БАЛАЛАРДЫ ҚУАНТУ — ҰЙҒЫР БІРЛЕСТІГІНІҢ БАСТЫ ҰСТАНЫМЫ

#Мектепкежолакциясы

#МектепкежолЖамбыл

 

Жыл сайын дәстүрлі түрде ел көлемінде тамылжыған тамыздан бастап, қыркүйек айының соңына дейін «Мектепке жол» акциясы өтеді.

Науқанға облыстық ассамблеяның этномәдени бірлестіктері бір кісідей жұмыла кірісіп, елдік пен кеңдіктің үлгісін тең көрсетіп келеді.

Қайырымдылық жасаудан қапы қалмайтын этностардың бірегейі «Махмұт Қашқари» атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігі ҚР Конституциясы күні мен Білім күніне орай  Достық үйінде «Мектепке жол» акциясын өткізді.

Аталмыш бiрлестiктің төрағасы Мухабат Турдыева бастаған акцияның басты мақсаты  — аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуы алдында материалдық көмек көрсету, балалардың әлеуметтік себептер бойынша мектепке бармауының алдын алу болып табылады.

Дәстүрлі акцияда аталған бірлестік өкілдері 30 баланы мектепке қажетті оқу құралдарымен қатамасыз етті.  Қайырымдылық көмегі ұйғыр, өзбек, қазақ, дүнген тағы да өзге этнос өкілдерінің  балалары  мен  балалар үйінің тәрбиеленушілеріне үлестірілді.

Айтулы жиында  бірлестік жетекшісі Мухабат Абдрахманқызы және «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Дәурен Тайлеев балаларды жаңа оқу жылымен құттықтап, ақжолтай қуаныштар мен білімде сәттілік тіледі.

-Аталған акция  алғаш рет 2007 жылы дәл осы өңірлік Ұйғыр этномәдени бірлестігінде әлеуметтік көмек ретінде бастау алып, кейінірек  республикалық сипатқа ие болды. Міне, содан бері желісі бір үзілмей, қарқынды түрде жалғасып келеді. Атаулы акция болашақта да жалғасын тауып, ауқымы кеңейеді деген сенімдемін. Біздің бір баланы демеп, бір баланы мектепке дайындауымыз —болашақта еліне адал қызмет ететін ұрпаққа берген үлесіміз деп білемін. Сондықтан, барлық азаматтарды  мұндай қайырымдылық акциясынан алыс болмай, мүмкіндігінше атсалысуға шақырамын! Бүгінгі шараға үлес қосқан әрбір жанға алғысым шексіз, – деді Мухабат Турдыева.

Акция аясында балаларға базарлық таратылып қана қоймай, оларға сәні мен сәулеті келіскен Достық үйінің ішкі көрінісі көрсетіліп, түрлі аниматорлық ойын-сауықтар, сабын көпіршіктерінен шоу ұйымдастырылды.

Өз кезегінде акцияға қатысқан ата-аналар да бірлестік мүшелеріне ризашылығын білдіріп, зор алғыстарын жеткізді.

 

#Дорогавшколу

#дорогавшколуЖамбыл