«Айналайын» жобасы аясында

Жамбыл облыстық ҚХА Аналар кеңесінің «Айналайын» жобасы – аналардың жүрек жылуын, қамқорлығын көрсетуге бағытталған бастама.

Аталмыш жоба аясында облыстық «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен ҚХА Аналар кеңесі мен «Анаға тағзым» орталығы «Аналар үйіне» арнайы барып, кішкентай бүлдіршіндерге қуаныш сыйлады. Наурыз мерекесі қарсаңында өткен тағылымды шарада қазақтың салт-дәстүрлері дәріптелді. Бұл күні Аналар кеңесінің мүшелері Айгүл Қабиева сәбиді бесікке салып, Аракси Плетнева бүлдіршінге аналық ақ лебізін білдірді.

Сондай-ақ, бокс чемпиондары, ерлі-зайыпты Олжас Сәттібаев пен Әйгерім Сәттібаева бүлдіршіннің тұсауын кесіп, ақ тілегін арнады.

Биылғы жыл өңірімізде – кітап оқу жылы. Осыған орай, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы, «Анаға тағзым» орталығының басшысы Эльмира Мырза-Ғали кішкентай қызға кітап тарту етіп, білімге деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында қаламсабын сыйлады.

Бұдан өзге «Ақ орамал» акциясы аясында жас аналарға береке мен отбасы құндылығын ұлықтаудың белгісі ретінде ақ жаулық тарту етілді.

Кездесу соңында «Аналар үйі» мен аймақтық ҚХА Аналар кеңесі өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойып, болашақта да бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.

ТАЗАLIKE FEST

19 наурыз – Наурызнама онкүндігінің «Жаңару күні». Атаулы күнге орай, Тараз металлургия зауыты «ТАЗАLIKE FEST» тал егу акциясын өткізді.

Тараз табиғатын түрлендіріп, көгалдандыруға өңірлік «Ассамблея жастары» бірлестік өкілдері де белсене атсалысты.

Акция Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің алғы сөзімен бастау алып, жастардың 1000 түп тал дарақтарын отырғызуға ұласты.

«БАРЫҢДЫ БАҒАЛА» ВАНДАЛИЗМГЕ ҚАРСЫ ЖОБАСЫ БАСТАУ АЛДЫ

Таразда облыстық ҚХА Аналар кеңесінің бастамасымен «Салауатты сана» жобасы аясында «Барыңды бағала» вандализмге қарсы қоғамдық жобасы бастау алды.

Көне Тараз археологиялық кешенінде өткен бастамаға облыстық ҚХА Ақсақалдар, Аналар кеңесі, «Ассамблея жастары», «Жастар ресурстық орталығы» мен №66 орта мектеп оқушылары қатысты.

Өкінішке қарай, елімізде қоғамдық мүліктен бастап, мыңжылдық мәдени мұраларға дейін бәрін жаппай бүлдіру ісі тыйылмай тұр. «Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүл¬кіндей қорғауы керек» деген ұранмен жамбылдық Ассамблея құрылымдары қоғамдық бастамаға үн қосты.

Тағылымды шарада облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан, өңірлік ҚХА Аналар Кеңесінің төрағасы Эльмира Мырза-Ғали және төраға орынбасары Сара Даузова, Тараз қалалық Өзбек этномәдени бірлестігі төрағасы, ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төраға орынбасары, этномедиация кеңесінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов сөз алып, мәдени-тарихи ескерткіштерді, басқа да рухани құндылықтарды, қоғамдық орындардағы мүліктерді аяусыз, қасақана жоюға қарсы шараларды қолдайтындығын жеткізіп, ел мен жерге деген жанашырлық – «Адал азамат» тұлғасының ең асыл қасиеттерінің бірі екендігін атап өтті.

Сондай-ақ, облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ директоры Сауран Қалиев киелі өлкеде бүгінде 500-ге жуық тарихи-мәдени құнды жәдігерлердің басым бөлігінің тарих сахнасынан жойылып кетуге шақ қалғанын айтып, қоғамдық бастаманың сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді.

Аталмыш шарада «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі патриоттық әндер шырқаса, «Анаға тағзым» орталығының қызметкері Балауса Оралбаева «Бағала» әнін нақышына келтіре орындады.

Қоршаған ортаға, әр затқа жұмсалатын табиғаттың байлығы, Жер ананың сыйы. Тараз қалалық білім бөлімі №66 орта мектебінің оқушылары туған жерге деген сүйіспеншілігін білдіру мақсатында ақын-жазушылардың шығармаларынан үзінділер оқыды.

Жиын барысында шаһардан табылған жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды.

Айта кетейік, аталған жоба жыл бойында өңіріміздегі барлық аудандарда жүзеге асырылады. Жоба аясында оқушыларға бай тарихи-мәдени мұраларымыз туралы ақпарат беріліп, дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресін тануы үшін қысқы, жазғы демалыс кезінде өз өлкелеріндегі тарихи орындарға саяхат ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, Жұмысшы мамандықтар жылына орай, тарихи ескерткіштер жасаушы скульпторлар шеберханасына, гипс зауытына, металл, әйнек зауыттарына жастармен экскурсиялар жасап, вандализмге көбірек ұшырайтын заттардың жасалу жолын көрнекі түрде көрсетіледі.

Одан өзге, жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері арасында «Атыңды жер өртеп шығарма!», «Қолда бардың қадірін біл!» тақырыптарында эссе жаздырып, барлық мектептерде жергілікті құқық қорғау органдарымен бірлесіп, тарихи мұраларды, еліміздің көрікті жерлерін бүлдіргені үшін қандай жаза қолданылатыны туралы ақпараттық сабақ өткізу жоспарлануда.

ШЕБЕРЛІК ШЕЖІРЕСІ

Мәдениет және ұлттық салт дәстүр күніне орай, Құлан ауылындағы Достық үйінде ұлттық өнерді дәріптеу мақсатында «Шеберлік шежіресі» атты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Педагогика академиясының профессоры, Балалар және жасөспірімдер орталығының ұстазы Айымбеков Әлімжан қажы, облыстық көрмелердің жүлдегері, Өнер мектебінің Қолөнер бөлімінің мұғалімі Жанай Татаев, зергер Карима Халықова, домбыра жасау шебері Ерлан Сметов қатысты.

Аталған қонақтар Әлихан Бөкейханов орта мектебінің оқушыларына өз шығармаларын таныстырды. Оқушылар көптеген қызықты мәліметтер алды. Іс-шараға қатысушыларға Сұлутөр халықтық-фольклорлық ансамблі өнерлерін көрсетіп, думанды кешке ұласты.

АНАЛАР КЕҢЕСІ БАЛАЛАР ҮЙІНДЕ

Жамбыл облысында Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің балалар мекемелеріне баруы дәстүрге айналған. Олар әрдайым өмірлік қиын жағдайға тап болған балалармен кездесіп, туған күн иелерін құттықтайды.

Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің белсенді өкілі Аракси Плетнева, «Полонез» Поляк этномәдени бірлестігінің жетекшісі Лариса Калькова, Жамбыл облысы бойынша Орталық медициналық-құтқару қызметінің құтқарушылары, басшылары Бахытжан Макулбековпен бірлесе өмірлік қиын жағдайға тап болған, қамқорлықсыз қалған балаларды қолдау орталығына барып, «Айналайын» жобасы аясында қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.

Бұл жолы олар балаларға сыйлықтармен және «Сиқырлы көбік шоуы» атты бағдарламасын ұсынды.

Мұндай іс-шаралар қиын жағдайға тап болған балаларды қолдаудың маңызды қадамы болып табылады.

«ӘУЛИЕАТА» ҚАЗАҚ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ ИГІ ІСКЕ АТСАЛЫСТЫ

Наурыз мейрамы өзара көмек пен қайырымдылықтың да мерекесіне айналды. Наурызнама онкүндігі бойынша «Қайырымдылық күні» аясында жамбылдық Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері мен құрылымдары ізгілікті іске сеп болып, жақсылықтың жаршысы атанып келеді.

Игі істер дәстүрін жалғастыру мақсатында облыс орталығындағы тұрмысы төмен отбасыларға барып, азық-түлік толы себеттерді таратты.

«Әрбір игі іс – жақсылықтың бастамасы. Бұл дәстүр қоғамда жанашырлық, мұқтажға көмек беру және жақсылық жасауға деген ұмтылысты арттырады» деп білген орталықтың белсенді өкілдері мұндай шараларды дәстүрлі түрде ұйымдастыруға ниетті.

НЕМІСТЕР ҚОҒАМДАСТЫҒЫНДА «ШПРУХИ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

2025 жылдың 16 наурызында Жамбыл облысының Немістер қоғамында «Шпрухи» кітабының тұсаукесері өтті.

Тұсаукесер барысында олар кітап туралы, Қазақстан немістерінің материалдық мәдениетінің бір бөлігі болып табылатын шпрухилар туралы әңгімелеп, олардың жасалу тарихымен танысты. Бұл кітап этникалық немістердің мәдени мұрасының бірегей бөлігі десек те болады.

Шпрухи – ортағасырлық поэзия жанрларының бірі және сәндік-қолданбалы өнердің ерекше түрі ғана емес, сонымен қатар әртүрлі ұрпақ өкілдерінің арасын байланыстырушы. Кітапта шпрухтардың жасалу дәстүрлері, технологиялары, тақырыптары мен көркемдік ерекшеліктеріне тарихи шолу жасалған.

Сондай-ақ, көрермендерге тақырып төңірегінде фильм ұсынылды.

Сонымен қатар, қатысушыларға өздерінің мозаикаларын құрастыру ұсынылды.

Бұл жазудың мұндай түрін бұрын-соңды кездестірмеген көптеген адамдар үшін нағыз тәжірибе болды.

Шара соңында қонақтарға сыйлық ретінде қабырға күнтізбесі таратылды.

ЖАМБЫЛДЫҚ ЖАСТАР ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚҚА ҮН ҚОСТЫ

Айлардың сұлтаны рамазан айында өңірлік «Ассамблея жастары» ҚБ белсенді өкілдері «Ораза қабыл болсын!» акциясын өткізді.

Жастардың сөзінше қайырымдылық жасауға су мен құрма және тәттілер таратылған. Аталмыш игі іс жыл сайын жалғасын тауып, дәстүрге айналуда.

Жалынды жастар қайырымдылық жасау жолынан жаңылған емес. Олардың жұмысының негізгі бөлігі жақсылық жасауға арналған.

Ораза ұстаған жандарға бірлестік өкілдері шын жүректен ниеттерінің қабыл болуын тілеп, келер жылыда игі істі жалғауға ниетті екендерін жеткізді.

ХАЛЫҚ ДОСТЫҒЫНЫҢ АЛТЫН КӨПІРІ – НАУРЫЗ

Бүгіннен бастап елімізде Наурыз мейрамын тойлау бағытында Наурызнама онкүндігі бастау алды. Көрісу күнімен қарқын алған алғашқы мерекелеуге жамбылдық Ассамблея мүшелері де жоғары деңгейде атсалысып, атаулы күннің маңызына қанықты. «Халық достығының алтын көпірі – Наурыз» атауымен Достық үйінде өткен іс-шараны «Қоғамдық келісім» мекемесі мен облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы бірлесе ұйымдастырды.

Өңірлік ҚХА мүшелері кітапхана ұжымын бар сән-салтанатымен қарсы алып, Амал мерекесімен құттықтады.

Табиғаттың жаңарып, тіршіліктің жандана бастағанын сезіндірген халықтық мерекеде облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева, «Днепро» украин ЭМБ жетекшісі Федор Клименко, «Радонеж» орыс қауымдастығының төрағасы Владимир Сорокин, қалалық Өзбек орталығының төрағасы Абдурахман Зайнутдинов, сондай-ақ, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының директоры Жанна Тұрарқызы және орынбасары Толқын Тәжітөреқызы көпшілікке жылы лебіздерін жеткізсе, аталмыш кітапхана қызметкері Ербол Бегимов ақ батасын берді.

Мерекелік шарада жергілікті этностардың дәстүрін дәріптейтін қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдары қонақтар назарына ұсынылды.

Өз кезегінде кітапхана ұжымы да «Қарын бүрме» және «Шыж-мыж» немесе «Әсіп» атауымен ел арасында кеңінен танылған қазақтың ұлттық тағамдарын кәде-сый ретінде ұсынып, кітапхана қызметкері Меруерт Сайлаухан тағамдар тарихымен таныстырып өтті.

Сонымен қатар, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкері Альфия Сағындық орындаған «Есіңе мені алғайсың», «Днепро» украин ЭМБ жанынан құрылған «Маричка» және «Радонеж» орыс қауымдастығының «Калинка» вокалдық ансамбльдерінің және кітапхана ұжымының қызметкерлері Сапар Алтыбай, Гүлнұр Құрақбай орындаған әуезді әндер кеш шырайын аша түсті.

БІРЛІГІ БЕКЕМ БІРЛЕСТІК ӨКІЛДЕРІ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАДЫ

Ізгілікті іске ұйытқы болып, қайырымдылық жасауда Жамбыл облыстық этномәдени бірлестік өкілдері әрдайым белсенділік танытып келеді. Қасиетті Рамазан айы қарсаңында облыстық «Хазар» Әзірбайжан этномәдени бірлестігі жақсылыққа жаршы атанып, тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын созды. Бірлестік төрағасы Асабали Поилиевтің бастамасымен қаладағы 16 отбасыға азық-түлік таратылып, көпбалалы отбасылардың алғысына бөленді. «Қайырымдылық жасауға асығу бірлестіктің басты мақсаты. Берекелі айда сауапты іске атсалысып, ары қарай жалғастырамыз» – дейді Асабали Поилиев.