ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ «ЕЛТАНУ» (ҚАЗАҚТАНУ) ЖОБАСЫ АЯСЫНДА «АЛТЫН ШАҢЫРАҚ» АЛАҢШАСЫ АШЫЛДЫ

Қазақ халқының  салт-дәстүрін,   ұлттық құндылықтарын  өзге этностарға дәріптеуге бағытталған  Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану» (Қазақтану) мәдени-ағартушылық  жобасының ауқымы жыл артып кеңеюде.

2018 жылы ҚХА-ның XXVI сессиясында қабылданған жоба қазіргі таңда қоғамнан қызу қолдау тапты.

Баянды бастама аясында бүгін Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің Көрме залында мекеме басшысы Мубарак Қасымқызының ұйытқы болуымен құнды жәдігерлердің бірі алты қанатты киіз үй – «Алтын шаңырақ» алаңшасы ашылды.

Салтанатты шараға өңірлік ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестік жетекшілері, Аналар, Ақсақалдар кеңесі,  қалалық білім бөліміне қарасты №17 бөбекжай-балабақшасының бүлдіршіндері мен  тәрбиешілері,  №18 Еркеназ бөбекжай-балабақшасының тәрбиешілері және мекеме ұжымы қатысты.

Тарихи құндылықтарды айшықтаған алаңшаның ашылу салтанатында «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Дәурен Тайлеев және өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Исмайл Хаджимуратов  сөз алып, ұлттық болмысымызды танытатын мұндай бастаманың берері мол екендігін алға тартты.

– «Алтын шаңырақ» алаңшасының пайдалануға берілгені – жаһандану заманында рухты жаңғырту арқылы, заманауи үрдістерге жұтылып кетпей, ұлттық, рухани артықшылықтарымызды сақтап қалуға арналған әрекеттің  жарқын көрінісі.  Өткенімізге үңіліп, жоғымызды түгендеп, ұлттық рухты дүр сілкінтуге бағытталған бұл шаралардың қайсысы болмасын еліміз үшін қымбат, – дей келе  ақсақал Исмайл Хаджимуратұлы көпшілікке ақ батасын берді.

Сондай-ақ, шарада «Ассамблея бөбектері» жобасының белсенділері, қалалық  №17 бөбекжай-балабақшасының  тәрбиеленушілері Отан, Тіл тақырыптарында  тақпақтарын айтып, өнерлерін ортаға салды.

Бауырмалдық байланыстырған көптеген этностардың өзара араласып, қазақи құндылықтарды тануда алаңшаның атқаратын рөлі зор. Іс-шарада «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы филиалы төрағасы  Фарида Нақыш   еңселі ел болуға ұмтылған мемлекетіміздің алтын шаңырағы биік болсын деген ақжарма тілегін жеткізіп, тәттіден шашуын шашты.

Иә, алаңша – қазақ руханиятынан хабар беретін «Елтану» (Қазақтану) жобасының жемісі. Алдағы уақытта Достық үйіне келетін қонақтар осынау алты қанатты киіз үйдің жарты моделі арқылы қазақ халқының болмысын танып, тұрмыс тіршілігін, салт-дәстүрлерін, әдеп-ғұрпын ұғынып,  ұлттық ойындары мен театрлық қойылымдарын көре алады.

–Елтану деген сөз – оның бірлігін, елдігін, мәдениетін, әдебиетін, тарихын, дәстүрін тану дегенді білдіреді. Ендеше, алдағы уақытта өңіріміздегі этнос өкілдерінің қазақтың қайнар көзін танып, руханиятымен сусындауына жұмыс жасау жоспарланып отыр. Бұл жоба арқылы ашылған алаңша да халқымызды біріктіріп, мемлекет  тұрақтылығын нығайта түсетініне сенім мол, – дейді «Алтын шаңырақ» алаңшасының  жетекшісі, Көрме залының меңгерушісі Жазира Шілдебаева.

Шара соңында өнер көрсеткен бүлдіршіндерге Қазақстан халқы  ертегілері топтамасы сыйға беріліп, «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкері Қалижан Саркеев әуезді әнімен көпшіліктің құлақ құрышын қандырды.