ЕЛДІҢ ҚУАТЫ – БІРЛІКТЕ!

Ел Президенті Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел экономикасын қалпына келтіру, саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы реформаларды жалғастыру мәселелеріне тоқталды. Қоғамда көптен бері талқыланып келе жатқан жерге байланысты жеріміздің шетелдіктерге сатылмайтынын мәлімдеп, ел Үкіметіне ауыл шаруашылығы жерлерін экономикалық айналымға енгізудің әдіс-тәсілдерін әзірлеу бойынша нақты тапсырма берді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында еліміздің дағдарыстан кейінгі кезеңдегі басты даму мақсаттары жайында, сондай-ақ, пандемия мемлекет үшін сынақ кезеңі болғаны жайлы сөз қозғап, еліміздегі ахуалдың жақсаруы босаңсуға себеп болмауы тиіс екенін айтты.

Маңызды құжатта халықтың әл-ауқатын көтеру, еңбекпен қамту, баспанамен қамтамасыз ету, жемқорлықпен күресу, электронды қарым -қатынасты арттыру, ауыл шаруашылықты субсидияландыру, өнеркәсіпті дамыту жолдары белгіленіп, көлеңкелі бизнестің және кредит алудың заңсыз жолдарын ауыздықтау керектігі туралы Үкіметке тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының басты бағыттарының бірі қоғамдық келісімді нығайту мәселесі де Жолдаудың назарынан тыс қалмады.

Елдің қуаты бірлікте. «Татулық – табылмас бақыт», «Бірлік – түбі тірлік», «Күш – бірлікте», «Ырыс алды – ынтымақ» – деп халқымыз тектен-тек айтпаса керек. Абай атамыз: «Татулықтан артық жолдас жоқ» деген. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды», – деген сөзі өткені мен бүгінгі тарихымызды ұштастырып отыр.

Бір шаңырақтың астында топтасқан, достығы берік, ынтымағы жарасқан тәуелсіз еліміздің басты байлығы – халықтар бірлігі мен достығы. Бірлік – тыныштығымыз бен бейбіт өміріміздің қорғаны. Тағдырдың жазуымен кең қазақ жерін мекен еткен, бүгінде ұрпақ өсіріп, ел игілігі жолында тер төгіп жатқан сан ұлт өкілдері киелі жерімізді өз Отаны санайды. Қоғамдық келісім мен бірліктің, татулықтың арқасында мемлекетіміз өркендеп, ілгері қадам басып келеді.

Ел басына күн туған қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі. Еліміз тәуелсіздігін алғанына 30 жыл толғалы отыр. Осы жылдар ішінде халқымыз талай қиындықтарды бастан өткеріп, толымды табыстарға қол жеткізді, биіктерді бағындырды. Дүние жүзіне бейбітшілік пен келісімнің, сенім мен тұрақтылықтың алтын бесігі ретінде танылдық. Кең байтақ Отанымызда өмір сүрген халықтар бақытты болашақтың, тұрақты дамудың тірегі ынтымақ пен бірлікте жатқандығын сезінуде.

Ата Заңымызда атап көрсетілгендей, кез келген ұлт өкілінің құқықтары тең. Конституцияның бірінші бабының өзінде басты құндылық ретінде адам, оның өмірі мен еркіндігі атап көрсетілген. Бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілу жалғасуда.

Тарихы терең ауданымызда отыздан астам ұлт өкілдері бірлікті нығайтып, ынтымағы жарасқан қазақ елінің берекесін арттыруға өз үлестерін қосуда. Берекелі іске ұйыстырған бірлік пен ырысқа бастаған ынтымақты сақтауды естен шығармайды.

Қазір әлем үлкен өзгерістерді бастан кешіруде. Сол әлемнің бір бөлшегі ретінде Қазақстан осы үдерістерден тыс қала алмайтындығы белгілі. Сондықтан еліміздің әр азаматы өзгерістер мен жаһандық сын-қатерлерге лайықты төтеп беруі үшін ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға үлестерін қосуы қажет.

Ел бірлігі – оның әр алуандығында. Басты міндет – ел тәуелсіздігін баянды етіп, дамыған 30 елдің қатарына ену, «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру.

Оралов Қыдырәлі Дәнебайұлы

Байзақ аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы,

ауданның Құрметті азаматы