ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ ЖИТС-КЕ ҚАРСЫ АКЦИЯ ӨТТІ

Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні қарсаңында Достық үйінде «Адам құқықтары жолында дұрыс жолды таңдаңыз!» тақырыбында қала тұрғындары мен студенттерге арналған кең ауқымды акция өтті.

Аталған шараны Жамбыл облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығы және «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігімен №2 қалалық емхана жанынан ашылған облыстық «Жан-Нұр» жастар денсаулық орталығы, облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі бірлесіп ұйымдастырды.

Акция барысында облыстық ЖИТС орталығының эпидемиолог дәрігері Индира Досымова АИТВ-инфекциясы және алдын алу шаралары туралы айтып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Сонымен қатар, мамандар осындай акциялардың халықтың медициналық сауатын арттыру үшін маңызды екенін атап өтті. Шарада өзінің АИТВ статусын білуге ниет білдіргендер жедел тестілеуден өтті. Студенттер жедел тестілеуді экспресс әдісімен тапсыруға мүмкіндік алды.

Іс-шара соңында ЖИТС орталығының қызметкерлері ұйымдастырған флешмоб тамашаланды.