Этножурналистика саласындағы үздіктер
Ағымдағы жылдың 17-қазан күні Тараз қаласында Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының “Қоғамдық келісім” мекемесінде облыстық ҚХА Журналистер клубының отырысы және Қазақстан Республикасы күніне арналған «Бір шаңырақ астында» этножурналистика саласындағы облыстық шығармашылық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Журналистер клубының кезекті отырысына осы бірлестіктің өкілдері, қазылар алқасы, республикалық, өңірлік, қалалық, аудандық БАҚ журналистері қатысты.
Іс-шараны «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Қасымқызы Жинақбаева құттықтау сөзімен ашты. Спикер өз сөзінде ҚХА, Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктері өткізетін іс-шараларды үнемі жариялап отыру қажеттігін және бірлескен жұмыстың маңыздылығын айрықша атап өтті. Бұдан әрі «Бір шаңырақ астында» байқауы талқыланды. Жамбыл облысы ҚХА Журналистер клубының төрағасы, республикалық «Казахстанская правда» газетінің жеке тілшісі Михаил Те байқаудың жұмыстары бойынша өз пікірін қатысушыларға егжей-тегжейлі жеткізді. Ол байқауға түскен материалдар жоғары деңгейде болғанын және жеңіске жетуге үміткер тілшілердің ішінен таңдау жасау қиындау болғанын да атап өтті. Бұған қоса, байқау жұмыстары арасында аналитикалық, публицистикалық, репортаждық сипаттағы сапалы материалдар, сұхбаттар құпталғанын түсіндіре кетті.
Сонымен қатар, Михаил Те байқау өткізуде келесі жылы номинациялар бойынша жүлделі орындар беруді ұсынды. Ұсынысын қатысушылар бірауыздан қолдады.
Баспасөз қызметі