Қазақ-қырғыз – бауырлас халықтар
Ертеден қазақ пен қырғыздың төсекте басы, төскейде малы қосылған бауырлас халықтар. Егемен ел қатарына қосылғалы, қос ел экономикалық, әрі рухани жағынан өзара ынтымақтастық пен ортақ келісімде өмір сүріп келеді. Соның бір дәлелі, бүгін, қарашаның 7-і күні ұлттық келісім мен қоғамдық бірегейлікті одан әрі нығайту мақсатында Тараз қаласында «Қоғамдық келісім» мекемесінің демеулігімен және «Жамбыл облыстық «Манас Ата» қырғыз этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қырғыз этносының мәдениеті мен өнері күні аталып өтті.
Шараға облыстық этномәдени бірлестіктердің белсенділері, жетекшілері мен жастары, қырғыз этносының өнер иелері және «Қоғамдық келісім» КММ басшылығы, баспасөз қызметі орталығы қатысты.
Іс-шара бірлестіктің ең жас өкілі Сағынбек Нұржігіттің қырғыз халқының салт-дәстүрі бойынша «Манас» эпосынан үзінді оқудан басталды. «Манас» жырын нақышына келтіріп жатқа оқып берген кішкентай Сағынбек жиылған жұртшылықты өзіне тәнті етті.
Сонымен бірге, «Манас Ата» қырғыз этномәдени бірлестігінің еңбегі сіңген өкілі Сағымбек Мырзабеков сөз сөйлеп, жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытында жұмыс жүргізу – бірлестіктің негізгі мақсаты екенін жеткізді. Қырғыз халқының қазақ жеріне келуінен бастап, бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігінен сыр шертті. Қос халықтың арасындағы өнер мен ұлттық дәстүрлердегі, әдет-ғұрыптардағы ұқсастықтар, өзара бауырластықты сақтау туралы әңгімеледі.
Сондай-ақ, аталған қоғамдық бірлестіктің мүшесі Әділбек Акбалиев этностың атқарып жатқан жұмысы, әскерге шақырылу, жұмыссыздықтың алдын алу, «Ауыл – береке» базары аумағында қоныстанған және аталған сауда орнында жұмыс істейтін қырғыз этносы азаматтарының жай-күйі, миграциялық тіркелу сынды т.б. бірқатар мәселелерге тоқталып, ой-пікірлер ортаға салынды.
Мәдени шара барысында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Қасымқызы Жинақбаева да қырғыз ағайындарды этнос күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Сонымен қатар, жиында «Манас Ата» қырғыз этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Абзалбек Ахметұлы Меңдібаев та: «Сонау ата-бабаларымыздан «қазақ-қырғыз бір туған» деген ынтымақ пен бірлікті арттыратын құнды сөз бар. Ия, қазақ пен қырғыздың өзара ұқсастықтары құндылығы жағынан өте көп. Биылғы жылы этномәдени бірлестік өз жұмысын қайта жандандыруға күш салуда. Алда талай мәселенің түйінін тарқатып, таным-таразысы жоғары істерді атқарамыз деп сенемін»-деді өз сөзінде.
Этнос күніне орай, Тараз топырағында өткен шараға жергілікті қырғыз халқының өнер иелерінің қатысуымен концерттік бағдарлама өткізілді. Баян аспабының сүйемелдеуімен Советбек Құлманбетовтың орындауында қырғыз халқының белгілі әндері шырқалды.
Жалпы қырғыз этносының этнос күніне арналған іс-шараның ойдағыдай деңгейде өтуіне бірлестік мүшелері Орынбасар Меңдібаев, Әділбек Акбалиев, Ералы Сейітов және этномәдени орталықтың Аналар кеңесінің мүшесі Амантұр Умбеталиевалар ерекше атсалысты.
Жиын соңы қырғыз халқының қонақтарға арнап жайған ақ дастарханынан дәм татылып, естелік суреттерге түсумен тәмамдалды.
«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы