БАЛАЛАРДЫ ТОЛЫҚ ОТБАСЫНДА ТӘРБИЕЛЕУДІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Отбасы институтын нығайту және гендерлік мәдениетті қалыптастыру» дәрісі аясында «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында кездесу жиыны өтті. Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдер арасында түрлі құқық бұзушылық фактілері орын алуда. Бала да, шаға да зорлық-зомбылық құрбанына айналып жатыр. Мұның бәрі сайып келгенде отбасындағы тәрбиеге келіп тіреледі.

Жиынға модератор болған «Анаға тағзым» орталығының директоры, ҚХА Жамбыл облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали: «Баланың бас ұстазы—ата-анасы» екеніне тоқталып, отбасының адам өміріндегі мәні, ата-ана тәрбиесінің рөлі туралы айтты. Қазіргі уақытта балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстардың белең алғаны жөнінде айта келіп, оған қоғам болып қарсы жұмылу керек—деді.

Ал, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Берікбол Байқожаев баяндамасында әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылықтың азаймай отырғанын тілге тиек етті. Мұндай қылмысқа қатысты жазаның да күшейтіліп жатқанын атап көрсетті.

Бірақ, бұл — аталған мәселеге тоқтам бола ала ма? Сайып келгенде, отбасындағы келіспеушіліктер мен түсінбестіктер осындай келеңсіздіктердің тууына сеп болуда. Сондықтан, бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті тек әйел-аналарға ғана артып қоймай, ер-азаматтарды да қоғамдық кездесулерге тарту қажеттілігі туындап отыр. Бұл тұрғысынан келгенде көпшіліктің ойы бір жерден шықты.

Жамбыл облысы бойынша «Аналар кеңесі» төрайымының орынбасары Аракси Плетнева, Тараз өңірлік университеті жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Ардақ Жантаева, психолог, тәжірибелі медиатор Ирина Федорова және басқа да қонақтар тақырып аясында өз ойларын ортаға тастап, пікірлерін білдірді. Балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдары неден туындайтыны, ерлі-зайыптылардың ажырасуы, отбасылық қолайсыздықтардың алдын алу және толық отбасындағы тәрбиенің маңыздылығы да әңгіме арқауына айналды.

Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі