МЕДЕТБЕК АҚСАҚАЛ – «БАТАГӨЙ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

Бата – халық қазынасы. «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деп дана қазақ тегін айтпаған. Бата беру дәстүрі арқылы ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеуде қазыналы қариялардың алар орны ерек.

Өскелең ұрпаққа игі дәстүрді дәріптеуді мақсат еткен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесі Алматы облысында республикалық «Батагөй» байқауын ұйымдастырды.

Аталған сайысқа Жамбыл облысынан өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Медетбек Сейітқазы қатысып, барлық кезең бойынша жоғары нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанды.

Айта кетейік, ұлттық салт-дәстүр мен батаның тәрбиелік мәнін насихаттауда қатысушылар  «Баталы елге бақ қонар!», «Бата алғанның – бағы артар», «Ата сөзі – бата сөзі» деп аталған үш кезең бойынша бақ сынады

ОҚУ ҚОРЫН ТОЛЫҚТЫРДЫ

«Қазақстан Республикасының «Барбанг» күрділер қауымдастығының Жамбыл облыстық филиалы» ҚБ төрағасы Сартиф Алиев Талас ауданы Қасқабұлақ ауылының мектебіне барып, күрд тілін үйретуге бағытталған әдістемелік оқу құралдар мен оқулықтарды табыстады.

Жергілікті мектепті оқу материалымен қамтамасыз етуді мақсат еткен шара Қазақстан халқы тілдері күніне орайластырылып, Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» республикалық қауымдастығының төрағасы Әзиз Әлиевтің тапсырмасы бойынша өткізілді.

Нәтижесінде, мектептің кітап қоры академик Князь Мирзоевтың авторлығымен күрд тілінің “ABC Alfabe” әліпбиі және «Zimanê Kurdî» оқулықтары, «Nübar» әдеби-көркем журналдары, сондай-ақ Бақытжан Жұмағұловтың академик Надир Кәрімұлы туралы жазған қосымша оқу әдебиеттерімен толықтырылды.

Айта кетейік, аталған оқу материалдары әртүрлі мектеп жасындағы балалардың деңгейіне арналған. Сондай-ақ, оқушылардың сабаққа дайындалу, жаңа білім алуы, әсіресе ана тіл мен мемлекеттік тілдерді үйренуіне пайдалы болмақ.

Аталған ауылға сапары барысында аймақтық бірлестік жетекшісі Сартиф Әлиев мектепті аралап, күрд тілінің мұғалімі Руслан Даурешовпен кездесті.

 

ҚХА ШЕБЕРЛЕРІ ШЕТЕЛДІКТЕРДІ ТАҢДАЙ ҚАҚТЫРДЫ

Баршамызға белгілі тұлпарлар тұяғының дүбірі қалған Ұлы Даламызда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтуде. Аталған байрақты бәсекенің «Көшпенділер Әлемі» атты этноауылдағы «Шеберлер ауылы» көрмесіне ҚХА жанынан құралған қолөнер шеберлері қатысуда.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген екі жүзден астам қолөнерші өздерінің бірегей бұйымдарын таныстырып, шеберлік құпиялары және тәжірибелерімен бөлісуде.

Көшпенділер ойындарына келген әрбір қонақ қазақ халқының бай әлеміне еніп, көшпенді халықтардың өзіндік мәдениетімен танысып жатыр. Бұл оқиға – өткенді шолып, оның ырғағын сезіну және мәдени мұрамен қауышудың ұмытылмас сәттерін сезінуге бірегей мүмкіндік.

Қолы алтын облыстық ҚХА қолөнер шеберлері өздерінің бұйымдарымен шетелдіктердің таңдайын қақтыруда. Олардың айтуына қарасақ жүннен жасалған әртүрлі бұйымдардың сұранысы жоғары көрінеді.

Айта кету керек 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – әлемнің 89 елінен 2000-нан астам қатысушылар келген Қазақстандағы жылдың ең маңызды оқиғасы.

ТАЛАС АУДАНЫНДА АЙМАҚТЫҚ КОУЧИНГ ӨТТІ

Ағымдағы жылдың 12 қыркүйегінде Талас ауданында облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімі «Мемлекеттік саясаттың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы қазіргі жай-күйі: өңірлік даму ерекшеліктері» тақырыбында аймақтық коучинг өткізді.
Семинар-тренингке мемлекеттік қызметкерлер, жергілікті тұрғындар, жастар және этномәдени бірлестік мүшелері қатысты.
Іс-шараға «Қоғамдық келісім» КММ ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімінің жетекші сарапшысы Рианна Жалпанова модераторлық етті.
Жиында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультеті, «Әлеуметтік психология» кафедрасының аға оқытушысы, психология магистрі Айгүл Абдрахманова және психолог, психология ғылымдарының магистрі Жұлдыз Сарыбаева «Қатынастар мен қақтығыстар» және «Қазақстандағы этносаралық қатынастар стандарттары» тақырыбында тренингтерін өткізді.
Шара соңында қатысушылар баяндамашыларды тыңдап, сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды.

ТАҒЫ БІР ОТБАСЫ ТУРАЛЫ

Жуырда «Жамбыл облыстық «Полонез» тілі мен мәдениеті орталығының өкілдері облыстық өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне барып, Отбасы күнін атап өтті.

Қатысушылар өздерінің қамқорлығындағы «отбасыларымен» әңгімелесуде балаларға дәстүрлі отбасылық құндылықтар, адамдарды біріктіретін игі әдет-дәстүрлерді дәріптеу, бір-біріне қамқорлық жасау және өзара сүйіспеншілікті сақтау қаншалықты маңызды екендігін сөз етті.

Кеш соңында аталған орталық тәрбиеленушілері «Полонез» орталығынан арнайы сыйлықтар алды.

ҮЛГІЛІ ШАҢЫРАҚ ИЕЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Бақытты әрі берік шаңырақ – берекелі қоғамның және мемлекеттің мызғымас тірегі. Олар қашанда өзгеге үлгі болмақ.

Халықаралық отбасы күні мерекесі қарсаңында ҚХА-ның ұйымдастыруымен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының «Адал азамат тәрбиелеген отбасы» бағыты аясында 50 жыл отасқан «Алтын шаңырақ» және 25 жыл отасқан «Күміс кереге» номинациялары бойынша өңірдегі үлгілі отбасылар марапат төрінен табылды.

Достық үйінде өткен мерекелік шарада облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев және республикалық Дүнгендер этномәдени бірлестігі Аналар кеңесінің төрағасы Сара Даузова арнайы номинация бойынша облыстағы отбасы құндылығын сақтап, нығайтуға үлес қосқан отбасыларды марапаттап, ізгі тілектерін білдірді.

Талай жылғы татулығы кейінгі ұрпаққа өнеге болған 53 жыл отасқан Алдаберді Мақашев пен Әсия Исмаилова «Алтын шаңырақ» номинация иелері атанса, 38 жыл отасқан жуалылық Сейфатдин Алекпаров пен Лалазар Алекпаровалар отбасы «Күміс кереге» номинациясын иеленді. Ал Сарысу ауданынан келген Жансерік Базаров пен Жеңісай Искаковалар отбасы және Т.Рысқұлов ауданының өнегелі шаңырақ иелері Жандос Болатбеков пен Гүлжан Күлегешовалар «Үлгілі отбасы» номинациясы бойынша марапатталды.

Халықаралық отбасы күні мерекесіне орай, облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі «Менің отбасымның дәстүрлері» онлайн байқауын ұйымдастырды.

Ағымдағы жылдың 11 қыркүйегінде байқау қорытындысы жарияланып, марапаттау рәсімі өтті.

Аталмыш дәстүрлі байқауға қатысуға биыл 8 отбасы ниет білдірді. Отбасы құндылығын насихаттап, дәстүрді дәріптеген сайыста қатысушылар жан-жақты өнерлерін ортаға салып, бейнероликтерін мекеменің әлеуметтік желідегі парақшаларына орналастырды.

Байқау үміткерлерінің жұмыстары көп лүпіл пен пікір жинау арқылы сарапқа салынды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова марапаттап, өнегелі отбасы – қоғам байлығы екендігін алға тартты.

Сайыс нәтижесіне сай, тараздық Исатаевтар жеңімпаз атанды. Ал шаңырақтағы береке мен бірліктің жарқын үлгісін көрсеткен Камбаровтар әулеті жүлделі екінші орынға ие болса, Металимовтар мен Таукеновтар отбасына үшінші орын бұйырды.

Байқауға қатысқан Таласбаевтар, Кучалиевтер, Искендировтар, Амоевтер отбасы Арнайы алғыс хаттармен марапатталып, барлық қатысушылар сый-сияпаттарға ие болды. Мерекелік шара соңында көрермендерге өңірлік этномәдени бірлестіктердің концерттік бағдарламасы ұсынылды.

 

ЖАСТАРҒА АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында елімізде атом электр станциясын салу бойынша 6 қазан күні жалпыұлттық референдум өтетіндігін мәлімдеген болатын.

Бүгінде елімізде маңызы зор және ел болашағына әсері мол түйткілді мәселенің жай-жапсарын түсіндіруде кең ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Достық үйінде Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы Жастар ресурстық орталығы өңірлік «Ассамблея жастары» республикалық ҚБ өкілдерімен кездесті.

Жиында «Ассамблея жастары» Республикалық қоғамдық бірлестігі Төрағасының орынбасары, өңірлік «Ассамблея жастары» РҚБ төрайымы Хамида Турдыева және облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы Медеу Мырзатай қоғамның қозғаушы күші жастарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сұрақтарына жауап берді.

«КӨШПЕНДІЛЕР» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Бүгін Достық үйінде Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ мен мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы» бірлесіп “Қазақстан халқы тілдері күніне”  орай «Көшпенділер» фестивалін  ұйымдастырды.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту мақсатында өткен іс-шараға этномәдени бірлестіктердің  басшылары мен өкілдері қатысты.

Мерекелік іс-шара барысында «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірлік филиалы өкілдері Татар этносының тарихы мен ұлттық биін биледі.  «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері қазақ халқының «Сырға салу» рәсімін көрсетсе, республикалық Дүнген этномәдени бірлестігінің өкілдері «Келін түсіру»  дәстүрін көрсетіп, ұлттық тағамдарын тарту етті.  Облыстың Немістер қоғамы және «Радонеж» Орыстар қауымдастығының өкілдері тарихи кітаптар, түрлі құндылықтарымен  таныстырып,  дәстүрлі әндерін орындады.

Бұдан өзге  «Тілдерді оқыту орталығының»  мемлекеттік тілді оқыту курсына қатысушылары қазақ халқының көрнекті ақындарының тіл тақырыбына арналған өлеңдерін оқыды.

Жиын соңында  этномәдени бірлестік өкілдері мен  курс қатысушыларына Жамбыл облыстық тілдерді дамыту басқармасының Алғыс хаттары және сыйлықтары табысталды.

ЖАСТАРҒА ЖОЛДАУ АЯСЫНДА АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

«Қазақстан Республикасының «Барбанг» күрділер қауымдастығының Жамбыл облыстық филиалы» ҚБ төрағасы Сартиф Алиев бірлестіктің Жастар қанатымен  кездесіп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндірді.

Маңызы мол жиында бірлестік жетекшісі Жолдауда көрсетілген эономикалық дамудың 9 бағыты бойынша мақсат-міндеттерін атап өтіп, халықты алаңдатып отырған интернеттегі алаяқтық, жол апаттары, әскердегі тәртіп, наркобизнеске қарсы күрес секілді түйткілді мәселелердің алдын алу қажеттігін жастарға жеткізді.

–Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауын жыл сайын асыға күтетініміз рас. Жолдау барша қазақстандықтар үшін маңызды деп есептеймін. Себебі, еліміздің дамуына арналған бағдарламалар қабылданып, оның жүзеге асырылуының жолдары нақты айтылады. Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылғы Жолдауында Жаңа Қазақстанды құруда жастардың атқаратын маңызы зор екендігін баса айтты, – дейді бірлестік жетекшісі Сартиф Алиев.

Салмағы басым саяси құжаттың басым бағыттарын жастарға жеткізген  бірлестік басшысы Президент белгілеген міндетті жүзеге асыруда жастардың қолдауы маңызды екенін тілге тиек етіп, бірлесе атқаратын істің нәтижесін көрсетуге шақырды.

Өз кезегінде жастар да басым бағыттар жастарға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.✅

ДОСТЫҚ ҮЙІНДЕ «ЕЛТАНУ» (ҚАЗАҚТАНУ) ЖОБАСЫ АЯСЫНДА «АЛТЫН ШАҢЫРАҚ» АЛАҢШАСЫ АШЫЛДЫ

Қазақ халқының  салт-дәстүрін,   ұлттық құндылықтарын  өзге этностарға дәріптеуге бағытталған  Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елтану» (Қазақтану) мәдени-ағартушылық  жобасының ауқымы жыл артып кеңеюде.

2018 жылы ҚХА-ның XXVI сессиясында қабылданған жоба қазіргі таңда қоғамнан қызу қолдау тапты.

Баянды бастама аясында бүгін Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің Көрме залында мекеме басшысы Мубарак Қасымқызының ұйытқы болуымен құнды жәдігерлердің бірі алты қанатты киіз үй – «Алтын шаңырақ» алаңшасы ашылды.

Салтанатты шараға өңірлік ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестік жетекшілері, Аналар, Ақсақалдар кеңесі,  қалалық білім бөліміне қарасты №17 бөбекжай-балабақшасының бүлдіршіндері мен  тәрбиешілері,  №18 Еркеназ бөбекжай-балабақшасының тәрбиешілері және мекеме ұжымы қатысты.

Тарихи құндылықтарды айшықтаған алаңшаның ашылу салтанатында «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Дәурен Тайлеев және өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Исмайл Хаджимуратов  сөз алып, ұлттық болмысымызды танытатын мұндай бастаманың берері мол екендігін алға тартты.

– «Алтын шаңырақ» алаңшасының пайдалануға берілгені – жаһандану заманында рухты жаңғырту арқылы, заманауи үрдістерге жұтылып кетпей, ұлттық, рухани артықшылықтарымызды сақтап қалуға арналған әрекеттің  жарқын көрінісі.  Өткенімізге үңіліп, жоғымызды түгендеп, ұлттық рухты дүр сілкінтуге бағытталған бұл шаралардың қайсысы болмасын еліміз үшін қымбат, – дей келе  ақсақал Исмайл Хаджимуратұлы көпшілікке ақ батасын берді.

Сондай-ақ, шарада «Ассамблея бөбектері» жобасының белсенділері, қалалық  №17 бөбекжай-балабақшасының  тәрбиеленушілері Отан, Тіл тақырыптарында  тақпақтарын айтып, өнерлерін ортаға салды.

Бауырмалдық байланыстырған көптеген этностардың өзара араласып, қазақи құндылықтарды тануда алаңшаның атқаратын рөлі зор. Іс-шарада «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы филиалы төрағасы  Фарида Нақыш   еңселі ел болуға ұмтылған мемлекетіміздің алтын шаңырағы биік болсын деген ақжарма тілегін жеткізіп, тәттіден шашуын шашты.

Иә, алаңша – қазақ руханиятынан хабар беретін «Елтану» (Қазақтану) жобасының жемісі. Алдағы уақытта Достық үйіне келетін қонақтар осынау алты қанатты киіз үйдің жарты моделі арқылы қазақ халқының болмысын танып, тұрмыс тіршілігін, салт-дәстүрлерін, әдеп-ғұрпын ұғынып,  ұлттық ойындары мен театрлық қойылымдарын көре алады.

–Елтану деген сөз – оның бірлігін, елдігін, мәдениетін, әдебиетін, тарихын, дәстүрін тану дегенді білдіреді. Ендеше, алдағы уақытта өңіріміздегі этнос өкілдерінің қазақтың қайнар көзін танып, руханиятымен сусындауына жұмыс жасау жоспарланып отыр. Бұл жоба арқылы ашылған алаңша да халқымызды біріктіріп, мемлекет  тұрақтылығын нығайта түсетініне сенім мол, – дейді «Алтын шаңырақ» алаңшасының  жетекшісі, Көрме залының меңгерушісі Жазира Шілдебаева.

Шара соңында өнер көрсеткен бүлдіршіндерге Қазақстан халқы  ертегілері топтамасы сыйға беріліп, «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкері Қалижан Саркеев әуезді әнімен көпшіліктің құлақ құрышын қандырды.

Page 2 of 2
1 2