БАЙЗАҚТА ҚХА АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Достық керуені» жобасы аясында Ақсақалдар кеңесі бас қосты.

Дәлірек айтқанда, ағымдағы жылдың 12 қазанында Байзақ ауданы Сарыкемер ауылы, «Қоғамдық келісім» мекемесінде өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесінің «Ақсақалдар кеңесі – ел бірлігінің кепілі» атты көшпелі отырысы өтті.

Іс-шараға қатысқандар — Жамбыл облысы ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы мен мүшелері, этномәдени бірлестіктері, Байзақ аудандық Ақсақалдар кеңесі мен этномәдени орталықтары, БАҚ өкілдері, ауыл тұрғындары.

Сонымен бірге, алқалы топта сөз сөйлегендер қатарында Жамбыл облысы ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, «Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени орталықтары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Идрис Юнусов, облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі қоғамдық бірлестігінің төрағасының орынбасары Ибрахим Зуфаров, «Хазар» әзербайжан этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асабали Поилиев өз ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы өңірлік ақсақалдар кеңесінің үлгілік жұмыс жоспары мен Жамбыл облысы ҚХА Ақсақалдар кеңесінің 2023 жылға жұмыс жоспарының орындалуы талқыланды.

Сондай-ақ, 2022 жылғы 25 қарашада Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында бекітілген Үлгілік ереженің 8-тармағы, Ақсақалдар кеңесінің міндеттерін басшылыққа алып жұмыс жасау керектігі түсіндірілді. Ұлтаралық келісім, жастар тәрбиесі, діни радикализм жөнінде де айтылды.

Алдағы уақытта да қоғамдағы тұрақтылыққа аса зор назар аударып отырса, Ақсақалдар кеңестері үкімет пен тұрғындар арасындағы әмбебап диалог алаңына айналатыны сөзсіз.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс»  бөлімі