«Достық керуені» жобасы Сарысу ауданында

 

Облыстағы этностар бірлігін дәріптеп, ынтымағын нығайтуға бағытталған «Достық керуені» жобасы Сарысу ауданына келді. Жамбыл облысының 85 жылдығына орай өтіп жатқан жоба аясындағы аудандық мәдениет үйінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Керуен тобын аудан әкімінің орынбасары Ерлан Дайрабаев, аудандық ардагерлер кеңесі, этномәдени бірлестік өкілдері үйінде бар сән-салтанатымен қарсы алды.

Айта кетейік, керуен құрамында облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Дәурен Тайлеев, мекеме қызметкерлері, облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан, төраға орынбасары Абдырахман Зайнутдинов, облыстық Тәжік этномәдени орталығының төрағасы Махкам Орифов және өңірлік «Ассамблея жастары» РҚБ мүшелері бар. Бүгінде ауданда 8 этнос өкілдері қоныстанған. Шара аясында түрлі этностардың ұлттық тағамы ұсынылып, қазақтың бал қымызы қонақтарға бұйырды. Одан кейін, бағдарламаға сай әуелі «Бірлік – әралуандылықта» тақырыбында жас суретшілер мен қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылды.

Аталған көрмеде аудандық «Аула» клубы, Жаңатас қалалық өнер мектебі, Балалар шығармашылық орталығы, Балалар жасөспірімдер орталығының 30-ға жуық шығармашыл шәкірттері қағаз бетіне этностар достығын бейнелеген суреттер салды.

Салынған суреттерден байқағанымыздай балалардың басым көпшілігі шаңырақ бейнесін өздерінің туындысына басты бейне етіп алған.

Өз кезегінде көрмені тамашалаушылар жас қылқалам иелерінің еңбегін қызықтап, жоғары бағаларын берді.