Archive for month: November, 2024
“КАЛИНКА” ВОКАЛДЫҚ АНСАМБЛІНЕ – 10 ЖЫЛ!
ТАТУЛЫҚ – ДОСТЫҚ КІЛТІ
«Достық керуені» жобасы этностар арасындағы достықты дәріптеумен қатар, олардың мәдениет, спорт, әлеуметтік т.б. саладағы қырларын тануға кеңінен мүмкіндік береді. Дәстүрлі жоба аясында «Татулық – достық кілті» атты облыстық фестиваліне іріктеу өтті.
Аудандық мәдениет үйінде өткен іріктеуге мектеп оқушылары және колледж білімгерлері және аудандағы этнос жастары қатысты.
Фестивальдің мақсаты – қазақ халқының өнері мен мәдениетін жан-жақты насихаттау, еліміздің көптүрлі мәдени ерекшеліктерін дамыту, орындаушылардың кәсіби шеберлігін арттыру.
Аудандағы дарынды тұлғалар өнерін саралаған сайыста өзбек, түрік, славян, кәріс тағы да көптеген этностардың әні айтылып, биі көпшілік назарына ұсынылды.
Шара соңында облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова және облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Ақылшаұлы аудандағы белсенді этномәдени бірлестік өкілдерін марапаттап, сый-сияпаттарын табыстады.
ӨҢІРЛІК «АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫ» ҚБ АУДАН ЖАСТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достық керуені» жобасы аясында өңірлік «Ассамблея жастары» ҚБ Меркі ауданындағы «Жастар ресурстық» ғимаратында аудан жастарымен кездесті.
Жүздесу барысында облыстық «Ассамблея жастары» ҚБ төрағасы Хамида Турдыева жастардың бастамаларын дамытып, әлеуметтік тұрғыда қолдауға даяр «Ассамблея жастары» ұйымының басты бағыттарын айтып берді.
Бірлестіктің белсенді жастары Ёсма Карасман-Оглы мен Перизат Асқарбек те «Ассамблея жастары» РҚБ-нің атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап, жастарды ұйым құрамына шақырды.
Жиын соңында өңірлік ассамблея белсенділері аудан жастарымен пікір алмасып, сауалдарына жауап берді.
Сонымен қатар, бұл күні облыстық «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен аудандық білім бөліміне қарасты «Балауса» балабақшасындағы бөбектерге арнап аниматорлар қойылымы ұсынылып, бүлдіршіндер қуанышқа бөленді.
ЖОБА АЯСЫНДА АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТКІЗІЛДІ
«Достық керуені» жобасы аясында өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесінің өкілдері аудандық Ақсақалдар алқасымен жүздесіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді ортаға салды.
Облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан тізгіндеген кеңес отырысына өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары, облыстық этномедиаторлар кеңесінің төрағасы, Тараз қалалық Өзбек орталығының төрағасы Абдырахман Зайнутдинов, облыстық «Хазар» Әзірбайжан этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асабали Поилиев, облыстық «Ахыска» Түрік этномәдени бірлестігі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ибрагим Зуфаров пен аудандық кеңес мүшелері мен уәкілетті органдар қатысты.
«Ата көргеннің ақылы артық» демекші, жиында Ақсақалдар алқасы ұрпақ тәрбиесі, адал азамат тәрбиелеу, әлеуметтік кеселдермен күрес сынды қоғамдағы күрмеулі мәселелерді қозғап, пікір алмасты.
Сондай-ақ, әскери сала маманы Асан Пшаев этнос өкілдерінің әскер қатарына қабылдануы туралы да атап өтті.
ОБЛЫСТЫҚ ҚХА АНАЛАР КЕҢЕСІ «ДОСТЫҚ КЕРУЕНІНДЕ»
«Достық керуені» жобасы аясында өңірлік ҚХА Аналар кеңесі Меркі аудандық Аналар кеңесімен кездесу өткізді.
Кеңес отырысын облыстық «Қоғамдық келісім» КММ жобаларды жүзеге асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Аққу Қаратаева ашып, жүргізді.
Алқалы жиында Меркі аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы Айгүл Оразбаева құқықбұзушылыққа қатысты статистикаға тоқталса, Меркі ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің Жастар Ресурстық орталығы КММ-нің психологі Аружан Темірбай жастардың тұрмыстық зорлық-зомбылық, нашақорлық, жастардың денсаулығы мен психологиясы туралы айтты.
Сондай-ақ, аудандық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары, Меркі ауылдық округі Аналар кеңесінің төрайымы Роза Байбосынова кеңес құрамын таныстырып, ауданда өтіп жатқан жобалар мен ауқымды іс-шаралар бойынша кеңінен қаузады.
Одан кейін Меркі ауданы Аналар кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Татықұлова сөз алып, қыз бала тәрбиесі ұлттық тәрбие екенін және аналар ұйымшылдығын тілге тиек етіп, сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері, облыстық Поляк этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің төрайымы Аракси Плетнева мен «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы филиалының төрайымы Фарида Нақыш және «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің Бірлік – қарашай- балқарлардың Жамбыл филиалы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Леля Узденова аталған нашақорлық, ысырапшылдық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм секілді әлеуметтік кеселдерге тосқауыл қою қажеттігін алға тартып, кеңес мүшелерін бірігіп жұмыс жасауға шақырды.
Жиында бұдан өзге ҚР Президентінің биылғы Жолдауында айтылған жастарға қатысты зиянды әдеттерден арылу, жасөспірімдермен тіл табысу, жастар арасындағы басқа да тәуелділіктердің алдын алу, олармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізу сияқты мәселелер талқыланды.
Және аудандық Аналар кеңесі де өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Бүгінде нәпақа табамын деп, еңбекке ерте араласып жатқан жасөспірімдер жетерлік. Ал оның бала денсаулығына қаншалықты зиян келтіріп жатқандығына аналар алаңдаулы. Қоғамның өзекті тақырыбына айналған мәселені кеңес отырысында ҚХА Аналары кеңінен тоқталды.
Бұдан соң, өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын ілгерілету мақсатында отбасы құндылықтарын сақтау бойынша орамды ойларын айтып, ұсыныстарын жеткізді.
Айта кетейік, Меркі аудандық Аналар мен Ақсақалдары мектептерде «Әке», «Ана», «Ата», «Әже» тәлімдерін үйрету орталықтарын ашқан.
Жиын соңында аймақтағы тұтастық пен бірлікті сақтап, ҚХА жобаларын жүйелі жүзеге асыруға атсалысқан аудандық кеңес мүшелері марапатқа ие болды
«ДОСТЫҚ КЕРУЕНІ» МЕРКІ АУДАНЫНДА
Жамбыл облысының 85 жылдығына орай, ағымдағы жылдың 12 қарашасында Жамбыл облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен ҚХА-ның «Достық керуені» жобасы Меркі ауданына келді.
Аталмыш ауданға аялдаған керуен құрамында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар мен Аналар кеңесі, этномәдени бірлестік жетекшілері және өңірлік «Ассамблея жастары» ҚБ мүшелері бар.
Бағдарламаға сай, жобаның алғашқы жұмысы аудандық мәдениет үйіндегі этномәдени бірлестіктердің салт-дәстүрімен танысудан бастау алды.
Шараның ашылу салтанатында Меркі ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Абылай Ахметжанов, облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова мен ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Асқарбек Сейілхан керуен көшінің мән-маңызына тоқталды.
ТІЛ – ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ҚҰРАЛЫ
ЖуырдаТараз қалалық Өзбек мәдени орталығының төрағасы Абдырахман Зайнутдинов қаламыздағы политехникалық жоғары колледжінің бірінші курс студенттері арасында өткен Қазақстан халқының достығына арналған іс-шараға қатысты.
Іс-шарада қатысушылар тілдерді білу деңгейі, мемлекеттік тілді үйренудің қажеттігі туралы айтып, өзара пікір алмасты. Бұдан өзге бірнеше тілді білудің қазіргі кездегі маңыздылығын айқындап, өз тіліңді – бірлік үшін, өзге тілді – тірлік үшін қолдану керек деген тоқтамға келді. Себебі, жастардың заман талабына сай тіл меңгеруге еш кедергі жоқтығы, әрі түрлі қосымшалар арқылы тіл игерудің жедел әрі жеңіл жолдарының көптігі туралы айтылды.
Сондай-ақ, аталмыш жиынның аясында колледж студенттерінің қатысуымен шығармашылық нөмірлер ұсынылды.
«ТАРИХ – ЖАСТАР КӨЗІМЕН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАСТАР ФОРУМЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Меркі аймағында өтіп жатқан «Тарих – жастар көзімен» атты республикалық ҚХА жастары форумының үшінші күні әдеттегідей таңғы жаттығумен бастау алды.
Алғашқы күннен бері көптеген тың тақырыптарда дәріс тыңдап, түрлі сала спикерлерінің шеберлік сабағына қатысқан жастармен бүгін Жамбыл облыстық «Ассамблея жастары» ҚБ белсенді мүшесі Альфия Югданқызы интеллектуалды ойындар жүргізді.
Достық қарым-қатынасқа негізделген ойында қатысушылар топқа бөлініп, қызықты тақырыптарға шолу жасады. Сондай-ақ, жас спикер шара барысында мотивациялық тренинг ұйымдастырып, жастардың уақытын тиімді басқару, жетістікке жетудің жолы, өз ісін жоспарлау секілді тақырыптарды тарқатты.
Кездесу аясында форум жастары да ортаға шығып, Қазақстан тарихы туралы ақпараттарымен бөлісіп, пікірлерін ортаға салды.
Осылайша, үш күнге жоспарланған шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар ризашылықтарын білдірді.
Шараның қортынды сәті қатысушыларды марапаттау сәтіне ұласты.
ҚХА жастарын бірлікке бекемдеп, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысу ісіне үлес қосуда «Қазақстан Ұйғыр жастары одағы» РҚБ төрағасы, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасының кеңесшісі Рустам Қайриев пен республикалық «Ассамблея жастары» ҚБ төрағасының орынбасары, өңірлік жастар ұйымының жетекшісі Хамида Тұрдыеваның еңбеге орасан. Айтулы шара аясында аталған жастар жанашырлары және «Қоғамдық келісім» КММ жетекші сарапшысы Рахат Ерханұлы сөз алып, форум қатысушыларына алғыстарын білдіріп, сертификаттар табыстады.
Өз кезегінде жастар да ұйымдастырушыларға ризашылықтарын айтып, көтеріңкі көңіл күйде тарқасты.
«БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА
Ағымдағы жылдың 6 қарашасында Байзақ ауданында «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында «Этносаралық және конфессияаралық келісім» топ мүшелері жұмыс сапарымен барып қайтты.
Аталмыш топ құрамында Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев, «Медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиева және мекеме қызметкерлері, облыстық Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары, этномедиация кеңесінің төрағасы Абдырахман Зайнутдинов және өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан бар.
Топ мүшелері ауданға қарасты Қызыл жұлдыз, Қостөбе, Бурыл, Сарыкемер, Түймекент ауылының этномәдени бірлестік өкілдерімен және тұрғындарымен кездесіп, ауылдардағы бірқатар мәселелерді алға тартты.
Кездесуде өзекті тақырыптар талқыланып, Медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиева жергілікті тұрғындарға медиация аясында кеңес берді.
«Бейбітшілік пен келісім» жобасының бағдарламасы бойынша «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері Замана Исмаилова мен Рианна Жалпанова мониторинг жүргізді.