ДАЛАМЫЗДЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА!

Шілде айының алғашқы жексенбісі ұлттық домбыра күні. Руханиятымызға серпін берген мереке қарсаңында облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінде аймақтағы этномәдени бірлестік өкілдері арасында  байқау ұйымдастырылды.

«Дархан даланың тарихынан  сыр  шерткен  –  қасиетті домбыра» деп аталған домбыра сайысына 14 үміткер қатысып, ұлттық өнерді ұлықтады.

Қара домбыра шанағында күй  күмбірлеткен сайыскерлер  жұмысына «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының «Өрлеу» қазақ ұлт аспаптар бөлімінің меңгерушісі Ақерке Қырықбаева, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық  филармониясының қазақ ұлт аспаптар оркестрінің домбырашылары  Нұрберген Киргизбаев пен Нұрлатбек Азимбаев бағасын беріп, байқауға қазылық етті.

Мерекелік шара басында «Республикалық және облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігінің»  Аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузова бастаған облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің өкілдері ұлттық мерекенің құндылығын жеткізіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сөз алған кеңес мүшелеріне «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Дәурен Тайлеев мекеме атынан  киелі аспап – ұлттық домбыраны табыстады.

Айта кетейік, кеңес мүшелері облыстық перинеталдық орталықтағы домбыра күні дүние есігін ашқан сәбилердің аналарына бірқатар домбыраны сыйлайтын болады.

Екі кезең бойынша сынға түскен жас домбырашылар алғашқы айналымда абыз күйші Әбдімомын Желдібаевтың кеңінен танымал «Ерке сылқым» күйін орындаса,  екінші кезеңде өздері таңдаған  шығарманы домбыра шанағында сарнатты.

Мәдени құндылықты дәріптеген байқауда Жамбыл ауданының үмітін арқалап келген Сәбит Рамазанның бағы жанып, І орынға ие болды.  Ал облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігінің үміті Байрам Курбанов пен «Әулие Ата» Қазақ  мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Ұлан Батырбеков жүлделі ІІ орынға лайық деп табылды.

Сондай-ақ, «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының жас қатысушысы Нұрбұлан Бейсеналы мен «Қарашай және балқар-Бірлік» респбликалық қоғамдық бірлестігінің Архыз  Жамбыл филиалының  үміткері Рахман Адельге  ІІІ орын бұйырды. Талабы мен шеберлігі ұштасқан өзге де қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Байқау соңында барлық қатысушылар  «Ерке сылқым» күйін бірге орындап, көпшілікті тәнті етті.

Page 4 of 4
1 2 3 4