ЕРТЕГІ – ТАНЫМНЫҢ КӨЗІ

Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесі жүзеге асырып отырған «Әжемнің ертегісі» жобасы аға буын өкілдері мен балалардың басын біріктіріп, білім ошақтарын кеңінен қамтып отыр.

Соның бірі ағымдағы жылдың 12 наурызы күні Тараз қаласындағы №13 мектепте түрлі этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтауға арналған «Әжемнің ертегісі» атты фольклорлық сабақтар топтамасы өтті.

«Радонеж» Орыс қоғамдастығының өкілі, аталмыш мектептің музыка пәнінің мұғалімі Оксана Дьяченко ұйымдастырған іс-шараға облыстық ҚХА Аналар кеңесі мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысып, бастауыш сынып оқушыларына «Үш аю», «Алтын тиынның құпиялары», «Жақсылық пен зұлымдық», «Қарашай-балқар наны», «Қанатынан айырылған Малах» сынды түрлі этностардың ертегілерін оқып берді.

Ертегі оқып балалардың естерінде қалған аналар қатарында «Шиват Цион» еврей мәдени орталығының төрайымы Ирина Акулова мен осы бірлестіктің Аналар кеңесінің мүшесі Нина Михайлова, Жамбыл облыстық орыс драма театрының әртісі Надежда Турманидзе, Жамбыл облыстық ҚХА Аналар кеңесінің өкілдері – Айгүл Озғанбай («Әулиеата» қазақ мәдени орталығы), Фатима Галиулина («Татар мен башқұрт Қазақстандық конгресі» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы), Татьяна Осипова («Жамбыл облысы немістер қоғамы»), Раиса Хурттуева («Қарашайлар мен балқарлардың Жамбыл облыстық этномәдени бірлестігі») болды.

Сондай-ақ, жиын аясында тыңдаушылар назарына «Ахысқа» Түрік этномәдени бірлестігінің өкілі Ләйлә Мұзафарованың «Айлакер лақ» және «Иттің оқиғалары» ертегілері де ұсынылды.

Шараға белсене қатысқан мектеп оқушылары қонақтарға ән шырқап, шығармашылық қойылымдарын қойды.

Жиын соңында балалар тыңдаған ертегілері туралы пікірлерін айтып, алған әсерлерімен бөлісті.

ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ «ШАБЫТ» ОБЛЫСТЫҚ КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

Ағымдағы жылдың 11 наурызында Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай, «Арт-Тараз» шығармашылық тобының «Шабыт» атты облыстық көркем сурет көрмесі ашылды.

Аталмыш көрмені тамашалауға бүгін өңір суретшілері, облыстық этномәдени бірлестіктер, «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұжымы, студенттер және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева ашып, көрме жұмысына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Сергей Шевченко мен «Альянс Қолөнер» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, суретші Елена Голубинской көрменің ашылуымен құттықтап, мұндағы туындылардың маңызына тоқталды.

Көрме барысында мекеме басшысы Мубарак Жинақбаева қатысушыларға алғыс хаттар табыс етті.

Салтанатты жиын соңында Көрме залының меңгерушісі Жазира Шілдебаева қонақтарды көрме жұмысымен таныстырды.

Айта кетейік, мерейтойлық көрмеге жергілікті 20 суретшінің түрлі жанрда әр түрлі техникамен салынған 60-тан аса картиналары қойылған.

МЕРЕКЕЛІК КӨҢІЛ-КҮЙ СЫЙЛАДЫ

Халықаралық әйелдер күнін мерекелеу аясында Жамбыл облыстық Немістер қоғамы 9 наурыз күні Достық үйінде мерекелік іс-шара ұйымдастырды.

Концерттік бағдарламамен өрілген кеш аймақтық Қазақстан халқы Ассамблеясының әйелдер қауымына, көпбалалы аналарға, әжелерге және отбасы құндылықтарын нығайту мен қоғамдағы үйлесімділікке елеулі үлес қосып жүрген барлық әйелдерге арналды.

Концерт барысында әйелдердің мейірімділігі мен парасаты, сұлулығы мен даналығы, олардың өмірдегі орны мен маңызы ерекше атап өтілді. Аталмыш қауымдастық өнерпаздарының ерекше қойылымдары мен жүрекке жылы құттықтаулары ұсынылып, әуезді әндер мен билер орындалды. Қонақтар тарапынан да құттықтау сөздері айтылып, әйелдерге деген құрмет көрсетілді.

«Singende Herzen», «Juwelband», «Эремурус», «Ювель» вокалды-хореграфиялық талантты топтардың орындауындағы «Бабушка и внучка», «Көктем вальсі», «В лунном сеянии», «Bedingungslos» секілді нөмірлер орындалып, көпшіліктен қошемет тапты.

ӨЗБЕК БІРЛЕСТІГІ АРДАГЕР АНАЛАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

8 наурыз – халықаралық әйелдер күні қарсаңында Өзбек этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесі мерекелік құттықтаудың алғашқы легін бастады.

Өзбек этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің төрағасы Диларам Каримова бастаған аналар аталмыш бірлестіктің ардақты ардагерлеріне мерекелік құрмет көрсетіп, құттықтап қайтты.

Бүгінде облыстық, қалалық Өзбек этномәдени бірлестіктерінің негізін қалауға күш-жігерлерін арнап, ел өркендеуі жолында еңбек еткен, жеке кәсіптен нәсібін тапқан бірлестік ардагерлерінің алды 100-ге таяған. Аяулы аналарымыздың бірі – Розия Адилова 8 наурыз күні 100 жасқа толады. Сондай-ақ, кеңес өкілдері 88 жастағы Олия Кинжеханова ананың, ардагер дәрігер Дилбар Мурзалиевнаның, ұстаз Мавлюда Кыдлаевнаыратулның, сауда саласында 40 жылдан астам еңбек еткен 85 жастағы Рахима Бабатаеваның шаңырағына барып, мерекелік құттықтауын жеткізді.

Емен-жарқын болған жылы жүздесуде ардагер аналарға кеңес мүшелері сыйлықтарын табыстады. Мерекелік көңіл-күй сыйлағаны үшін өз кезегінде ақ жаулықты аналарда дән риза болып, ақ батасын берді. Даналықтың даңғыл жолына түскен аналар «Қазақстанымыз көркейіп, бірлігі мен тірлігі жарасым таба берсін» деген ізгі тілегін жолдады.

Бұдан өзге бірлестіктің белсенділері бірқатар ардагерлерді де құттықтап, сый-сияпаттарын табыстап қайтты.

АДАМНЫҢ РУХАНИ БАЙЛЫҒЫ – АДАМГЕРШІЛІК

Ағымдағы жылдың 6 наурызында С.Нұрмағанбетов атындағы №10 орта мектебінде облыстық ҚХА медиация орталығының ұйымдастыруымен «Адамның рухани байлығы – адамгершілік» тақырыбында оқушылармен сынып сағаты ұйымдастырылды.

Кездесуге қалалық Өзбек орталығының және аймақтық ҚХА этномедиация кеңесінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов және облыстық «Қоғамдық келісім» КММ этномедиация орталығының меңгерушісі Валентина Досыбиева қатысты.

Жастарға жалпы адамзаттық құндылықтарды ұғындыру арқылы адамның рухани байлығын тереңдетуді көздеген жиында Абдурахман Юлдашевич оқушыларға халқымыздың тарихы, ұрпақтар сабақтастығы туралы айтып берді.

Ал Валентина Досыбиева адамның рухани дүниесін дамытудағы білімнің маңыздылығына айрықша тоқталды.

Шара соңы қатысушылардың сұрақ-жауап алмасып, пікір білдіруімен түйінделді.

ӘЙЕЛ – ӘЛЕМНІҢ ТІРЕГІ

Ағымдағы жылдың 5 наурызында Достық үйінде халықаралық әйелдер күніне орай, «Әйел – әлемнің тірегі» атты облыстық ҚХА Аналар кеңесінің отырысы өтті.

Аймақтық Аналар кеңесінің төрағасы Эльмира Мырза-Ғали жүргізген жиынға өңірлік кеңес мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері, серіктес мекемелер, қоғам белсенділері қатысты.

Әйелдердің қоғамдағы орны мен рөлін нығайтып, кеңес аналарының түрлі ұйымдармен өзара байланысын бекемдеуді көздеген шарада «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева мерекелік құттықтауын жеткізіп, бірқатар ұйымдармен бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижелерін атап өтті.

«Бала тәрбиесі – баршаға ортақ мәселе» деп бір мақсатта жұмылған кеңес аналарының келелі жиынында облыстық білім басқармасының тәрбие бөлімінің басшысы Айжан Мейірханова «Қоғамдық келісім» мекемесі мен аталмыш басқарманың бірлескен жобалары мен жоспарларын атап өтсе, өңірлік Түрік ЭМБ Аналар кеңесінің жетекшісі Роза Изъятова жастармен өзара іс-қимылдың өзекті тәсілдері тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.

Сондай-ақ, аталған тақырып төңірегінде облыстық «Әулиеата» Қазақ мәдени орталығының төраға орынбасары Айгүл Қабиева, М.Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің жетекшісі Мухабат Турдыева ой бөлісіп, мерекелік лебіздерін білдірді.

Аналар бас қосқан кеште облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, Ақсақалдар кеңесінің жетекшісі Асқарбек Ақылшаұлы, «Жомарт Жан» волонтерлік орталығының өкілдері Жалил Аббосов және Зайнуддин Махусеев әлемнің мәні болған әйелдер қауымына шынайы ықыластарын жеткізді.

Кеш барысында облыстық Немістер қоғамдастығы Аналар кеңесінің төрағасы Татьяна Осипова “Облысқа сіңірген еңбегі үшін” мерекелік төсбелгісімен марапатталды.

Сонымен қатар, ару аналарға мерекелік сыйлықтар табысталып, «Радонеж» орыс қауымдастығының төрағасы Владимир Сорокин және ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Асылхан Шүңірековтің ән шашуы тарту етілді.

ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ «АНАНЫҢ ӘНІ» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Халықаралық әйелдер күніне орай республикалық «Мәдениетті ана –мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Қоғамдық келісім» КММ мен өңірлік ҚХА Аналар кеңесі бүгін Достық үйінде «Ананың әні» байқауын өткізді.

Облыс орталығы мен аудандардан 18 бен 45 жас аралығындағы 15 үміткер қатысқан бәсекенің мақсаты – қазақ халқының өнері мен мәдениетін, мемлекеттік тілді насихаттау, ән арқылы үйрету. Сондай-ақ, еліміздің бірлігін сақтау және этностар мәдениетінің ерекшеліктерін айқындауды, үміткерлердің кәсіби шеберлігін арттыруды көздейді.

Байқау қатысушыларына «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева мен облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Эльмира Иниятқызы сәттілік тілеп, мерекелік құттықтауларын арнады.

Сайысқа қатысушылар отбасының үлгілі дәстүрлеріне байланысты бейнероликтерін (алдын ала дайындалған, сапалы) ұсынып, ана тақырыбында қазақ тілінде белгілі ақын-композиторлардың әнін орындауымен және биыл мерейтойы атап өтілетін қазақ классиктерінің бірінің шығармаларынан үзінді жаттау арқылы бақ сынасты.

Байқаудың бағасын беретін қазылар құрамында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Асылхан Шүңіреков және Аналар кеңесінің өкілі Сейсекүл Исматова болды.

Сарапшылар үміткерлерді бағалауда орындаушылық шеберлік, сахналық мәдениет, репертуардың байқау ережесіне сай болуы сынды критерийлерін басты назарға алды.

Байқау нәтижесі бойынша М.Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің өкілі, мұғалім Мухабат Алеханова І орын, Қордай аудандық мәдениет үйі және Тарихи-өлкетану музейінің концертмейстері Рузана Усенова және Сарысу ауданының үміткері Жамиля Амоева ІІ орынды иеленсе, Жуалы ауданынан келген қатысушы, жеке кәсіпкер Кристина Чакова мен меркілік Куляра Рамазановаға ІІІ орын бұйырды.

Ал, өзге де қатысушылар арнайы Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

ЖАСТАРМЕН ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ЖҰМЫС

Ағымдағы жылдың 4 наурызында облыстық ҚХА этномедиация кеңесінің ұйымдастыруымен Заманауи гуманитарлық-техникалық колледжінде қоғамдық келісім мен бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, қоғамда бейбітшілік пен келісім идеяларының құндылықтарын насихаттау мәселелері бойынша өскелең ұрпақпен кездесу өтті.

Іс-шарада өңірлік ҚХА этномедиация кеңесінің мүшесі, аталмыш оқу орнының директоры, «Қазақстан татарлар мен башқұрттардың конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша филиалының төрағасы Фарида Нақыш сөз алып, рухани құндылықтарға бас мән беру қажеттігін айта келе, қоғамдағы берекелі бірлікті нығайтуға атсалысуға шақырды.

Сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімдігінің ақпараттық және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ этномедиациция орталығының басшысы Валентина Досыбиева этностардың мәдениетіне, тіліне, салт-дәстүріне құрметпен қарау, адамдар арасындағы достық, әріптестік қарым-қатынас пен татулықты сақтау жөнінде ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, этномедиация кеңесінің мүшесі, облыстық Тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махкам Орифов жақында өткен Алғыс айту күнінің маңызына тоқталып, отансүйгіштікке тәрбиелеу, отбасы құндылықтарын сақтау туралы айтты.

Ал Тараз қалалық Өзбек орталығы этномедиация кеңесінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов тарихқа шолу жасап, студенттерге маңызды мәліметтер беріп өтті.

ТАТУЛЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН МЕРЕКЕ

Алғыс айту күні қарсаңында Т.Рысқұлов аудандық Достық үйінде «Татулықты ту еткен мереке» атты дөңгелек үстел өтті.

Аталмыш жиынға аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмайл, аудандық этномәдени бірлестіктер өкілдері, ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшелері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Ассамблеяның құрылу тарихы, оның еліміздегі саяси және әлеуметтік маңызы төңірегінде мазмұнды баяндама жасап, пікір алмасты.

«Т.Рысқұлов ауданында көптеген этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, елдің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Біздің мақсатымыз – осы бірлікті нығайту, ұлттық дәстүрлерді сақтай отырып, ортақ құндылықтарымызды дамыту. Әр халықтың мәдениеті, тілі мен салт-дәстүрі – біздің ортақ байлығымыз» – деп атап өтті Қайрат Әбілханұлы.

Татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттауды мақсат еткен шара соңы марапаттауға ұласты.

БІРЛІК ПЕН ЖАСАМПАЗДЫҚ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ

Күні кеше Мемлекет басшысының «Бірлік пен жасампаздық: ҚХА-ның 30 жылдық мерейтойына арналған негізгі бастамалар» атты мақаласы шықты. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз әрі мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала береді» дей келе, өзінің мақаласында 2024 жылда этносаралық келісімді нығайтуға, қақтығыстардың алдын алуға, этномедиацияны дамытуға, мамандарды даярлауға және этносаралық саладағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға бағытталған кешенді шараларды іске асырғандығына тоқталып, бүгінде Қазақстанда 124-тен астам этнос өкілдерінің татулық пен келісімде өмір сүріп жатқандығын айрықша атап өтті. Олардың мемлекетіміздің толыққанды азаматтары және мемлекеттің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқандығын да тілге тиек етті. Сол ауқымды шаралардың бірі – 1 наурызда «Алғыс айту» күніне орай ұйымдастырылған республикалық телекөпірге аса мән берді. Әр өңірі 1-Наурыз – Алғыс айту күнін мерекелеуге қарқынды атсалысты.

Ел Президенті мақаласының басты мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздегі этносаралық келісім мен мәдениетті дамытудағы рөлін көрсету, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, ұлттық бірлік пен полимәдениетті қоғам мәселелерін талқылау. Сонымен қатар, жас ұрпаққа ел бірлігі мен патриотизмнің маңыздылығын түсіндіру және этносаралық татулықты нығайту жолдары жайында болды.

Сонымен бірге, 2024 жылдағы ҚХА атқарған іс-шаралар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихы, оның еліміздегі қоғамдағы рөлі, сондай-ақ болашақта атқаратын маңызды міндеттері мен жүзеге асырылуы тиіс ірі жобаларға тоқталып, этносаралық татулықты сақтау мен көпмәдениетті қоғамды дамыту бағытында қабылдануы тиіс шаралар да сөз болды. Еліміздегі бірлік пен келісімді нығайту, әртүрлі этностар арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша өз толыққанды ойын білдірді.

Жалпы, бұл күн – барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған күн. Президентіміз бекіткен бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Бұл – түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген алғыс айту күні. Өңірлер 1 наурызда «Алғыс айту» күніне орай ұйымдастырылған республикалық телекөпірге 2024 жылда да бір адамдай зор үлестерін қосса, үстіміздегі 2025 жылы да телекөпір марафонына үлкен ұйымшылдықпен, бар ықыластарымен белсенді үлес қосты. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясы әр аймақтың беткеұстар, ерекше өзіндік жобаларын бүкіл республикаға паш етті. Мәселен, соның бірі – Жамбыл облысы бойынша ең алғашқылардың бірі болып, 2019 жылдан бері қолға алынған облыстық «Ассамблея бөбектері» жобасы. «Ассамблея бөбектері» жобасының мақсаты – бірлік, «достық үйі», бейбітшілік, келісім, «этнос» ұғымдары жөнінде бүлдіршіндердің түсініктерін бекіту, «жалпықазақстандық бірегейлік» деген терминді бала кездерінен саналарына сіңдіріп тәрбиелеу және бүлдіршіндерінің туған жеріне, Отанына, еліне деген патриоттық сезімдерін қалыптастырып, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыруды көздейтін шаралар өңірімізде жүйелі жүзеге асырылуда.

Осылардың ішіндегі «Әжемнің ертегісі» жобасының маңызы зор. Аймақта жалпы балалардың және этнос балаларының қиялын, сөз сөйлеу мәдениетін дамытуға, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруда өзіміздің халық ауыз әдебиеті үлгілерін ұдайы пайдаланып келеміз. Ертегі естіп өскен баланың ертеңі жарқын! Ертегі – баланың ең бірінші танысатын көркем әдебиеті болғандықтан, күнделікті айтып жүрген ертегілерді түрлендіріп отырамыз.

2024 жылы өңірлік «Ассамблея бөбектері» жобасы аясында «Әжемнің ертегісі» жобасы облыстық ҚХА Аналар кеңесінің бастамасымен 2024 жылдан бері еңсеріліп келеді, бірнеше бөбекжай-балабақшалары және облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесімен «Біртұтас тәрбие», «Таза Қазақстан», «Қазақтану», «Әжемнің ертегісі», т.б. жобалары бойынша меморандум жасалды. Нәтижесінде, 2024 жылы және 2025 жылдың екі айында өңір Аналарымен «Әжемнің ертегісі» жобасы аясында Тараз қаласы мен барлық 10 ауданда 333 балабақшада – 22 245 балаға ертегі оқылды.

Ерекше атап өтейін, әулиеаталық әжелер бүгінгі айтулы мерекеде Марфуға Рахметуллақызы басқаратын Тараз қалалық №17 бөбекжай-балабақша бүлдіршіндерімен бірге «Әжемнің ертегісі» қойылымын көпшіліктің назарына ұсынды. Шараны өңіраралық телекөпір арқылы тікелей эфирде «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Данияр Әлімқұл жүргізді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы күні кеше жарияланған үндеуінде 2024 жылы ҚХА жанынан «Жомарт жан» қоғамдық орталықтары құрылғандығына зор мән берді. Жалпы, ҚХА мен қайырымдылық егіз ұғым екенін жақсы білесіздер. Ел Президенті Ассамблеяның қайырымды іс жасау бойынша 2024 жылы бірнеше волонтерлік және қайырымдылық акциялардың ұйымдастырылып, «Жүректен жүрекке» және «Мектепке жол» акцияларын өткізгендігін ерекше атап өтті. Жалпы, өткен жылы ҚХА мүшелері мұқтаж азаматтарға барлық өңірлерді қосқанда барлығы – 1,3 млрд теңге көлемінде көмек көрсетіпті. Бұл – өте игілікті іс.

Өткен жылы Жамбыл облысында да «Жомарт жан» орталығы ашылып, төрағасы болып облыстық «Ахыска» Түріктер этномәдени бірлестігінің төраға орынбасары Жалил Азимұлы Аббосов сайланды. Президент атап көрсеткендей орталық 4 бағыт бойынша қызмет етеді: «Мектепке жол», «Жүректен жүрекке», «Қайырымдылық керуені», «Мейірімді жүрек». Адамзатқа берер сауабы мен пайдасы аса мол Қасиетті Рамазан айының бүгінгі бірінші күнінде «Жомарт жан» орталығымен бірге жалпы өңірдегі этномәдени бірлестік өкілдері аудан, ауылдарда және Тараз қаласында азық-түлік қоржындарын таратты. Қайырымдылық қоржындарын «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Хамида Турдыева бастаған ассамблея жастары әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына табыстады.

Ассамблеяның 30 жылдығында бүгінгі «Алғыс айту» күнімен тұстас келген Рамазан айының бірінші Ораза күнінде барша қазақстандықтар мен жерлестеріме, ҚХА ардагерлеріне, бір терінің пұшпағын бірге илесіп жүрген әріптестеріме, ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестіктері өкілдеріне зор алғысымды білдіре отырып, барлығына зор денсаулық, ашық аспан, мол ризық-несібе, бейбіт өмір мен тыныштық тілеймін!

Басты құндылығымыз – жалпықазақстандық бірегейлік пен этносаралық қатынастарды, бейбітшілік пен келісімді, бірлік пен жасампаздықты нығайту жолында атқарып жатқан іс-қимылдарымызға береке берсін!