БОЛАШАҚ ҮШІН ЕСТЕЛІК

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Достық үйінде «Болашақ үшін естелік» атты кеш өтті.

Атамекенінен алысқа ұзап, нәубетті жылдарды бастан өткерген этностарға арналған кеш «Дулати жастары» театрының «Қанмен жазылған хат» атты тарихи қойылымымен басталып, 1 минут үнсіздікке ұласты.

Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген ұлт өкілдері үшін қазақ жері құтты мекенге айналғаны белгілі. Осыған орай, кеш барысында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, «Дулатитану және Өңір тарихы» Ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, облыстық ҚХА-ның Ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Сейдахан Бақторазов Әулиеата өңіріндегі саяси қуғын-сүргін туралы баяндаса, «Қарашайлар мен балқарлардың – Бірлік» Архыз республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл филиалының өкілі Леля Узденова, Жамбыл облысы корейлер қауымдастығы «КОРЁ» қоғамдық бірлестігінің атқарушы хатшысы Светлана Ким және «Жамбыл облысы немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің этномәдени жұмыстарын үйлестірушісі Евгения Кобер тақырып төңірегінде сөз алып, нәубетті жылдарда бастарынан сипап бауырына басқан қазақ халқына алғыс білдірді.

Ата-жұрттан айырылған этностарды, жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің рухына тағзым етуге арналған бұл кеште «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева қоғамдық өмірге белсене араласып, ортақ Отанымыз Қазақстанның өркендеуі жолында қызмет етіп жүрген бірқатар этнос өкілдерін марапаттап, сөз сөйледі.

Тарихи-танымдық жиында Қалижан Саркеев «Самға қазақ» және Екатерина Щелкова «Земля Казахстана» әндерін нақышына келтіре орындады.

Шара соңында зұлматты жылдарда қыршыннан қиылған жазықсыз ата-бабаларымыздың рухына құран бағышталды.