«БІР ШАҢЫРАҚ АСТЫНДА» ОБЛЫСТЫҚ БАҚ БАЙҚАУЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Бүгінде киелі Әулиеата топырағы 87 этнос өкілдерін береке мен бірлікке бекемдеген қасиетті өлке. Осынау өңірде түрі басқа болса да, тілегі бір этнос өкілдерінің татулығы тұрғысында қалам сермеп, аймақтағы этносаралық тұрақтылықты насихаттауда БАҚ өкілдерінің еңбегі айрықша.

Осыған орай, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы 28 маусым -«Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні» мерекесіне орай БАҚ өкілдері арасында «Бір шаңырақ астында» байқауын дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді. Бірлік пен тұрақтылықты нығайтуды көздеген биылғы байқаудың қатысушылары бүгін Достық үйінде марапатталды.

Аймақтағы саяси тұрақтылықтың орнықты болуын насихаттаудан еш танбаған қалам иелеріне облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева мерекелік лебізін білдірді. Айта кетейік, биылғы байқауға 30 журналистен өтінім түскен болатын. Баспаөз, телеарна, телерадио, ақпараттық сайт салалары бойынша сынға түскен журналистердің шығармасына облыстық «Арай» газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбек, «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева және облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі Есет Досалы әділ бағасын берді.

Қазылар құрамының шешімімен облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі Марат Құлибаев пен «Хабар 24» телеарнасының меншікті тілшісі Мерей Бает І орынға ие болды. Сайыстың ІІ орыны облыстық «Арай» газетінің тілшісі Ақтоты Жаңабай мен «Jambyl» телеарнасының редакторы Гүлзат Сапароваға бұйырды.

Сондай-ақ, Мойынқұм аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің тілшісі Алуа Үмбетқұлова, «Арай» газетінің тілшісі Эльмира Байназарова, «Qazaqstan» ұлттық арнасының меншікті тілшісі Данияр Әлімқұл, қалалық «Jambyl-Taraz» газеті бас редакторының орынбасары Мұратхан Әлімхан, Қордай аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің тілшісі Сәуле Сұлтанбек, «Jambyl» телеарнасының редакторы Аягөз Құлманбет, «Jambyl» радиосының редакторы Гүлмира Садықова, «Знамя труда» газетінің фототілшісі Юрий Ким ІІІ орынға ие болды. Этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесі үшін «Знамя труда» газетінің тілшісі Дионисий Пляшешникке «Қоғамдық келісім» мекемесінің арнайы жүлдесі табысталды.

Ал байқауға қатысқан өзге де журналистер арнайы Алғыс хатпен марапатталып, сый-сияпатқа ие болды.

Сонымен қатар, атаулы күн қарсаңында мекеме басшысы Мубарак Қасымқызы «Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімінің бас сарапшысы Бибігүл Шахзаданы және жетекші-сарапшылары Назерке Оңғар, Толғанай Атабай, Ольга Макарова, Элизат Қонысбайды да марапаттап, төл мерекелерімен құттықтады.

 

 

ТАРАЗДА «НАШАҚОРЛЫҚСЫЗ БОЛАШАҚ» АТТЫ ЖАСТАР АКЦИЯСЫ ӨТТІ

26 маусым – халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні. Атаулы күнге орай қаладағы Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта «Нашакқорлықсыз болашақ» тақырыбында жастар акциясы өтті.

Шараға аймақтық ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен өңірлік «Ассамблея жастары» РҚБ мүшелері қатысты.

Жасөспірімдердің денсаулығын сақтауға бағытталған акция сонымен қатар зиянды әдеттен аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға үндеді.

МЕДИАЦИЯ – ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ

Этносаралық шиеленісті болдырмауда медиация қызметінің маңызы мол. Осы орайда, бүгін «ҚХА медиациясы. Қазіргі мақсат-міндеттері. Этномедиация орталығын ашу» тақырыбында зум платформасында онлайн отырыс өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыруға бағытталған жиында ҚР Президент аппараты Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының өкілі Инара Раһимзаде және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Нариман Абдрахманов еліміздегі медиация институтының маңыздылығы туралы мәлімдеді.

Сондай-ақ, этномедиация орталықтарының жұмысы, ҚХА медиаторларының пулын қалыптастыру секілді өзге де тақырыптар қамтылды.

Онлайн өткен шараға облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің «Медиация» кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиева және заңгер Дина Амиреева қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.

АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫ АСТАНАДА БАС ҚОСТЫ

Күні кеше Астана қаласында ҚР Президентінің ішкі саясат және коммуникация бойынша көмекішісі Руслан Желдібай «Ассамблея жастары» ұйымы төралқасының мүшелерімен кездесті.

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінен келген «Ассамблея жастары» басшылығы мен белсенділері қатысты.

Кездесуде қатысушалр ҚХА-ның XXXIII сессиясында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша идеялар мен тәсілдерді талқылап, ортаға салды.

Сондай-ақ, Президенттің көмекшісі Ассамблея жастарын Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы белгілеген құндылықтарды ілгерілету үшін креативті тәсілдер мен құралдарды белсенді пайдалануға шақырды.

Берері мол басқосуда жастар атынан сөз алған «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев, Қазақстанның ұйғыр жастар одағының төрағасы Рустам Қайрыев Ассамблея жастарының жұмыстары туралы айтып, этносаралық келісім мен қоғам бірлігі саласындағы жаңа жобаларды таныстырды.

Айта кетейік, бас қаладағы басқосуға барған белсенділер қатарында «Ассамблея жастары» Республикалық қоғамдық бірлестігі Төрағасының орынбасары, өңірлік жастар ұйымының жетекшісі Хамида Тұрдыева да бар.

ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты XXXIII-ші сессиясында сөйлеген сөзінде: «Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет», – деп айтты.

Осыған орай, 2024 жылдың 17 маусым күні аймақ басшысы, облыстық ҚХА төрағасы Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен «Бірлік пен даму: Өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиялық бағдарының басты негіздері» атты облыстық ҚХА-ның XXVII сессиясы өтті.

Менің ойым – ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет.

Қазақстан құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде қалыптасу жолында нәтижелі қадамдарын жасауда. Сол үшін де Ата Заңымыз – Конституцияға өзгерістер енгізілді. Конституциялық Сот жұмысын бастады. Әрине, жақсы заңдар қабылдауға болады. Негізгі мәселе – оларды орындау. Елімізде «заң мен тәртіп» қағидаты орнығу қажет. Кейбір кезде демократияға байланысты Қазақстанды Америка Құрама Штаттарымен салыстырып жатады. АҚШ бүгінгі демократиялық жүйесіне ғасырлар бойы келді. Біздің егемендік алғанымызға биыл 33 жыл болады. Сондықтан да әр қазақстандық құқықтық және демократиялық мемлекеттің азаматына лайық. Ел Президенті айтқандай «отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр» болу керек. Осы қасиеттерді ең алдымен бүгінгі жастардың бойына сіңіру маңызды. Әділетті Қазақстанды құру үшін өзіміздің қоғамдық санамыз бен азаматтық ниетімізді өзгерту қажет.

Ұлттық идеологияның түп-тамыры – білімді қоғам арқылы Қазақстанға рухани серпіліс жасау керек. Білімпаздық пен жаңашылдық бірінші орында тұрған жөн. Ұлттық идеологияның даму жолында жалғандыққа жол беруге болмайды. Бүгінгі жастарымыз өсіп-өркендесін десек, оларды жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуге тәрбиелеу қажет.

Сонымен қатар, қазір әлем күн сайын өзгеруде: жаңа технологиялар, мамандықтар және салалар пайда болуда. Осындай жағдайда жастарымыз жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға дайын болу керек. Яғни рухани серпіліс жаңа сапалы білім алудан басталады.

Сананың өзгеруі ұлттық идеологияның дамуына тікелей байланысты. Бізге халқымыздың қуатын арттыратын, толағай табыстарға жетелейтін, жалпыұлттық құндылықтарын дамытатын идеология керек. Осы бағытта ҚХА өкілдері өз үлестерін қоса береді деген сенімдемін.

 

Махметғали Сарыбеков, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың төрағасы

 

ӨҢІРЛІК АССАМБЛЕЯНЫҢ ХХVIІ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

Бүгін облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен Достық үйінде «Бірлік пен даму: Өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиялық бағдарының басты негіздері» тақырыбында Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVIІ сессиясы өтті.

Аймақтық ассамблеяның алқалы жиынын облыстық ҚХА-ның қоғамдық орынбасары Ғұлам Умаров жүргізді. Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, облыc және қала басшылығы, өңірлік басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес төрағалары, құқық қорғау органдары, облыстық-қалалық ардагерлер кеңесі, өңірлік ҚХА құрылымдары мен этномәдени бірлестік мүшелері және Ассамблея жастары, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, дін өкілдері мен журналистер қатысты.

Мемлекеттік Әнұран орындалғаннан кейін сессия жұмысын бастаған аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы өңірдегі этносаралық бірліктің маңызын және оны нығайтудағы Ассамблеяның рөліне тоқталды.

–Ұлтқа бөлінбей ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсеткен ұйым Отандастарымызды бір мақсат, бір мүддеге ұйыстырып отыр. Тыныштығы мен тұрақтылығы бекем елдің бірлігі арта бермек. Аталмыш қоғамдық институтты құрудағы мақсат көп ұлтты еліміздегі халықтар арасындағы достықты нығайту болатын. Бүгінде оны барша қазақстандық құптап отыр. Оған тәуелсіз Қазақстанымыздағы бейбітшілік дәлел. Халықтар достығын одан әрі нығайту, сіздермен біздердің ортақ міндетіміз, – деді.

Сонымен қатар, күні бүгінге дейін облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары қызметін жоғары деңгейде атқарған Асқарбек Сейілханов пен Ғұлам Умаровты қайтадан 1 жылға аталмыш лауазымға тағайындады.

Сессия мәжілісінде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Харкиевич, Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының вице-президенті, облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың төрағасы Махметғали Сарыбеков, Т.Рысқұлов аудандық Орыс этномәдени орталығының жетекшісі Любовь Левицкая, «Қарашай-балқарлардың – Бірлік» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы Архыз филиалы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Таня Апаева және «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов бейбітшілік пен келісімді нығайту барысында облыс көлемінде жүзеге асып жатқан шаралар, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, өңірдегі саяси ахуал, медиация төңірегінде мазмұнды баяндама жасап, көпшілікті болашағы біртұтас ұлт қалыптастыру жолында аянбай еңбек етуге шақырды.

– Ассамблея елімізде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік идеясының жол бастаушысына айналды. Ұйым арқылы әрбір этностың мүддесі қорғалады. Ассамблея – біздің тәуелсіздігіміздің құндылықтарының бірі, ел бірлігінің қуатты бірлігі. Әрине, уақыт талабына сай, Ассамблеяның жұмыс форматының өзгеретініне күмән жоқ. Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет, – деді Махметғали Нұрғалиұлы.

Негізгі бөлімнен соң сессия шешімінің жобасы ұсынылып, қабылданды. Сессия соңында этносаралық келісімді нығайтуға қосқан үлесі және өңірдің қоғамдық өміріне белсене атсалысқаны үшін Сарысу аудандық «Возрождение» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Лилия Вайс, Талас аудандық Татар этномәдени орталығының мүшесі Флюра Малыхина облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталса, Қордай аудандық «Ахыска» Түрік этномәдени бірлестігінің төрайымы Камиля Дургалова, Жуалы аудандық «Славян» этномәдени орталығының мүшесі Ольга Цепкова, «Жамбыл облыстық «Корё» Кәрістер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Кан Анатолийге аймақ басшысының Алғыс хаты табысталды.

Шарада этнос жастарынан құрылған «Достық» театрының ұсынуымен Ш.Мұртазаның «Интернат наны» қойылымы көрсетіліп, «Бозторғай» үлгілі ән-би ансамблі «Қазақ» биін көпшілікке ұсынды.

Жиын өңірлік этномәдени бірлестіктер өнерпаздары Владимир Сорокин, Бахром Муминов, Диас Нүрпейісов, Мадина Бекмурзаева, Наталья Гиринаның орындауындағы «Мен сені сүйемін Қазақстан» әнімен түйінделді.

МУЗЕЙДЕГІ ҚОС КӨРМЕ

Бүгін облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының «Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде» белгілі журналист, облыстық «Шиват Цион» Еврей этномәдени бірлестігінің өкілі болған Михаил Бунин мен музыкант Людмила Киршнер құрметіне арналған қос көрменің салтанатты ашылуы өтті.

Ұлтаралық қарым-қатынасты, бірлік пен келісімді, мәдени мұраны нығайтуға бағытталған шараны «Центр забота- Хэсэд Полина» Республикалық Еврей Қайырымдылық қоғамдық бірлестігінің Тараз қалалық филиалы мен облыстық «Радонеж» Орыс қауымдастығы ұйымдастырды.

Игі шараға облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі, өңірлік этномәдени бірлестік өкілдері, әдеби клуб мүшелері мен көрме иелерінің туыстары қатысты.

Жиында «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мубарак Жинақбаева, Тараз қалалық Өзбек этномәдени орталығының төрағасы Абдурахман Зайнутдинов, облыстық «Радонеж» Орыстар қауымдастығының төрағасы Владимир Сорокин және аталмыш қауымдастықтың өкілі Полина Воротникова, Еврей Қайырымдылық қоғамдық бірлестігінің қалалық филиалының өкілі Наталья Перфильева естеліктерімен бөлісіп, көрменің игілікті істің жалғасы екенін атап өтті.

Сондай-ақ, «Радонеж» Орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жанынан құрылған «Калинка» вокалдық тобының әншісі Любовь Шахова жиналған жұртшылыққа әннен шашу шашты.

Айта кетейік, көрмеге ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтуға және мәдени мұраны сақтауға үлес қосқан қос жерлесіміздің өмірі мен қызметі туралы сыр шертетін жеке заттары, фотосуреттері, марапаттары мен құжаттары қойылған.

Шара соңында көрменің лентасы қиылып, қонақтар онда қойылған жәдігерлермен танысты.

ӘЙЕЛДЕР ТӘРБИЕСІ МЕН ДЕНСАУЛЫҒЫ, ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА

Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Ыдырысқызы Шанаи Жамбыл облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысына қатысты.

Отырыс барысында түрлі сала өкілдерінің қатысуымен әйелдер өкілдеріне медициналық қызмет көрсету, білім беру ұйымдары мен жастар ресурстық орталықтарының жұмысы сияқты өзекті аспектілер қарастырылды.

Сонымен қатар, аудиторияда әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бойынша маңызды мәселелер талқыланды.

ҚОРДАЙ АУДАНЫНДА АЙМАҚТЫҚ КОУЧИНГ ӨТТІ

Қордай ауданында облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімі «Мемлекеттік саясаттың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы қазіргі жай-күйі: өңірлік даму ерекшеліктері» тақырыбында аймақтық коучинг өткізді.

Жиынға мемлекеттік қызметкерлер, жергілікті тұрғындар, жастар және этномәдени бірлестік мүшелері қатысты.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Әлеуметтік психология» кафедрасының аға оқытушысы, психология ғылымдарының магистрі Айгүл Абдрахманова «Мен» концепциясының қарым-қатынастағы рөлі» және аталған оқу орнының «Мемлекеттік және әкімшілік құқық» кафедрасының аға оқытушысы Феруза Копбасаровой «Қазақстандағы ұлтаралық қатынастардың стандарттары» атты тренинг өткізді.

Екі күнге ұласқан сабақ барысында қатысушылар жаттықтырушыларды тыңдап, сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды.

ҚАРАШАЙ-БАЛҚАРЛАРДЫҢ ЭТНОС КҮНІ ӨТТІ

Бүгін Тараз қаласында «Қарашай және балқар-бірлік» РҚБ төрағасы Мустафир Бабаевтың басшылығымен және аталмыш бірлестіктің аймақтық филиалының ұйымдастыруымен «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігі – «Бірлік» қарашай-балқарлардың этнос күні өтті.

Шара ұлтаралық қарым-қатынасты, бірлік пен келісімді нығайтуға, мәдени мұраны сақтауға бағытталған. Айта кетейік, елімізге балқар этносының қоныс аударғанына биыл 80 жыл толса, қарашай этносының өкілдеріне 81 жыл.

Қазақстан – барлық этнос өкілдеріне кең құшағын жая білген қасиетті ел. Өңірлік «Бірлік» қарашай-балқарлар этномәдени бірлестігін бүгінгі этнос күндерімен құттықтай отырып, өткені мен болашағына зор құрметпен қарайтындығымызды білдіреміз. Қарашай-балқарлар қауымдастығына деген ықыласымыз шексіз. Ұйымның талапты, өнерлі жастарына өсіп-өркендеу тілейміз. Сондай-ақ, қаншама қайғы-қасірет пен қуғын-сүргінді басынан өткерген қарашайлардың жанына батқан қиындығын тереңінен түсініп, ыстық ықыласын көрсеткен қазақ халқына алғыс. Біздің ұрпақтарымыз қазақ топырағында өсіп-өніп, қазақ елі мен жеріне адал қызмет етіп келеді, – деді қарашай-балқарлар бірлестігінің басшысы Леля Ахмадқызы.

Сондай ақ, басқосуда бірлестіктің Ақсақалдар мен Аналар кеңесінің өкілдері сөз сөйледі. Мерекенің кішкентай қатысушыларына сыйлықтар табыс етілді.

Аталмыш күн жастар шығармашылық ұжымының есептік концерті форматында өтті.

Іс-шара барысында концерттік бағдарлама қойылып, жиналған жұрт жас өнерпаздардың талабы мен талантына тәнті боп кетті.

 

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі

Page 1 of 2
1 2