Елбасының көшбасшылық қасиеті – жастардың болашағына жарқын жол
Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ, Тараз қалалық Достық үйінің басшысы Убайдуллаева Рано Махсұдқызы
Елбасын алғаш рет көруім – 2017 жылдың күзі еді. 2016 жылдың қыркүйегінде Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жаңа Достық үйіне қоныстанған болатын. Араға бір жыл салып, 2017 жылдың 18 қыркүйегінде Тараз шаһарының орталығынан орын тепкен сәулетті ғимаратты Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі көріп, бағасын берді. Мұнда Президент өңірлік этномәдени бірлестіктер жетекшілерімен және белсенді мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында Елбасы қазіргі таңдағы ең өзекті тақырып «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына тоқталды: «Қоғамды рухани жаңғырту мәселесі ешқашан дәл қазіргідей өзекті болған емес. Ақпараттық-сандық ғасырда бір орында тұруға болмайды, заман талабына сай жаңашылдықтарды қабылдап, өз-өзімізді жетілдіріп, өзгерістерге дайын болуымыз керек. Жеке тұлға ғана емес, жалпы қоғам бәсекеге қабілетті болуы тиіс»-деген Елбасының сөздері есімде қалыпты. Сонымен қатар, Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының бірегейлігін атап өтіп, латын әліпбиіне көшуді де тілге тиек еткен болатын: «Мен үнемі айтып жүремін, Қазақстанның дамуы елдегі бірлік пен тұрақтылыққа тікелей байланысты. Осы орайда латын әліпбиіне көшу халқымыздың бірлігі мен татулығын арттыра түсетініне сенімім мол»,-деген ой-пікірлері де әлі маңыздылығын жойған жоқ деп ойлаймын.
Сондай-ақ, күні кешегідей есімде, Нұрсұлтан Әбішұлы «Көне Тараз» тарихи-археологиялық саябағындағы қазба жұмыстар кезінде табылған археологиялық ескерткіштерді тамашалап, Достық үйінің «алғыс ағашында» өзінің Жамбыл халқына деген ізгі тілегін қалдырды.
Елбасымен алғаш толғанысты кездесуім менің жүрегімде өшпес із қалдырды. Сол сәттегі Елбасына деген құрмет пен жауапкершілік атмосферасын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Президентпен бір кездесудің өзі көптеген біздің ҚХА жастарымыздың өмірін өзгерткенін білемін.. Елбасымыз өзінің өткір де, әрі жылы, жанашыр көзқарасымен-ақ, біздің жастарға күш-қуат бере білді. Түрлі этнос өкілдері қатысқан кездесуде мен Тұңғыш Президенттің мықты да, сындарлы саяси стратегиясын толық түсіндім.
Н.Ә.Назарбаевтың еліміздің әлеуметтік даму моделіне айналған бейбітшілік, ұлттық бірлік және қоғамдық келісім идеясы, іргелі және жүйелі қалыптастырушы негіз екенін көрсете білді. Бейбітшілікті ту еткен Елбасының сол кезеңдегі саясаты, халықтар достығының нығая түсуіне күні бүгінге дейін өз үлесін тигізуде.
Жалғыз ғана кездесуімде Елбасының бойынан лидерлік лепті сезіндім және көшбасшылық қасиеттерін көрдім. Сондықтан, ең алдымен, жастар күрделі базалық білім алуға ұмтылуға және көшбасшылық қасиеттерге ие болуға тиіс. Келер ұрпақтың бойына осы қасиеттер дарыса, немесе бойынан табылса болашақ Қазақстанымыздың келешегі зор және көркейе түсері сөзсіз!