Еврей этносы күндері өтті

-14

Жамбыл облысының Байзақ ауданында «Үлкен ел – Үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасының шеңберінде еврей мәдениетінің күндері болып өтті. Оны аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің қолдауымен «Шиват Цион» еврей мәдени орталығы ұйымдастырды. ушылар ымен Оқушыларды еврей халқының мәдениеті мен Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесмен таныстырды.

Байзақ ауданының жас жеткіншектері алдында «Шиват Цион» Жамбыл облыстық еврей мәдени орталығының төрайымы Людмила Корнилина, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Рано Убайдуллаева мен аудандық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің басшысы Махан Махамбетов сөз сөйлеп, берекелі елімізде бейбітшілік пен келісімді сақтап қалу үшін  Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі зор екенін атап өтті. Бүгінде облысымызда 100-ге жуық өзге ұлт өкілдері тұрып жатса, 74 этномәдени орталықтар жұмыс істеуде, олардың ішінде еврей этномәдени орталығы ең алдыңғылардың бірі болып құрылған деп айтуға болады.

Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Михаил Бунин қазіргі заманғы Қазақстанымыздың аумағына еврей халқының қашан және қалай келгені туралы баяндап берді. Олар орта ғасырда Ұлы Жібек жолымен саудагерлер қатарында жүріп өткен. Кейінірек 1825 жылы Семей округінде 12 адамнан тұратын «иудей діни сеніміндегі» қауым тұрақтайды. Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында КСРО-ның европалық бөлігінен Қазақстанға 100 мыңнан астам еврейлер күштеп қоныс аударылды.

Олардың көбі әр жылдары біздің еліміздің мәдениеті мен экономикасына орасан зор үлес қосты. Мысалы, Борис Гиммельфарб деген ғалым Қаратау таулы қыраттарында фосфориттік кендерді тапқан гелогиялық зерттеулердің тобын басқарды, музыкатанушы және композитор, өнертану ғылымының докторы Борис Ерзакович қазақ музыка фольклорын зерттеп жинақтаған, халық ақындары жайлы кітаптар   шығарған, қазақ музыкасының белгілі өкілі, композитор Евгений Брусиловский қазақ операсының, симфониясының, кантата, сюита, өлеңдер мен романстарының авторы ретінде танылған.

Осындай елге танымал, белгілі кісілердің қатарында біздің жерлестеріміз, көп жылдар бойы Жамбыл ГРЭС-ін басқарған Михаил Кукуйді, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ ССР-нің ең алдыңғы қатарлы «Трудовой пахарь» (қазіргі Түймекент ауылы) колхозының төрағасы болған Александр Нахмановичті байзақтықтар жақсы біледі және әрдайым естерінде сақтайды. Тәуелсіз Қазақстанымыздың өркендеуіне бүгінгі күні жастарымыз да атсалысып келеді. «Машхана» жастар қанатының мүшелері еврей этномәдени бірлестігі мен өңірлік ассамблеяның барлық іс-шараларына белсенді түрде араласады. Бүгінгі іс-шарада олар Тараз қалалық №2 және №16 орта мектептерінің оқушыларымен бірлесіп ауыл тұрғындарына үлкен концерттік бағдарлама дайындап келді. «Хава нагила», «Атамекен», Құрманғазы күйі, хорезм биі және басқалары көрермендердің көзайымына айналып, кошеметіне бөленді.

Кездесу соңында қоғамдық бірлестіктің белді мүшелері мен оқушыларға «Қоғамдық келісім» КММ мен «Шиват Цион» еврей этномәдени орталығының атынан мақтау қағаздары табыс етілді.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-қызметі.