АЙМАҚТЫҚ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ЖҰМЫС-ЖОСПАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қоғамдық келісімді нығайтып, отбасы құндылықтарын насихаттап, ұрпақтар
сабақтастығын сақтауға үлес қосуда ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің
арқалаған жүгі ауқымды.
Облыста қазіргі таңда 40-қа жуық Аналар кеңесі белсенді қызмет етуде.
Іргелі ұйымның өткен жылғы атқарған нәтижелі жұмыстары мен алдағы
жоспарларын бүгін «Анаға тағзым» отбасыларды қолдау орталығында өткен
кеңестің жұмыс отырысында өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы,
аталмыш орталықтың директоры Эльмира Мырза-Ғали баяндады.
Жиынға «Қоғамдық келісім» мекемесінің «ҚХА құрылымдарымен жұмыс
және жобаларды жүзеге асыру» бөлімінің басшысы Аққу Қаратаева, өңірлік
Аналар кеңесінің төрағалары, этномәдени бірлестіктер мен мекеме жанынан
құрылған кеңестің жетекшілері қатысып, биылғы жұмыс жоспарларын
талқылады.
-Баршаңызға белгілі, биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы.
Осынау мерейтой қарсаңында өздеріңізбен бірлесе бірқатар жұмыстарды
еңсеріп, жемісті жобаларды жүзеге асырамыз деген сенімдемін.
Республикалық «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт», «Салауатты сана»
жобалары барысында атқарған жұмыстарымыз өзінің жемісін беруде.
Сондай-ақ, өңірлік кеңестің бастамасымен қолға алынған «Жасыл
сертификат», «Әжемнің ертегісі», «Қауіпсіздік сағаты», «Ана көрген»
жобалары да нәтижелі жүзеге асуда, – деді кеңес төрағасы Эльмира
Инаятқызы.
Отырыс барысында аймақ аналары ҚХА-ның 30 жылдығы қарсаңында «Ақ
орамал», «Айналайын» секілді тың жобалар мен «Барыңды бағала», «Тәртіпті
өзіңнен баста!» қоғамдық акцияларын жүзеге асыратындығын жеткізді.
Сондай-ақ, өзге де ілкімді жобалардың іске асырылуы турасында пікірлер
айтылып, ұсыныстар тыңдалды.