АҚПАРАТ Жамбыл облысы, Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында «Қазақстан Республикасының этномәдени саясатының жалпы тәсілдері мен негізгі принциптері» тақырыбында аймақтық семинар өтті
Ағымдағы жылдың сәуір айында Жамбыл облыстық әкім аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғылыми-сараптамалық бөлімінің ұйымдастыруымен Байзақ, Жамбыл және Жуалы аудандарының мемлекеттік қызметкерлері мен этномәдени бірлестіктерінің өкілдерінің қатысуымен Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында «Қазақстан Республикасының этномәдени саясатының жалпы тәсілдері мен негізгі принциптері» тақырыбында аймақтық семинары ұйымдастырылды.
Семинардың мақсаты – қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру технологиялары бойынша тыңдаушылардың кәсіби білімі мен дағдыларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Елбасының «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттерді арттыру. Корсетілген тақырып бойынша тыңдаушылардың заманауи білімі мен дағдыларын меңгеру болды.
Іс-шараға этносаралық және конфессияаралық қатынастар, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат мәселелерімен айналысатын мемлекеттік қызметкерлер, дін істері, тілдерді дамыту басқармаларының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.
Белгіленген бағдарламаға сәйкес семинар модераторы – М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Парида Мамедова «Жамбыл облысындағы этноконфессионалды жағдайды талдау және шолу: этномәдени, діни бірлестіктердің мемлекеттік құрылымдарымен өзара іс-қимылын жетілдіру бойынша ұсынымдар» атты баяндамасында Жамбыл облысындағы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды, қоғамдық келісімді нығайту, этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дамыту бойынша ұсынымдарын атап көрсетті.
Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры Әлімбекова Гүлхан «Жана әліпби және емле ереженің жаңалықтары» тақырыбында жазылған баяндамасында жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат мәселелері мен жаңа әліпбиге көшу жұмыстарына тоқталып өтті. Сонымен қатар, семинарда Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы «Тілдерді оқыту орталығы» «Жаңа әліпби мен емле ережелерінің жаңалықтары» тақырыбында тренинг өткізді.
Аз ғана үзілістен соң, Жамбыл облысы әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ақпараттық түсіндіру және жоспарлау бөлімінің инспекторы Бахтияр Алпысбаев өңірдегі діни жағдайға баға бере отыра, Қазақстанның бүгінгі өмірінде ислам факторы үлкен мәнге ие екендігін, бұл бір жағынан қуантарлық жағдай болса, екінші жағынан ислам дінін өз мүдделерін жүзеге асыру жолында қолданғысы келетін діни радикалды топтардың белсенділігі де алаңдатпай қоймайтындығын өзекті мәселе ретінде қарастырды.
Сондай-ақ, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, педагогика магистрі Раушан Сейдрахманова жаһандану үрдісінде әлемді шарпыған рухани дағдарыс жағдайында тұлғалардың адами құндылықтарға бүгінгі таңда мән бермеуі туралы практикалық тренинг жүргізді. «Менің құндылықтарым» тренингі арқылы әрбір адамның жеке «мені» «сананы тазалауы», сананы кеңейтуді қамтамасыз ететін рухани байлыққа жетілдіруі керектігі туралы ой қозғады.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Рысты Керимбаева «Ғасырлар дәстүрін сақтау: қазақтардың мәдени коды және толеранттылық» тақырыбында баяндама жасады. Еліміздің жас ұрпақтарының ұлттық кодын қалыптастыру жолында жасаған ғылыми-педагогикалық жобасымен таныстырды. Автордың жобасы 2018 жылдың 19 қарашасында Астана қаласының Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған «Н.Ә.Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделіне» арналған үздік ғылыми жобалардың республикалық байқауда 1-орын иеленгенімен хабардар етіп, жобаның практикалық маңызымен таныстырды.
Ғылыми-сараптамалық топтың бұл отырысында Жамбыл облысындағы эносаралық жағдайлар қарастырылып, әлеуметтік зерттеу нәтижелері қорытындыланып, атқарылған жұмыстарға толықтырулар енгізілді.
Жиын соңында семинарға қатысушыларға сертификаттар табысталып, өткізілген іс-шараның қорытындысы жарияланды.
Жамбыл облыстық әкім аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі