наурыз мерекесі – жалпы түркі халықтарының мерекесі, ұрпақтар жалғасы мен рухани қазына болып табылады. Бұл мереке ел бірлігіне, тыныштығына ықпал етеді. Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілтіп, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі де келіп жетті.
Осы ретте ұлттық мерекеде түрлі концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, жұртшылыққа қазақтың күйлері мен әуендері шырқалады, тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосылған Наурыз көже таратылады. Жиналған жұртшылыққа қазанға пісірілген ыстық палау мен бауырсақтар, тәттілер үлестіріліп, ыстық шай да беріледі. Жасыл ағаштар да отырғызылуда.
Әз-Наурызда барша қазақстандықтар мен әулиеталық жерлестеріме тілектері орындалып, жақындарының аман болуын тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Барлықтарыңыздың отбасыларыңызға береке-бірлік, бақ-дәулет тілеймін! Көктем барлықтарыңыздың көңілдеріңізді жадыратсын! Жасыл желек үйіңізге молшылық, тоқшылық әкелсін! Бір шаңырақ астында қаншама этнос өкілдері де бір адамдай бірлікте тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Ендеше, шаңырақтарыңызға бақ-береке қонып, ақ мол болсын, уайым-қайғы жоқ болсын!
Жамбыл облыстық Махмұт Қашқари атындағы ұйғырлар этномәдени бірлестігінің төрағасы Турдыева Мухабат Абдырахманқызы