ЭТНОСАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР САЛАСЫНДАҒЫ АҚПАРАТТЫҚ-ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫСТАР БОЙЫНША ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР ӨТТІ

2023 жылдың 28 шілдесінде ҚР Президентінің ҚХА-ның ХХХІІ сессиясында берген тапсырмасы аясында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары А.Ғ. Балаеваның төрағалығымен өткен отырыс хаттамасының 10.5-тармағын орындау мақсатында Министрліктің Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының ұйымдастыруымен онлайн форматта этносаралық қатынастар саласындағы ақпараттық-профилактикалық жұмыс бойынша әдістемелік семинар өтті.

Семинар бағдарламасы бойынша бірқатар тақырыптарда баяндамалар оқылды.

Атап айтқанда, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының Ксенофобия мәселелерін зерттеу орталығының директоры Д.Ғали «Көпэтносты қоғамдағы әлеуметтік шиеленіс потенциалын анықтау әдістемесі» тақырыбындағы баяндамасында өңірлерде орын алатын әлеуметтік шиеленіс потенциалын анықтау бойынша кеңестер беріп, этностар көп шоғырланатын аймақтарда кездесетін мәселелерге төтеп бере алу қабілеттілікті арттыру негізінде көптеген мысалдар келтірді. Әлеуметтік шиеленісті шешу барысында оның туу себептерін анықтап алу керектігін алға тартты.

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Әдістемелік және білім беру бағдарламалары орталығының менеджері Ә.Әміров «Ақпараттық кеңістіктегі этносаралық қатынастарды реттеудің негіздері» тақырыбында баяндама оқып, тақырыпты жан-жақты ашып, қатысушыларға кеңінен түсініктеме берді. Қазіргі таңда ақпараттың басты көзі болып табылатын ғаламтор арқылы этносаралық қатынасты реттеу бойынша бірнеше бағыттармен таныстырды. Ақпараттық себептерке анықтама беріп, оның түрлерін жіктеп айтып берді. Этносаралық қатынасты реттеуде оң және теріс ақпараттық қоғамға ықпалы жайлы да айтып өтті.

Келесі кезекте «Қоғамдық келісім» РММ Республикалық Достық үйінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының бас сарапшысы Г.Біләлова «Аудандық және ауылдық әкімдіктермен Қазақстан халқы Ассамблеясының кешенді жұмысы» тақырыбында атқарылып жатқан және атқарылатын жұмыстар мен жобалар туралы сөз қозғады. Бүгінгі күні ҚХА аясында түрлі бағытта жүзеге асырылып келе жатқан мемлекеттік тілді дәріптеу мақсатында «Үйде сөйле», «Ұлы даланың ұлтаралық тілі», «Мың бала» сынды жобалардың, әлеуметтік маңызы бар «Ел мұрасы», «Таза орта», «Қасиетті парыз», «Jastar media», «Social Assembly», «Бірлік тілі» жобаларының жұмысы жайлы да айтып өтті.

Сөз соңында ҚХА-ның жұмысының жандануына бірге үлес қосу керектігін айтты.

Сонымен бірге, «Қоғамдық келісім» РММ Ақпараттық жұмыс және жұртшылықпен байланыс басқармасының жетекші сарапшысы Н.Досмағанбетова «Қоғамдық келісімді нығайту саласын ақпараттық қамту ерекшеліктері» тақырыбында сөз қозғап, кеңінен ақпарат берді. Өз сөзінде қоғамдық келісімді нығайту бағытында ғаламтор ресурстары, ақпарат көздері, әлеуметтік желілер маңызды рөл атқаратындығын айта кетті.

Сондай-ақ өңірлердегі ҚХА төрағаларының әлеуметтік желілердегі парақшаларына мониторинг жасап, мысалдар көрсетті. Ақпарат көздері арқылы қоғамға әсер ету жолдарын да атап өтті.

Аталған тақырыптар аясында көптеген мәселелер қаралып, қатысушыларға әдістемелік құралдар ұсынылды.

 

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі