ЖОБА АЯСЫНДА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Өңірде қайырымдылық қызметін іске асырып, деңгейін дамытуға жәрдемдесу Қазақстан халқы ассамблеясының негізгі міндеттерінің бірі.

«Достық керуені» жобасы аясында қайырымдылық та назардан тыс қалмады.

Таласқа табан тіреген керуен қатысушылары аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығында болып, тәрбиеленушілермен жүздесті.

Кездесу барысында «Қоғамдық келісім» КММ жетекші сарапшысы Рахат Ерханұлы жоба жайлы айта келе, балаларға ақ тілегін білдірді.

Орталықтың ем алушыларына арнап Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясы «Балауса» циркінің әртісі, фокус өнерпазы Талап Таубековтің әзірлеген қойылымы ұсынылды.

Жоба ұйымдастырушылары ұсынған қойылым балалар жүзіне қуаныш үйірді. Жиын соңында аталмыш орталыққа «Қоғамдық келісім» мекемесі тарапынан шағын сыйлық тарту етілді.

ӨНЕРЛІ ӨРЕНДЕРДІ АНЫҚТАҒАН САЙЫС

Талас ауданы – талай дүлдүлдер мен бұлбұлдар тудырған қасиетті мекен. Татулықты ту еткен «Достық керуені» жобасы аясында аудан орталығы –қазыналы Қаратауда бұл күні әуезді ән де айтылып, сұлу саз да көпшілік назарына ұсынылды.

«Өнеріміз саған, Қазақстан!» атты дәстүрлі облыстық байқаудың іріктеуіне қатысқан ауданның этнос жастары рухани, патриоттық тақырыптарда қазақ әндерін шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлай білді.

Талас ауданы «Ұлбике ақын» атындағы мәдениет үйінде өткен сайысқа мектеп оқушылары және колледж білімгерлері қатысты. Қазақ халқының өнері мен мәдениетін жан-жақты насихаттап, еліміздің көптүрлі мәдени ерекшеліктерін дамыта отырып, орындаушылардың кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған байқауда бағы жанғандар облыстық фестивальде өнер көрсететін болады.

ТАЛАСТЫҚ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСУ

Жастары белсенді елдің – ертеңі жарқын болары сөзсіз. Бүгінде жастардың қоғамдық іске белсене араласуына барынша атсалысу ісіне Ассамбеля жастары да өзіндік үлесін қосып келеді.

Талас ауданында өткен «Достық керуені» жобасы шеңберінде өңірлік «Ассамблея жастары» ҚБ аудандағы этнос жастарымен жүздесіп, мотивациялық ақпараттарымен бөлісті. Жоба бағдарламасы бойынша белсенді ұйым мүшелері «Қаратау технология, білім және бизнес колледжі» студенттерімен кездесті. Жастар жиынында әуелі «Қоғамдық келісім» КММ жетекші сарапшысы Алмас Ақынтай аудан жастарына «Достық керуені» жобасы жайлы айтып өтті. Одан кейін өңірлік «Ассамблея жастары» ҚБ төрайымы Хамида Турдыева этнос жастарына ұйымның негізгі атқаратын міндетін түсіндіріп, жастар бастамалары әркез қолдауға ие болатындығын жеткізді.

Сондай-ақ, аталмыш жастар ұйымының белсенділері Зарина Абибулла мен Шұғыла Жұмағали өскелең ұрпақты қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға атсалысуға шақырды.

Іс-шара соңында ең белсенді студенттер жастар ұйымына қызығушылық танытып, тізімге енгізілді.

АҚСАҚАЛДАР МЕН АНАЛАР ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІН ҚАУЗАДЫ

Талас ауданында өтіп жатқан «Достық керуені» жобасы аясында ҚХА Ақсақалдар мен Аналар кеңесінің бірлескен отырысы ұйымдастырылды.

Облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, өңірлік ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Асқарбек Ақылшаұлы модераторлық еткен шараға аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Абдибекова, аудандық уәкілетті органдар, облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің жобаларды іске асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы Аққу Қаратаева, өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төраға орынбасары, медиатор Абдырахман Зайнутдинов, облыстық Тәжік этномәдени орталығының төрағасы Махкам Орифов, облыстық Аналар кеңесінің мүшесі Пайза Куненова және аудандық ақсақалдар мен аналар кеңесінің мүшелері қатысты.

Келелі кеңесте ҚХА-ның «Салауатты сана», «Адал азамат» атты арнайы жобалары аясында ұйым мүшелері негізгі мәселелерге кеңірек тоқталды.

Атап айтсақ, бүгінгі таңда отбасы тәрбиесіне көңіл бөлу, ұлағатты ұрпақ өсіруде аналардың рөлі және оларды қорғап, қолдау мәселелері талқыланды. Ақылы дария ақсақалдар мен аналар жастар тәрбиесі бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды дамыту қажеттігін айтты. Өскелең ұрпақты Абай жолының қара сөзімен сусындатып, өмірдің құндылығын ұғындыру нәтижелі болатынын алға тартты. Отырыс барысында Аналар кеңесінің жұмысын ауыл-аймақтарда жандандыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.

Сондай-ақ, өзге де маңызды әлеуметтік мәселелердің алдын алып, оларды шешу жолдарын қарастырды. Отырыстың көздегені де сол болатын.

Сонымен қатар, Талас ауданы полиция бөлімінің жедел тергеу криминалист орынбасары, полиция майоры Қадыржан Махамбетов аудандағы жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық мәселесі туралы баяндады.

«ДОСТЫҚ КЕРУЕНІ» ЖОБАСЫ ТАЛАС АУДАНЫНА ЖЕТТІ

Достықты ту еткен керуен көші текті Таласқа табан тіреді.

Аудандағы Ұлбике ақын атын еншілеген мәдениет үйінде керуен тобын аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Абдибекова бастаған аудандық ҚХА Ақсақалдар мен Аналар кеңесінің өкілдері, этномәдени бірлестік мүшелері ілтипат көрсетіп, қарсы алды.

Қонақтарға аудандық «Татар» этномәдени орталығының төрайымы Флюра Мальхина аудандағы этнос өкілдерінің тыныс-тіршілігінен хабар беріп, этностардың ұлттық тағамдары мен шығармашыл жастардың жұмыстары қойылған көрме жұмысымен таныстырды.

ӨҢІРЛІК «АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫ» ҚБ АУДАН ЖАСТАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының “Достық керуені” жобасы аясында өңірлік “Ассамблея жастары” ҚБ Сарысу ауданы жастарымен кездесті.

Жастар жиынында облыстық «Қоғамдық келісім»  КММ жетекші сарапшысы Рахат Ерханұлы аудан жастарына «Достық керуені» жобасы жайлы ақпарат беріп өтті. Одан кейін өңірлік «Ассамблея жастары» ҚБ төрайымы Хамида Турдыева этнос жастарына ұйымның негізгі атқаратын міндетін түсіндіріп, жастар бастамалары әркез қолдауға ие болатындығын жеткізді.

Сондай-ақ, аталмыш жастар ұйымының белсенділері Зарина Абибулла мен Шұғыла Жұмағали өскелең ұрпақты қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға атсалысуға шақырды.

Жиын соңында жастар ұйымдастырушыларға сауалдарын жолдап, пікір алмасты.

Кездесуден соң аудандағы жасөспірімдерге арнап Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясы «Балауса» циркінің әртісі, фокус өнерпазы Талап Таубековтің әзірлеген қойылымы ұсынылып, жастар тарапынан қошемет тапты.

САРЫСУ АУДАНЫНДАҒЫ ЭТНОС ЖАСТАРЫ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДАН САЙЫСҚА ТҮСТІ

«Достық керуені» жобасы шеңберінде Сарысу ауданында өткен іс-шаралар бағдарламасына сай аудандағы этнос жастары арасында ұлттық ойындар спартакиадасы ұйымдастырылды.

Аталған спорттық сайыс облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Жарыс бағдарламасы аясында арқан тарту, садақ ату, асық ойнау, ләңгі тебу, гір тасын көтеру, қол күрес сынды ұлттық ойындарды дәріптеп, жеңімпазды анықтады.

ӨНЕРЛІГЕ ӨРІС КЕҢ

«Достық керуені» жобасы этностар арасындағы достықты дәріптеумен қатар, олардың мәдениет, спорт, әлеуметтік т.б. саладағы қырларын тануға кеңінен мүмкіндік береді. Дәстүрлі жоба аясында «Өнеріміз саған, Қазақстан!» атты облыстық фестиваліне іріктеу өтті.

Аудандық мәдениет үйінде өткен іріктеуге мектеп оқушылары және колледж білімгерлері және аудандағы этнос жастары қатысты.

Фестивалдің мақсаты – қазақ халқының өнері мен мәдениетін жан-жақты насихаттау, еліміздің көптүрлі мәдени ерекшеліктерін дамыту, орындаушылардың кәсіби шеберлігін арттыру.

Мәдени шарада «Барбанг» Күрді этномәдени орталығының жас өнерпазы Мальвина Маханбетова «Мереке» әнін орындаса, Елена Лесикова М. Жұмабаевтың «Балалық шақ» өлеңін мәнерлеп оқып, көптің ықыласына бөленді.

Іріктеуде үздік өнер көрсеткен жастар облыстық фестивальге жолдама алды

«Достық керуені» жобасы Сарысу ауданында

 

Облыстағы этностар бірлігін дәріптеп, ынтымағын нығайтуға бағытталған «Достық керуені» жобасы Сарысу ауданына келді. Жамбыл облысының 85 жылдығына орай өтіп жатқан жоба аясындағы аудандық мәдениет үйінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Керуен тобын аудан әкімінің орынбасары Ерлан Дайрабаев, аудандық ардагерлер кеңесі, этномәдени бірлестік өкілдері үйінде бар сән-салтанатымен қарсы алды.

Айта кетейік, керуен құрамында облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Дәурен Тайлеев, мекеме қызметкерлері, облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілхан, төраға орынбасары Абдырахман Зайнутдинов, облыстық Тәжік этномәдени орталығының төрағасы Махкам Орифов және өңірлік «Ассамблея жастары» РҚБ мүшелері бар. Бүгінде ауданда 8 этнос өкілдері қоныстанған. Шара аясында түрлі этностардың ұлттық тағамы ұсынылып, қазақтың бал қымызы қонақтарға бұйырды. Одан кейін, бағдарламаға сай әуелі «Бірлік – әралуандылықта» тақырыбында жас суретшілер мен қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылды.

Аталған көрмеде аудандық «Аула» клубы, Жаңатас қалалық өнер мектебі, Балалар шығармашылық орталығы, Балалар жасөспірімдер орталығының 30-ға жуық шығармашыл шәкірттері қағаз бетіне этностар достығын бейнелеген суреттер салды.

Салынған суреттерден байқағанымыздай балалардың басым көпшілігі шаңырақ бейнесін өздерінің туындысына басты бейне етіп алған.

Өз кезегінде көрмені тамашалаушылар жас қылқалам иелерінің еңбегін қызықтап, жоғары бағаларын берді.

 

Page 1 of 5
1 2 3 5