КЕРУЕН АЛҒАШҚЫ АЯЛДАМА – ТОЛҒАУЫ ТОҚСАН АНАЛАР КЕҢЕСІ
Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Достық керуені» жобасы аясында ағымдағы жылдың 20 қыркүйегінде Қордай ауданының Мәдениет үйінде облыстық ҚХА Аналар кеңесінің активтері, Қордай аудандық Аналар кеңесінің төрайымы мен белсенді мүшелері, аудандық ішкі саясат бөлімі, құқық қорғау органы қызметкерлері, этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, сондай-ақ, Қаракемер, Ауқатты, Қарасу, Сортөбе, Масаншы ауылдары Аналар кеңесінің жетекшілері және өңірлік ҚХА медиаторлары, барлығы 10 ауылдық округтің кеңес мүшелері қатысқан аудандық Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Отырыстың модераторы болып «Қоғамдық келісім» КММ басшысы – Мүбәрак Касымқызы іс-шараны өзі бастап кетті.
Жиын барысында аудандық Аналар кеңесінің – білім беру ұйымдарымен тығыз байланысы, мектеп, бала-бақша ата-аналарымен жұмысты күшейту, аудандағы дағдарыс орталығы психолог-мамандарымен байланысы, қыздар арасындағы ерте тұрмыс құру, ерте жүктіліктің алдын алу бағытындағы жұмысты күшейту мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, этнос әйелдерін қоғамдық-мәдени шараларға тарту, оларды әлеуметтендіру және мемлекеттік тілді меңгеруді қолға алу, тіл үйренудің тиімді жолдары талқыланды.
Мемлекеттік тілді жылдам үйрену әдіс-тәсілдері бойынша Сортөбе ауылы Аналар кеңесінің озық тәжірибелері аталып өтті. Мәселен, дүнген этносының өкілі Салима Вансильван жаз бойы жазғы демалыста балаларын қазақ отбасына жіберетіндігін сөз етіп, тілді тез үйренудің бір қарапайым жолымен бөлісті.
Сонымен бірге, сөз сөйлегендер қатарында Жамбыл облысы Полиция департаментінің «ЖПҚБ әйелдерді зорлық -зомбылықтан қорғау» тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Диляфруз Кенжиханова тарапынан «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» тақырыбында сөз қозғалып, жиналған аналарға осы бағыттағы заңнамалық өзгерістерге түсініктеме беріп, зардап шегуші болған жағдайда сенім телефондарына хабарласу мүмкіндігін пайдалануға және жалпы еліміздегі әрбір ананың құқықты сауатты болуы жөнінде нақты ұсыныстар берілді.
Бұған қоса, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы, қолайсыз отбасыларында балаға қысым жасап, қол жұмсап, баланы келеңсіз жағдайға душар еткен ата-аналарға шара қолдану, жапа шеккендерге психологиялық, әлеуметтік көмек беру тақырыбына кең көлемде тоқталды. Осы тұста Тараз қаласынан арнайы барған облыстық ҚХА медиаторы Ирина Федорова мен «Қоғамдық келісім» мекемесінде орналасқан ҚХА Медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиева да этностар үшін Қазақстанда барлық мүмкіндіктер жасалғандығын тілге тиек етті.
Жиын соңында шараның модераторы, мекеме басшысы Мүбәрак Қасымқызы ҚХА Аналар кеңесімен кеңесе жұмыс атқарған Қордай ауданының белсенді аналарына естелік сыйлықтар тарту етіп, алғысхаттармен марапаттады. Жиын көңілді фотосессиямен аяқталды.
«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі