Объявление

“Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы” ҚР Заңының 14-1-бабының 4-тармағына сәйкес (Ассамблея құрамына қоғамдық аккредиттеу рәсімінен өткен этномәдени бірлестіктер кіреді) Жамбыл облысының ҚХА Жамбыл облысының аумағында орналасқан этномәдени бірлестіктерге қоғамдық аккредиттеу жүргізілетіні туралы хабарлайды.

Қоғамдық аккредиттеуге қатысу және этномәдени бірлестік тізіліміне енгізу үшін ҚХА Кеңесінің 2024 жылғы 29 наурыздағы № 24-35-2.1 шешімімен бекітілген ҚХА этномәдени бірлестіктерін қоғамдық аккредиттеуді жүргізу қағидаларымен https://assembly.kz/ru/ank/ofitsialnye_dokumenty/: сайтта танысу және келесі құжаттарды ұсыну қажет:

1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ӨТІНІШ;

2) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес этномәдени бірлестіктің, филиалдың ПАСПОРТЫ.

3) этномәдени бірлестіктің мөрімен расталған ЖАРҒЫНЫҢ КӨШІРМЕСІ;

4) Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын этномәдени бірлестік басшысының ЖЕКЕ КУӘЛІГІНІҢ КӨШІРМЕСІ.

Құжаттарды қабылдау 2024 жылғы 11 желтоқсаннан бастап 2025 жылғы 6 қаңтарға дейін Төле би даңғылы, 23 б мекенжайы бойынша жүргізіледі. Анықтама телефоны: 87262-54-12-37

 

«ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ 16 КҮН БЕЛСЕНДІЛІК» АКЦИЯСЫ БАСТАУ АЛДЫ

Ағымдағы жылдың 20 қарашасы күні Достық үйінде «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясының ашылу салтанаты өтті.

Бұл күні аталмыш шараға облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері мен облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры, ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі Эльмира Мырза-Ғали, Жамбыл облысы ПД ЖПҚБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы полиция подполковнигі, ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі Диляфруз Кинжеханова, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері мен өңірлік Поляк этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің төрайымы Аракси Плетнева және өзге де спикерлер қатысып, қоғамдағы өзекті тақырыптар туралы баяндама жасады.

Атап айтсақ, жиында әйелдердің саяси көшбасшылығын қолдау, сондай-ақ әйелдер мен балалардың әлеуметтік мәселелері, отбасы құндылықтары туралы кеңірек айтылды.

Бұл іс-шара – қоғамымызды зорлық-зомбылықсыз, қауіпсіз және бейбіт өмірге бір қадам жақындату жолындағы маңызды қадамдардың бірі.

Сонымен қатар, жиын барысында түрлі сала мамандары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы деректерді алға тартып, оған қарсы жүргізілуге тиісті жұмыстардың жәй-жапсарын нақтылады.

Іс-шараға келген қонақтар Жамбыл облысы ҚХА жанынан құрылған шеберлер клубының қолөнершілері жасаған қазақтың ою-өрнегі бейнеленген түрлі бұйымдарын тамашалады.

ЖОБАНЫҢ ЕКІНШІ КҮНІНДЕ

Астана қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Көшбасшылар академиясы» жобасы өтуде.

Аталған жобаға еліміздің барлық өңірлерінен 50-ден астам белсенді жастар жиылып, Елордадағы «OzgeEpic» креативті хабы» ғимаратында танымал жетекші тренерлер мен спикерлер жүргізген шеберлік сабақтарына қатысып, білімдерін жетілдіруде.

Үш күнге ұласқан шараның екінші күнінде қатысушылар бейвербалды қарым-қатынаспен және әлеуметтік белсенділікпен өзара әрекеттесу мәселелерін талқылап, өзекті тақырып төңірегінде білікті мамандардың дәрісін тыңдады.

Атап айтсақ, бағдарлама бойынша екінші күні UBES HIGH SCHOOL оқытушы-тренері Ләззат Асқарова қатысушылармен «Үлкен уақыт» атауымен тимбилдинг ұйымдастырды.

Ал, «Халықаралық құзыреттілік академиясы» ЖШС директоры, психология ғылымдарының докторы, медицина ғылымдарының кандидаты, ЖАК доценті Лейла Асылбекова «Вербалды емес тұлғааралық қарым-қатынас өнері» тақырыбында мардымды баяндама жасап, қатысушылармен пікір алмасты.

Сондай-ақ, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев Workshop тәжірибелік алаңында белсенді жастарға креативті инсайттар беріп, пікірлерін тыңдады.

Айта кету керек, бұл жоба Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа ұрпақ көшбасшыларын тәрбиелеуге, әлеуметтік және мәдени мәселелерді тиімді шешуге дайын жас жетекшілерді қалыптастыруға үлес қосады.

Сонымен қатар, «Көшбасшылар мектебі» өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, этносаралық қарым-қатынас және көшбасшылық дағдыларын дамытуға, сондай-ақ жаңа ұрпақ көшбасшыларын даярлауда маңызды қадам болмақ.

Бүгін, ағымдағы жылдың 19 қарашасы

Бүгін, ағымдағы жылдың 19 қарашасы Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Қасымқызы Жинақбаевамен кездесу өткізді.

Келелі кездесу барысында ҚХА-ның «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» қоғамдық жобасын аясында өңірдегі іске асыру қорытындылары талқыланып, ҚХА-ның барлық қоғамдық жобаларын сапалы, әрі тиімді іске асырудың және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына дайындықтың маңыздылығы атап өтілді.

«КӨШБАСШЫЛАР АКАДЕМИЯСЫ» ЖОБАСЫ БАСТАЛДЫ

Ағымдағы жылдың 18 қарашасында Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Көшбасшылар академиясы» жобасы бастау алды.

Үш күнге жоспарланған жобаға республиканың әр өңірінен этномәдени бірлестіктердің жас көшбасшылары, «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдері, белсенділер мен блогерлер қатысуда.

Айта кетейік, ауқымды жиынға Жамбыл облысынан республикалық «Ассамблея жастары» төрағасының орынбасары, өңірлік жастар ұйымының жетекшісі Хамида Турдыева және облыстық ақпарат және қоғамдық даму бақармасы «Қоғамдық келісім» КММ жетекші сарапшысы Алмас Ақынтай қатысуда.

Жоба кадрлық резервті даярлау алаңын құру арқылы Қазақстан халқы Ассамблеясының жас көшбасшыларының жаңа буынын қалыптастыруды көздейді.

Шараның ашылу салтанатында “Қоғамдық келісім” РММ директоры Элина Масағұтова мен «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев сөз алып, жоба жұмысына сәттілік тіледі.

Мазмұны мол жастар жиынының алғашқы күнінде қатысушыларға бірқатар спикерлер дәріс өткізді.

Атап өтсек, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры, «OzgeЕpic» шығармашылық хабының негізін қалаушы Мақпал Жұмабай «Жасанды интеллект және оны өмірде қолдану» тақырып шеңберінде түрлі әдістемелерімен бөліссе, ҚХА шығармашылық ұжымдары қауымдастығының төрағасы, «Ұлттық дельфий комитеті» КҚ төрағасы Құралай Түспекова «Мәдени кодты қалыптастыру» тақырыбында баяндама жасап, жастарға көптеген мағлұмат беріп өтті.

 

ҚХА ҒЫЛЫМИ САРАПТАМАЛЫҚ ТОПТЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Ағымдағы жылдың 18 қарашасы күні Ш.Мұртаза атындағы ХТИИ ғимаратында Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық тобының кеңейтілген отырысы өтті.

Көпэтносты Қазақстанда жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру тұрғысынан жоғары және орта арнаулы білім беруді реформалау тақырыбы аясында өткен отырысқа өңірлік Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, аймақтың этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, студенттер, БАҚ өкілдері қатысты.

Жиын аталған оқу орнының Вице-президенті, өңірлік ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбековтың модераторлық алғы сөзімен басталды.

Ары қарай Жамбыл политехникалық жоғары колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Тұрлыхан Оразбаев, «Жастар-зерттеу» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің экономика және құқық факультетінің 3 курс студенті Адиля Саитбаева, «Жамбыл-Жылу» МКК №1 пайдалану ауданының бастығы Сәкен Қасымбеков және облыстық «Днепро» Украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Федор Клименколар сөз сөйледі.

Кеңейтілген отырыста еліміздің экономикасының дамуындағы кәсіптік техникалық білімнің рөлі, еліміздегі экономикалық дамуы және жұмысшы кәсіптердің болашаққа болжамдары сынды түрлі мәселелер мен тақырыптар талқыланды.

Сондай-ақ отырыста «Адал еңбек, адал азамат» жобасы таныстырылып, ғылыми талқылау жасады. ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі Пайза Куненова қазіргі жастардың, әсіресе блогерлердің жеңіл табысын атап, адал табыс пен адал еңбектің маңыздылығына терең тоқталып, сессия тапсырмасына сәйкес, «Салауатты сана» жобасы қоғамның әлеуметтік дертіне айналған 5 кеселден арылу бойынша сөз сөйледі.

Жиын соңы өзара пікір алмасулар және ғылыми-сараптамалық топтың белсенділерін марапаттаумен тәмамдалды.

 

ҚХА АКАДЕМИЯСЫ АШЫЛДЫ

Ағымдағы жылдың 18 қарашасында Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың қатысуымен ҚХА Академиясының ашылу салтанаты өтті.

Академия ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің, Ассамблеяның қоғамдық құрылымдары жетекшілерінің біліктілігі мен құзіретін арттыруға арналған маңызды институт.

Менеджмент бойынша тәжірибеге бағытталған алғашқы курс Достық үйлерінің басшыларына арналды. 5 күнге созылатын бағдарлама аясында жобаларды басқару, гранттық қаржыландыру, бюджеттеу және этномедиация мәселелері бойынша дәрістер, семинарлар және тренингтер өтеді деп жоспарлануда.

Атап өтейік, маңызы мол жиынға өңірлік ассамблеядан «Қоғамдық келісім» КММ және Достық үйі басшысы Мубарак Қасымқызы Жинақбаева қатысуда.

ЖАСТАР ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА

Ағымдағы жылдың 16-шы қарашасы күні «Қоғамдық келісім» КММ мен «Жаңа-Ру» жастар коалициясының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ассамблея жастары» және этнос өкілдері арасында өңіраралық «Туған жердің төсінде» атты квест ойындары өтті.

Кезекті ойынның басты мақсаты этнос өкілдерінің интеллектуалдық деңгейін арттыру, жастардың тілдік және этникалық белгілері бойынша ар-намыс пен қадір-қасиеттін қорлауға жол бермей, еліміздің тарихы мен мәдениетін терең білуге насихаттау болып табылады.

Осы орайда бүгінгі интеллектуалды ойында бақ сынап, бәсекеде қабілеттілігімен екінші орын иеленген «Frienship house» және үшінші орын алған «Ассамблея жастары» командаларын шын жүректен құттықтаймыз!

«КАЛИНКА» ВОКАЛДЫҚ АНСАМБЛІНЕ – 10 ЖЫЛ!

Жамбыл облыстық «Радонеж» Орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі жанынан құрылған «Калинка»  вокалдық ансамблінің есімі Әулиеата жұртына етене таныс. Аймақ мәдениетін дамытуға үлес қосып, орыс халқының әндерін жергілікті жұртшылыққа кеңінен насихаттап жүрген шығармашылық ұжымның құрылғанына биыл 10 жыл толып отыр.

Осыған орай, ағымдағы жылдың 16 қарашасы күні Достық үйінде ансамбльдің мерейтойлық концерті салтанатты түрде аталып өтті.

Бұл күні шығармашылық ұжымды құттықтауға келген өңірлік этномәдени бірлестік өкілдері мен ҚХА мүшелерінің қарасы қалың болды. Сондай-ақ, шараға облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова қатысып, өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының игі істеріне белсене атсалысып жүрген ансамбльге алғысын білдіріп, марапаттады.

Жыл арта өнер ұжымының шығармашылық әлеуеті артып, репертуары жаңарып отырады. Өнердің өлкесінде жүрген ұжымның көркемдік жетекшісі, облыстық «Радонеж» Орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владимир Сорокин ансамбльдің орындаушылық шеберлігі жыл озған сайын шыңдала түсуде екенін мақтанышпен жеткізді.

–Осы уақыт аралығында өнер ұжымы әрдайым шығармашылық ізденісін тоқтатпай жаңа туындыларымен өз тыңдармандарын тамсандырып келеді. Ансамбльдің алғашқы кәсіби қойылымы әйелдер ұжымы және «Радонеж» Орыс этномәдени бірлестігі мүшелерінің орындауындағы «Ой, цветет калина» әнімен басталған болатын. Міне, содан кейін құрам «Калинка» атауына ие болды, – дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі В.Владимирович.

Мерекелік кеште ансамбльдің орындауындағы «Когда весна придёт не знаю…», «Матушка-земля», «На деревне тихо», «Ромашка белая», «Осень золотая», «Две души», «Ах, судьба, моя судьба», «Хуторок», «Есаул молоденький», «Печки-лавочки», «Сильная женщина» секілді көптеген әндері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әуезді ән шырқалған кеште қазақ, татар, украин халқының ұлттық билері сахналанып, кеш шырайын аша түсті.

Республикалық «Ассамблея құрамасы» “Жайдарман” Ұлттық лига ойындарының жеңімпазы атанды!

Ассамблеялық құрама атсалысқан команда мүшелері мен өздерін қолдаған жанкүйерлерге эор алғыс білдіреді!
Сондай-ақ, Жамбыл облыстық Ассамблея мен “Қоғамдық келісім” мекемесі және өңірлік “Ассамблея жастары” РҚБ да  игі жеңістеріңізбен құттықтай отырып,  Сіздерге әрқарай да мол мүмкіншіліктер мен сәттілік тілейді!
Чемпиондық дәрежелеріңіздің тұғыры биік болсын!
Page 1 of 4
1 2 3 4