МУЗЕЙДЕГІ ҚОС КӨРМЕ
Бүгін облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының «Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде» белгілі журналист, облыстық «Шиват Цион» Еврей этномәдени бірлестігінің өкілі болған Михаил Бунин мен музыкант Людмила Киршнер құрметіне арналған қос көрменің салтанатты ашылуы өтті.
Ұлтаралық қарым-қатынасты, бірлік пен келісімді, мәдени мұраны нығайтуға бағытталған шараны «Центр забота- Хэсэд Полина» Республикалық Еврей Қайырымдылық қоғамдық бірлестігінің Тараз қалалық филиалы мен облыстық «Радонеж» Орыс қауымдастығы ұйымдастырды.
Игі шараға облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі, өңірлік этномәдени бірлестік өкілдері, әдеби клуб мүшелері мен көрме иелерінің туыстары қатысты.
Жиында «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мубарак Жинақбаева, Тараз қалалық Өзбек этномәдени орталығының төрағасы Абдурахман Зайнутдинов, облыстық «Радонеж» Орыстар қауымдастығының төрағасы Владимир Сорокин және аталмыш қауымдастықтың өкілі Полина Воротникова, Еврей Қайырымдылық қоғамдық бірлестігінің қалалық филиалының өкілі Наталья Перфильева естеліктерімен бөлісіп, көрменің игілікті істің жалғасы екенін атап өтті.
Сондай-ақ, «Радонеж» Орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жанынан құрылған «Калинка» вокалдық тобының әншісі Любовь Шахова жиналған жұртшылыққа әннен шашу шашты.
Айта кетейік, көрмеге ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтуға және мәдени мұраны сақтауға үлес қосқан қос жерлесіміздің өмірі мен қызметі туралы сыр шертетін жеке заттары, фотосуреттері, марапаттары мен құжаттары қойылған.
Шара соңында көрменің лентасы қиылып, қонақтар онда қойылған жәдігерлермен танысты.