Пойлиев

Мемлекет басшысының бүгінгі Үкімет отырысында көтерген әрбір мәселесі
өзекті әрі ел игілігі жолында құнды деген ойдамын. Себебі, алқалы жиында
Үкімет жұмысының басты бағыттары айтылып, айқындалды. Нақтырақ
айтсақ, ірі инфрақұрылым жобалары, цифрландыру және жасанды интеллект,
ядролық энергетиканы дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту және
инвестиция тарту мәселелері. Еліміздің экономикасы күн санап дамып
жатқандығы баршамызға мәлім. Алайда, осы қарқынды құлдыратпай,
жұмыстарды жүйелендірген абзал. Мемлекет басшысы алдымызда ауқымды
міндеттер мен жауапты жүк тұрғанын айтты. Мұндай салмағы басым
жұмысты 5 жылды еңсеру қажеттігі кеңінен айтылды.
Ол үшін бізге, ең алдымен, білікті және ел мүддесін ойлайтын отаншыл
кадрлар керек делінді.
Асабали Поилиев, Жамбыл облыстық «Хазар» Әзірбайджан этномәдени
орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы
Ассамблеясының мүшесі

БАСЫМЫЗ БІРІГЕ ОТЫРЫП ӨТПЕЛІ КЕЗЕҢДЕГІ ДАҒДАРЫСТАН ШЫҒА АЛДЫҚ

Қазақстан Халқы Ассамблеясы Тәуелсіз Еліміздің өтпелі кезеңіндегі
дағдарысты ырықтандыруға өз әсерін тигізе алды деп есептеуге толық негіз
бар.Айтар болсақ,1994 жылғы инфляцияның көлемі 1158,3%-ті (бір жыл
бұрын 2165%) көрсетсе,осы жылы эмиграцияға кеткендер саны 477 068
адамды кұраған болатын.Олардың басым көпшілігі Ресей мен Германияға
кеткені белгілі.Міне,осындай алмағайып жағдайда Қазақ Елінің болашағын
бас біріктіріп ғана баянды етуге болатындығын түйсінген Қазақстан Халқы
Ассамблеясы көпұлтты Отанымыздың қарымды қадамдар жасауына ықпал
ете алды деп есептейміз.Еске түсірер болсақ,дәл осы Қазақстан Халқы
Ассамблеясы құрылған 1995 жылы Қазақстан Республикасында
макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі бағдарлама да
қабылданған болатын.Тиісінше,инфляция төмендесе,эмиграцияға кеткендер
саны 168 мыңға азайған болатын.Аталған жылы нақты нарықтық қатынастарды
жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар тізбегі де барынша көбейген еді.
Сейдахан Уәлиұлы Бақторазов.М.Х.Дулати университетінің профессоры

ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ МУЗЫКАЛЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІ

Ағымдағы жылдың 28 қаңтарында қаладағы №13 орта мектепте ҚХА-ның 30
жылдығына орай, облыстық қазақ, өзбек, орыс, татар және башқұрт
этномәдени бірлестіктері «Түркі халықтарының музыкалық дәстүрлері» атты
іс-шарасына қатысты.
ҚХА-ның «Бірлік әралуандылықта» жобасы негізінде ұйымдастырылған іс
шара аталған білім орнындағы өнер және музыка мұғалімдерінің «Гармония»
атты шығармашылық бірлестігі айлығы аясында «Радонеж» орыстар
қауымдастығы Аналар кеңесінің өкілі, музыка пәнінің мұғалімі Оксана
Дьяченконың ұйытқы болуымен өтті.
Шығармашылық кеш барысында облыстық этномәдени бірлестіктердің
мүшелері ән айтып, күй тартып музыкалық түрлі өнерлерін ортаға салды.
Сонымен қатар, «Сал күрең», «Көңіл ашар» күйлерін орындаған «Әулие-
Ата» қазақ мәдени орталығының өкілдері Пайза Куненова және домбырашы,
күйші Төрехан Күрпебаев қазақ музыка өнерімен көпшілікті тәнті етсе,
«Қазақстан татарлары мен башқұрттарының республикалық конгресі»
филиалының төрағасы Фарида Нақыш жиналғандарды татар музыкалық
дәстүрі туралы баяндады. Этностың «Лайсан Тамшылар» вокалдық ансамблі
мен Жастар қанатының хореографиялық тобы өздерінің шығармашылық
нөмірлерін ұсынды.
Ал, облыстық Өзбек этномәдени бірлестігінің өкілі, музыкант, әнші, Шавкат
Аширов этностың музыка тарихына тоқталды. Сонымен қатар, этномәдени
бірлестіктің басқа да музыканттарымен бірге музыкалық шығармалар
орындады.
Шара соңында «Радонеж» Орыс қоғамдастығының «Веснушки» қасық ойнау
ансамблі сазды күй орындап, музыкалық сый ұсынды.

 

ҒЫЛЫМИ-САРАПТАМАЛЫҚ ТОПТЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Ағымдағы жылдың 24 қаңтарында Ш.Мұртаза атындағы ХТУ ғимаратында
Жамбыл облысы ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының Қазақстан халқы
Ассамблеясының 30 жылдығына арналған кеңейтілген отырысы өтті.
Кезекті жиынға Жамбыл облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы
басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев, өңірлік Қазақстан халқы
Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, аймақтық
этномәдени бірлестіктер өкілдері, студенттер, БАҚ өкілдері қатысты.
Ш.Мұртаза атындағы ХТУ ректоры, Жамбыл облысы ҚХА ғылыми-
сараптамалық тобының төрағасы, педагогика ғылымдарының докторы,
профессор Сарыбеков Махметғали Нұрғалиұлының алғы сөзімен басталған
жиында ҚХА-ның 30 жылдығы аясында облыстағы ҚХА ғылыми-
сараптамалық тобы қызметінің негізгі аспектілері мен жас ғалымдар
клубының ресми ашылуы туралы отырыстың күн тәртібіндегі басты
мәселелер көтерілді.
Отырыста Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-
сараптамалық тобы төрағасының орынбасары, философия ғылымдарының
кандидаты Парида Мамедова Жамбыл облысы ҚХА ғылыми-сараптамалық
тобының қызметі төңірегінде баяндама жасаса, «Қоғамдық келісім» КММ
Көрме залының меңгерушісі Жазира Шілдебаева аймақтағы Ассамблеяның
этносаралық саладағы мемлекеттік саясатты іске асыруы туралы атап өтті.
Сондай-ақ, бүгінде Жамбыл жеріндегі этносаралық қатынастарды зерттеу
барысындағы ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімінің жұмысы туралы
«Қоғамдық келісім» мекемесінің жетекші сарапшысы, әлеуметтік ғылымдар
магистрі Рианна Жалпанова өз баяндамасында баяндады.
Маңызды басқосу барысында клубтың үміткерлері таныстырылып, Жамбыл
облысы ҚХА жас ғалымдар клубы төрағасы сөз сөйледі. Сонымен қатар, ҚХА
Жас ғалымдар клубының құрамы бекітіліп, ғылыми салаға қатысты түрлі
тақырыптағы мәселелелер талқыланды. Жиын соңы ғалымдардың өзара
пікір алмасуы және ұсыныс, тілектерін білдірумен тәмамдалды.

ЖАМБЫЛДЫҚ ЖАСТАР ЕҢБЕК АДАМДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Күнделікті қала тазалығын қамтамасыз ететін жұмысшылар қашанда
құрметке лайық.
Бұл тұрғыда жамбылдық Ассамблеяның белсенді жастары көне шаһар
тазалығына үлес қосатын еңбек иелеріне арнап жыл сайын ізгілік шараларын
ұйымдастырады.
Дәстүрлі шара биыл да жалғасын тауып, аймақтық “Ассамблея жастары”
қоғамдық бірлестігінің белсенділері аязды күні көшені қардан тазартып
жүрген коммуналдық қызметкерлерге ыстық шәй толы термос пен тәтті
бәліш, бауырсақтарды үлестірді.
Бұл жолғы шара былтырғыдан ерек. Себебі, биылғы жылды Мемлекет
басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп
жариялаған болатын. Осы орайда игілікті іске ұйытқы болған Ассамблея
жастары мұндай шара арқылы еңбек адамдарына алғыс білдіргісі келетіндігін
жеткізді.
–Таңның атысынан күн батқанға дейін ауа райының қолайсыздығына
қарамастан қала көшелеріндегі тазалыққа үлкен жауапкершілікпен қарап
жүрген жандардың еңбегі ерекше. Сол адамдардың тәулік бойы жұмыс
істеуінің арқасында тазартылған көшелермен жүреміз. Бүгінгі шара арқылы
қала тұрғындарын жақсылыққа шабыттандырып, айналамызға жылулық
сыйлауға шақырғымыз келеді, – дейді «Ассамблея жастары» РҚБ
төрағасының орынбасары, жамбылдық жастардың жетекшісі, облыстық
Ұйғырлар этномәдени бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы әрі Жастар
қанатының төрағасы Хамида Турдыева.

АСТАНАДА ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Үстіміздегі жылдың 24 қаңтарында Астана қаласында «Қазақстандағы бірлік
пен ынтымақ саясаты: тәжірибесі мен болашағы” атты халықаралық ғылыми-
практикалық конференция өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай елордада өткен
жиынға Сенат пен Мәжіліс депутаттары, Ұлттық құрылтай және Ғылыми
сарапшылық кеңес мүшелері, жетекші ғалымдар қатысты. Жиында
этносаралық қақтығыстарды болдырмау, ұлттар арасындағы достық пен
келісім жайында мәселелер талқыланды.
Ауқымды жиынға Жамбыл облыстық ақпарат және қоғамдық даму
басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері онлайн түрде
қатысты.

ЖАС ҒАЛЫМДАР КЛУБЫ АШЫЛДЫ

Жамбылда ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың Жас Ғалымдар
клубы ашылды. Осыған орай Ш.Мұртаза атындағы ХТУ ғимаратында топтың
кеңейтілген отырысы өтіп, оған топ мүшелері, аймақтағы этномәдени
бірлестіктердің өкілдері, студенттер және БАҚ қатысты.
Клубтың ресми ашылуына модераторлық еткен Ш.Мұртаза атындағы
Халықаралық Тараз университетінің ректоры, Жамбыл облысы ҚХА
ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы, педагогика ғылымдарының
докторы, профессор – Сарыбеков Махметғали Нұрғалиұлы клубқа мүшелік
ететін жас ғалымдардың тізімімен жеке-жеке, жіті таныстырды.
Жас ғалымдар клубына арнайы бекітілген ереженің талаптарына сай деп
табылған М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ, Ш.Мұртаза атындағы ХТУ және Әл
Фараби атындағы ҚазМУ докторанттары, магистранттары, оқытушылары
және 4 курс студенттері мен «Ассамблея жастары» ҚБ мүшелері ұсынылды.
Олар дауыс беру арқылы бекітіліп, жетекшілері тағайындалды.
Енді аймақтық Ассамблеяның Жас Ғалымдар клубына Ш.Мұртаза атындағы
ХТУ «Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар басқармасы»
басшысы, PhD докторы Әбутәлипов Мурат Мұхтарұлы және Жамбыл
облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық
келісім» КММ ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімінің жетекші сарапшысы,
әлеуметтік ғылымдар магистрі Жалпанова Рианна Русланқызы жетекшілік
ететін болады.
Жиын соңы жас ғалымдардың әрқайсына тиесілі атқарар жұмыстарына зор
жауапкершілікпен қарап, клуб жұмысын жандандыру туралы ұсыныс,
тілектермен тәмамдалды.

БІРЛІК ПЕН БЕЛСЕНДІЛІК МАҢЫЗДЫ

Ағымдағы жылдың 23 қаңтарында облыстық ақпарат және қоғамдық даму
басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ және Тараз қаласы әкімдігінің
ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің
ұйымдастыруымен №64 орта мектепте «Болашағымыз – бірлікте!»
тақырыбында жасөспірімдермен кездесу өтті.
Жиынға облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің Көрме залының
меңгерушісі Жазира Шілдебаева, Ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімінің
бас сарапшысы Ербол Қаншымбеков пен Жастар ресурстық орталығының»
жастар бастамаларын қолдау секторының мамандары Алима Қалисаева,
Ернар Нарбеков және аталмыш мектеп оқушылары қатысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында өткен басқосу
еліміздегі ынтымақ пен этносаралық татулықты одан әрі күшейте отырып,
өскелең ұрпаққа бірлік пен келісімді насихаттауды көздейді.
Кездесу барысында аймақтық Ассамблеяның тыныс-тіршілігі, атқаратын
қызметі төңірегінде «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері Ербол
Бектұрғанұлы және Жазира Мейрамбекқызы жастарға кеңінен айтып берді.
Өз кезегінде жастар да бірлік пен бірегейлік төңірегінде ойларын ортаға
салды.
Жиын соңында өңірлік «Қоғамдық келісім» мекемесі тарапынан №64 орта
мектепке облыстық ҚХА туралы естелік кітап табысталды.

МЕН ЖӘНЕ ҚОРШАҒАН ОРТА» ТАҚЫРЫБЫНДА ҚАЛАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

Өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтармен сусындатып тәрбиелеуде өңірлік
Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ассамблея бөбектері» және «Біртұтас
тәрбие» бағдарламасы аясында қалалық білім бөлімімен тығыз жұмыс
жасауда.
Айта кетсек, өткен жылдың мамыр айында облыстық «Қоғамдық келісім»
мекемесі мен қалалық білім бөлімі «Бір тұтас тәрбие» бағдарламасына сай
«100 кіші бағдарлама» аясында әдістемелік материалдарды әзірлеудің 2024-
2026 жылдарға арналған жоспарын әзірлеп, меморандумға қол қойған
болатын.
Аталған жобалармен қатар «Жасыл ел, жасыл балабақша» жобасын
ілгерілету мақсатында №15 бөбекжай-балабақшасы мен «Алпамыс» ЖШС
балабақшасы бірлесе «Мен және қоршаған орта» тақырыбында қалалық
семинар ұйымдастырды.
Шара мектепке дейінгі балаларды қоршаған әлемді танып, табиғатты аялауға
және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
Жиынға қалалық білім бөлімінің әдіскері Гульфайруз Естаева, 15 бөбекжай-
бақшасының меңгерушісі Амина Саттибаева, «Алпамыс» ЖШС бөбекжай-
бақшасының меңгерушісі Айнаш Сейтжапарова және қалалық білім бөліміне
қарасты балабақша әдіскерлері мен тәрбиешілері қатысты.
Сонымен қатар, шараға қатысқан «Қоғамдық келісім» мекемесінің Көрме
залының меңгерушісі Жазира Шілдебаева, ұлттық құндылықтарды негізге
ала отырып, ел бірлігін нығайтуға, әділетті қоғам құруға білімді, адал
ұрпақты тәрбиелеуде мұндай жарқын жобалардың берері мол екендігіне
кеңінен тоқталып, қос балабақша ұжымына ертегі кітаптарын тарту етті.
Жиын аясында «Ақылды балақай» ойын аймағы мен «Жасыл ел – жасыл
әлем» және «Гүлдер әлемі және гүлдің бал шырыны» жобаларының
таныстырылымы өтті. Сондай-ақ, аталмыш балабақша ұжымы мен
тәрбиеленушілерінің концерттік бағдарламалары көпшілік назарына
ұсынылды.

АТА КӨРГЕННІҢ АҚЫЛЫ АРТЫҚ

Ағымдағы жылдың 21 қаңтары күні Достық үйінде облыстық Ардагерлер
және ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшелері өңірлік «Ассамблея жастары» ҚБ
өкілдерімен кездесті.
«Өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие» жобасы аясында өткен басқосу жастарды
еңбекке құрмет көрсетіп, адалдық пен үнемшілдікке тәрбиелеу секілді
құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған.
Жиынды аймақтық Ассамблея төрағасының қоғамдық орынбасары, ҚХА
Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан жүргізіп, жастарға Ұлттық
құрылтайдың үшінші отырысында көтерілген негізгі мәселелер бойынша
ақпарат беріп өтті. Атап айтсақ, өскелең ұрпақты патриотизм арқылы еліне
адал еңбек ететін азамат етіп тәрбиелеу, бес кеселмен күресе отырып,
салауатты сана қағидаттарын қалыптастыру мәселелері кеңінен қаузалды.
Кездесуге облыстық Ақсақалдар кеңесінің мәдени және жастар ісі жөніндегі
төрағасы Мұхаметжан Байшоманов, төраға орынбасары Исмайл
Хаджимуратов және төралқа өкілдері Гүлзада Әлмаханова, Күләш
Қосатбекова, Майлыбай Смағұлов және желтоқсан көтерілісінің қатысушысы
Ақсұлу Таңсықбаева, облыстық “Қоғамдық келісім” КММ Медиация
кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиева қатысып, жастарды адалдық,
әділеттілік және патриотизм рухында тәрбиелеу мәселелеріне тоқталды.
Сонымен қатар, алқалы жиында «Тараз қалалық Өзбек этномәдени
орталығы» қоғамдық бірлестінің төрағасы, өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесі
төрағасының орынбасары Абдурахман Зайнутдинов пен облыстық ҚХА
Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Исмайл Хаджимуратов жастарды қоғамға
қауіпті бес кеселден қашық болуға шақырды.
Жас буынды ерекше әсерге бөлеген кеш соңында жастар атынан сөз алған
облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің жетекші сарапшысы Рахат
Ерханұлы кеңес мүшелерімен жиі кездесіп, пікір алмасып тұрудың маңызын
атап өтті.